БАҚ өкілдері мен өңірдегі экологиялық қауымдастық көшбасшылары ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытын аралап қайтты. Оларға аймақтағы ең көне кәсіпорын қалай жаңғыртылып, экологиялық тұрғыда барынша қалдықсыз өндіріске айналып келе жатқаны көрсетілді.
Мұндай саяхат пен сапарлар біраздан бері тұрақты ұйымдастырылып, дәстүрге айналды деуге болады. Технологияларды жасыру жоқ. Тұрғындар цехтарды аралап, көкейдегі сауалдарын қойып, зауыттың экологиялық тұрғыда қалай өзгеріп келе жатқанын өз көзімен көре алады.
- Біздің зауыт – елдегі ең көне кәсіпорындардың бірі. Бірақ, біз өткенмен өмір сүрмей, үнемі оны жаңғыртып, жаңартуға талпынамыз. Қазір де жаңа технологияларды енгізіп, процестерді автоматтандырып, экология саласында ең озық қолжетімді технологияларды қолдануға тырысамыз. Бүгінде тек кәсіпорын жұмысын қамтамасыз ету аз. Өндірісті адамдар мен қоршаған ортаға қауіпсіз ету маңызды. Осындай эко-турлар қолға алынған, атқарылған жұмыстарды таныстырудың таптырмас мүмкіндігі,- деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.
Сапардың алғашқы нысаны – ең ертеден келе жатқан өндіріс ошақтары – бірінші және екінші балқыту цехы. Ол өткен ғасырда, өнеркәсіптің бастауында ашылған. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Компания 600 қызметкер еңбек ететін бұл құрылымды жауып тастамай, толық қайта құрған.
Олардың түгел жаңарғаны бірден көзге түседі. Бірінші балқыту цехындағы №11 және №12 пештер модернизацияланды. Жобаның жалпы бюджеті – 13,7 млрд. теңге. №13 пеш де қайта құрылымданады. Жұмысты 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Бұл цехтағы қалған 4 пеш кезең-кезеңімен жаңартылып, 2032 жылға дейін түгел жаңарады. Осы орайда, мұндағы жабдықтарының бірі бөлігі ғана ауыстырылмай, толық жаңадан, тіпті басқаша конфигурацияда салынатынын айта кеткен абзал. Олар бұрынғыдан аласа шатырмен жабылып, ондағы процестер герметикалық кеңістікте жүреді. Сәйкесінше, одан шығатын шаң мен газ мөлшері айтарлықтай төмендеп, жұмысты қызметкерлерге және қоршаған ортаға барынша қауіпсіз етеді.
- Мұндай өзгерістер біраз уақытта және қомақты қаражатты қажет етерін жете түсінеміз. Бәрін бірден атқарып тастау мүмкін емес. Өйткені басым бағыттарды барынша нық айқындай отырып, қомақты инвестиция құю керек, - деп атап айтты «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев. – Компания пештерде модернизациялаумен шектелмей, өзге де маңызды жобаларды тиянақты іске асырып жатыр. Мәселен, жаңа шахтаны іске қосты, жаңадан жел электр станциясын салды. Енді ферроқорытпа газын кәдеге жаратар электр станциясының құрылысын бастап жатырмыз. Біз инвестициялық бағдарламамызды экологиялық міндеттерді шеше отырып, өндірісті де қатар дамыта алатындай етіп түзуге талпынып келеміз. Осы тұста біздің ілгерілеуімізге сеп боларлық нақты ұсыныстар болса, әрдайым оны бірлесе талқылап, қабылдауға даярмыз.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты 2023 жылы 2 балқыту цехындағы газ тазарту жүйелерін толық жаңартып, өндірістің экологияға әсерін жақсартуға нық қадам жасады. ERG-дің Экологиялық стратегия аясында ескі жабдықтар – электрлі сүзгілердің орнына жаңа жеңдік сүзгілер орнатылған. Олар шаңды бұрынғыдан әлдеқайда тиімді қармап қалады. Жұмыс тиімділігі – 99%. 1 данасы 11700 м2 аумақты тазарта алады. Жалпы саны осындай 3 сүзгі орнатылған. Бұл жабдықтардың арқасында қоршаған ортаға жүктеме бірден 30% төмендеді. «Қазхром» бұл модернизацияға 13 миллиард теңге инвестиция құйды.
Өндірістен шығатын шаңды түгел қармап қалуға міндетті жаңа газтазарту жүйесінің жұмысы мұнымен шектелмейді. Қармалған шаң саз, басқа да табиғи материалдармен араластырылып, тығыз брикет – брэкске айналады. Сосын ол қайта өндіріске қайтарылып, өндірістен шыққан шаң жаңа өнім алуға қолданылады.
Өндірістің тағы бір қалдығы – қож. Бұрын ол тек қоймаға жеткізіліп, қордалана беретін. Қазір ол қайта өңделіп, құрамындағы бағалы металдар алынып, одан қалған қиыршық тас құрылыс жұмыстарына жаратылады. Өнім сертификатталған.
- Қазір зауыт аумағында сонау 1943 жылдан бері қолданылып келген жалғыз қож үйіндісі қалды, - деді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас экологы Светлана Мащенко. - Компания оны қайта өңдеп, жою қамында кең ауқымды бағдарлама қолға алған. Бұл – тек экологияға қамқорлық қана емес, бағалы ресурстарды тиімді пайдалану. Яғни оны өндірісте қайта пайдалана отырып біз қоршаған ортаға жүктемені төмендетеміз.
Жыл басында қож үйіндісінде шамамен 13,6 миллион тонна қож бар болатын. 2019 жылдан бері 1,5 миллион тонна қайта өңделген. Ал 2025 ждылдан бастап, жыл сайын 500 мың тонна қож қайта өңделеді. Қордаланып жатқан қожды қайта өңдегенде алдымен ондағы жетекші элемент аланып, өндіріске қайтарылады. Одан бөлек кәсіпорынның қажетіне жарайтын белит өндіріледі.
Осы орайда қолданыстағы қож үйіндісінің үстіңгі қабаты арнайы ерітіндімен өңделген. Ол мығым сыртқы жабынды ретінде үйіндіден шаңның ұшуына жол бермейтінін айта кеткен абзал. 2018 жылы бектілген жоспар бойынша қождарды қайта өңдеу толық аяқталған соң, қож үйіндісі толық жойылады.
Қоғам белсенділерін көгалдандыру мәселесі де қызықтырды. Зауыт қызметкерлері 2023-2025 жылдар аралығында 26 мың түп ағаш еккен. Тек кәсіпорын аумағы ғана емес қалада, Алтын орда ауданы, қатты қоқыс полигоны мен Қурайлы елдімекендерінде жасыл желек жайқалтты. Қалада егілген ағаштың 90% жерсініп, жапырақ жайды. Зауыттың санитарлы-қорғау аймағына 18 мың ағаш егілген. Мұндағы ахуал сәл күрделі болған соң, өскіннің тек 60% тамыр алып, өсіп кетті.
Эко-тур соңында меймандар №4 балқыту цехына барды. Ол – зауыттағы ең заманауи құрылым. Қоғам белсенділері мен журналистер ферроқорытпа өндірісінің бар қарқыны мен қуатын осында көрді. Алып кештер, автоматтандырылған процестер мен қуатты цехтағы тәртіп, тазалық жанарды жіпсіз байлайды.
Таяуда ферроқорытпа газын кәдеге жарататын электр станциясы да осы цехтың іргесіндегі учаскеге салынады. Ол осыған дейін текке жанып кететін ферроқорытпа газынан электр қуатын алып отырады. Мұндайда ауаға тарайтын көмірқышқыл газының мөлшері төмендеп, әдеттегі отын тұтыну мөлшері азаяды. Қазхром жобаға 79 миллиард теңге инвестиция құйып, электр станциясын 2027 жылы іске қосуды көздеп отыр.
ERG-дің 2030 жылға дейінгі Экологиялық стратегиясы тау-кен өңдеу, металлургия мен энергетика сынды компания қызметінің барлық бағытын түгел қамтиды. Экостратегия жобаларына 282 млрд.теңге инвестиция құю көзделген. 2025 жылы қатты бөлшек шығарындылары 17% төмендейді деп болжанған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ERG тек өткен жылы 1,7 түп ағаш егу ісін қаржыландырды. Биыл 3 млн егу жоспарланып отыр.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытын Сіз де аралап, өндірісті өз көзіңізбен көріп қайта аласыз. Бар болғаны электронды түрде алдын ала тіркеліп қойсаңыз болды. https://vtour.erg.kz/ Келіңіз, көріңіз!