ERG құрамындағы «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-ның (ССКӨБ) Кен дайындау және байыту цехында ІҰК-1500/180 №8 ірі ұсатуға арналған конустық ұсатқышты күрделі жөндеу аяқталды. Агрегатқа жиырма жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет ауқымды жаңарту жүргізілді: іргетасы пен түсіру құдығы ауыстырылып, жетектер қайта жаңартылды, жабдықтың негізгі тораптары қалпына келтірілді.
Кенді дайындау ұсатудан басталады
ССКӨБ-те бастапқы кенді қайта өңдеу және тауарлық концентрат өндіру Кен дайындау және байыту цехында (КДБЦ) жүзеге асырылады. Карьерлерден ең үлкен кесек мөлшері 1200 мм-ге дейінгі кен теміржол көлігімен ірі ұсату корпусының қабылдау бункерлеріне түседі. Дайындаудың бірінші сатысында екі ІҰК-1500/180 конустық ұсатқышы орнатылған.
Ірі ұсатудан кейін кесектің мөлшері 400 мм-ге дейін кішірейіп, материал қайта өңдеудің келесі сатыларына жіберіледі. Сондықтан ұсату жабдығының тұрақты жұмысы бүкіл кейінгі технологиялық тізбек үшін маңызды.
– ІҰК-1500/180 – кен дайындаудың технологиялық тізбегіндегі алғашқы агрегаттардың бірі. Материалдың қайта өңдеудің кейінгі сатыларына уақтылы берілуі оның тұрақты жұмысына байланысты. Сондықтан күрделі жөндеу тозған тораптарды қалпына келтіру үшін ғана емес, жабдықтың сенімділігін арттыру және жоспардан тыс тоқтап қалу тәуекелін азайту үшін де қажет болды, – деп атап өтті ССКӨБ бас байытушысы Евгений Журилов.
№8 ұсатқышқа толық ауқымды жөндеу жиырма жылға жуық уақыт бұрын жүргізілген. Қазіргі жұмыстар барысында мамандар агрегатты толық бөлшектеп, іргетас бөлігін және түсіру құдығын ауыстырды, содан кейін жабдықты құрастырып, монтаждады.
Жетектерге ерекше назар аударылды. Жетек станцияларының тораптары жобалық осьтер мен белгілерге дәл сәйкестікпен орнатылды. Бұл жабдықтың дұрыс жұмыс істеуі және жетек жүйесінің сенімділігі үшін қажет.
Инженерлік шешімдер жұмыс кестесін сақтауға сеп
Ұсатқыштың технологиялық процесс үшін маңызын ескере отырып, жөндеуді барынша қысқа мерзімде орындау қажет болды. Жұмыстарды жеделдетуге мүмкіндік берген шешімдердің бірі іргетас бөлігін ауыстыру кезінде беріктігін жедел жинайтын бетон қоспасын қолдану.
– Стандартты жеті тәуліктің орнына бетон қажетті беріктікке үш тәулікте жетті. Бұл бірнеше күн ұтуға және кейінгі жұмыстардың қажетті қарқынын сақтауға мүмкіндік берді. Әр кезеңде жедел шешімдерді талап ететін инженерлік міндеттер туындады. Жөндеуге 100-ге жуық маман қатысты және команданың үйлесімді жұмысының арқасында біз барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтадық, – деді ССКӨБ техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі басшысы – бас механик Марат Жұмағұлов.
Жөндеу нәтижесінде темірбетон құрылымдардың шекті тозуы жойылып, негізгі тораптар жаңартылды және жетек жүйесінің элементтері бірыңғай шешімге келтірілді. Бұл ұсатқышты одан әрі пайдалану үшін қажетті сенімділік қорын қалыптастырады. Жөндеу аяқталғаннан кейін ІҰК-1500/180 №8 қайта іске қосылып, КДБЦ технологиялық тізбегінің құрамында кенді ұсатуды жалғастырды.
Техникалық қызмет көрсету және жөндеу мамандарының келесі ірі жобасы – ІҰК-1500/180 №6 екінші конустық ұсатқышын күрделі жөндеу.