16 Маусым 2026

ERG Жеткізушілерден сатып алуларға қатысты анонимді шағым қабылдайтын онлайн-платформаны іске қосты

ERG Коммерция орталығы жеткізушілерден сатып алу мәселелеріне қатысты шағымдарды қабылдайтын тәуелсіз цифрлық арнаны іске қосты. Жаңа платформа арқылы сатып алу үдерісіндегі ереже бұзу деректері туралы анонимді түрде хабарлап, кері байланыс алып, шағымды қарау кезеңдерін бақылауға болады.

Цифрлық сервис сатып алу рәсімдері барысында ереже бұзу немесе даулы жағдайларға тап болғаны туралы жария етпей хабарлағысы келетін жеткізушілерге арналған. Платформада шағымды анонимді түрде жолдап, сарапшылармен қауіпсіз байланыс орнатуға, сондай-ақ оны қарау барысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік бар.

Шағым жолдау үшін жеткізуші https://hotline.erg.kz  сайтына кіріп, тиісті санатты таңдап, туындаған мәселені сипаттаса жеткілікті. Өтінім жіберілгеннен кейін оған автоматты түрде жеке нөмір беріледі. Шағымданушыға өтінімнің қаралу барысын бақылау мүмкіндігі ұсынылады.

Келіп түскен шағымдарды қарастырудың әр кезеңінде шағымданушы өтінім мәртебесімен танысып, оның қозғалысын қадағалай алады. Қажет болған жағдайда, қорғалған анонимді чат арқылы сарапшылармен байланысуға мүмкіндік бар. Шағым бойынша қорытынды жауап та осы платформада жарияланады.

– Сатып алу үдерісіндегі ашықтық пен айқындық компанияға деген сенімге әсер етеді. Платформаны іске қосу – әрбір серіктеске құпиялылықты сақтай отырып, өзіне қандай да бір теріс салдар тумайтынына сенімді түрде ереже бұзу деректері туралы хабарлау мүмкіндігін беру. Біз әр шағымның объективті түрде қаралатынына және онда көтерілген мәселелерге кәсіби баға берілетініне кепілдік береміз, – деді «ERG Коммерция орталығы» ЖШС Бас директоры Ербол Өмірхан.

Бұл платформаны құрудың мақсаты – өтінім жолдаудағы кедергілерді жою, жеткізушілермен коммуникацияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сатып алу саласындағы проблемаларды жүйелеп, оларды санаттарға бөлу. Осы арқылы ERG-дің сатып алу қызметінің ашықтығы мен айқындығын арттыру көзделіп отыр.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда