16 Қыркүйек 2025

ERG металлургиялық өндіріске жасанды интеллект енгізеді

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытында жасанды интеллектіні өндірістік үдерістерге енгізу бойынша ауқымды жоба басталды.

Пилоттық режимдегі бастама №64 кен термиялық пештің негізінде іске асырылып жатыр.

Бүгінде жобаның бірінші кезеңі аяқталды: соңғы үш айдың өндірістік деректері жиналып, Big Data талдауы жасалды. Сарапшылардың айтуынша, алынған мәліметтер негізінде ЖИ-дің ұсыныстық моделін құруға үлкен мүмкіндік бар. Болашақта бұл технологиялық үдерісті тұрақтандыруға, өнімділікті және энергия тиімділігін арттыруға, апаттардың алдын алуға әрі шығындарды азайтуға жол ашады.

– Бүгінгі таңда тау-кен металлургия кешенінде ЖИ енгізу – жай ғана тренд емес, бұл бәсекеге қабілеттілік пен өндірістік қауіпсіздіктің негізгі шарты. Әлемдік және қазақстандық үздік тәжірибелер пилоттық жобалардан тұрақты өндірістік нәтижеге қарай ойысып жатыр, – деді ERG Ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының (ҒЗИО) жобалық жетекшісі Руслан Ескендиров. – Біздің қағидамыз қарапайым: датчик → дерек → модель → өлшенетін KPI.

Жыл басында ERG құрамында ҒЗИО, BTS (ERG-дің ІТ еншілес компаниясы), «Қазхром» және металлургия департаментінің мамандарынан құралған бірлескен команда жасақталды. Осы уақыт ішінде олар қолданыстағы жүйелерден деректерді дайындап, талдап шықты. Жоба серіктес технологиялық компаниямен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. Ол бұған дейін шетелдегі ферроқорытпа өндірістерінде осындай құралдарды енгізген. Big Data талдауы көрсеткендей, қазіргі бар технологиялық деректер ЖИ-модульдер құруға жеткілікті.

Технологиялық процесті басқару үшін 10 түрлі ЖИ-модуль енгізу жоспарланып отыр. Мәселен, электродтардың сынуын болжайтын модульдің өзі жабдықтың босқа тұрып қалуын айтарлықтай азайтып, шығындарды төмендетеді.

Келесі қадам – №64 пештің жұмысын басқаруға және бақылауға арналған цифрлық модульдер әзірлеп, оларды қолданыстағы автоматтандырылған басқару жүйесіне біріктіру. Негізгі басымдық – алдын ала диагностика, интеллектуалды режимдерді оңтайландыру, «жұмсақ датчиктер» және операторға арналған ұсыныстар. Егер жоба оң нәтиже берсе, тәжірибе басқа пештерде де қолданылмақ.

 

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат  ресми телеграм-арнамызда