29 Қазан 2026

1 жылда кемік майы донорларының тізіміне ERG-дің 251 қызметкері қосылды

2026 жылы Eurasian Resources Group-тің (ERG) 251 қызметкері гемопоэздік дің жасушалары донорларының Ұлттық тізіміне қосылды. «Өмір сыйлаушы еуразиялық» атты шараның күзгі кезеңіне Қазақстанның 6 қаласында 90 қызметкер қатысты. Бастама трансплантацияға мұқтаж науқастарға генетикалық тұрғыда сәйкес келетін потенциалды донорлар тізімін кеңейтуге бағытталған.

Күзгі «Донор күні» шарасы Астана, Ақтөбе, Павлодар, Ақсу, Рудный мен Хромтау қалаларында өтті. Естеріңізде болса, көктемде осындай шаралар нәтижесінде ERG-дің 161 қызметкері Ұлттық тізілімге қосылған болатын. Осылайша, Топ кәсіпорындары қызметкерлері арасынан донор болуды ұйғарып, тізімге қосылғандар саны 1 жыл ішінде 251-ге жетті.

«Өмір сыйлаушы еуразиялық» жобасы Асель Байсейтова атындағы қор және гемопоэздік дің жасушалары (ГДЖ) Ұлттық тізімімен бірлесіп іске асырылып жатыр. Басты мақсат – қызметкерлерге донорлық туралы мәлімет беріп, бұл туралы таралған алып-қашпа әңгімелерді тыю және жаңа потенциалды донорларды тізімге қосу.

Күзгі науқанда «Қазхром» ТҰК» АҚ кәсіпорындарынан қатысушылардың қарасы көп. Жалпы, «Хром» дивизионының 62 қызметкері тізімді толықтырды. ERG-дің Астанадағы корпоративтік кеңселерінен тағы 17 адам донор болуға ниеттілер тізімінен табылды. «ССКӨБ» АҚ, «Қазақстан алюминийі» мен «ЕЭК» АҚ, ERG Service қызметкерлері де бастаманы қызу қолдады.

– Бізге ERG қызметкерлерінің тек донорлық туралы ақпарат алумен шектелмей, өзге адамға қандай көмек көрсете алатындарын жетік білгені маңызды. Тізімге қосылған әрбір адам трансплантацияға мұқтаж науқастардың бір күні көмек аларына үміт шырағын жағады. Кейде бір ғана саналы қадам адамның өмірін ажалдан арашалап қалуы мүмкін, – деді «Еуразиялық Топ» ЖШС медициналық қамдау жөніндегі жетекшісі Айгүл Имашева.

Шараға қатысып, қан тапсырғандардың бірі – «Қазақстан алюминийі» АҚ ТҚжЖЖ сенімділік менеджері Юрий Журавлёв. Ол бұған дейін тек қан тапсырып келсе, енді гемопоэздік дің жасушалары (ГДЖ) донорларының Ұлттық тізіміне қосылмақ.

– Күндердің бір күнінде адамды аман алып қалуға септігім тиер деген үміттемін, – дейді Юрий Журавлёв. – Адамдардың көбі кемік сүйек жасушаларын тапсыруға қатысты ертеден келе жатқан қасаң түсініктерге сүйенеді. Қазір бұл тек қан тапсыру сияқты екенін көпшілік біле бермейтіні өкінішті.

Қазіргі таңда Қазақстанның гемопоэздік дің жасушалары (ГДЖ) донорларының Ұлттық тізімінде 15 мыңға жуық адам бар. Донор мен науқас арасындағы генетикалық сәйкестік тым сирек кездесетін болғандықтан, іздеушіге тура келетін адамды табу қиынның қиыны. Сондықтан трансплантацияға мұқтаж науқастарға Ұлттық тізімнің неғұрлым кең болуы ерекше маңызды. Себебі тізімдегі донорлар неғұрлым көп болса, науқасқа генетикалық тұрғыдан сәйкес келетін донор табу соғұрлым жеңілдейді.

– Қасымдағы әріптесім екеуіміздің донор атанғанымызға 5 жылдан асты, – дейді Ақсу қаласының құрметті доноры, волонтер, «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының әлеуметтік жобалар жөніндегі сарапшысы Полина Симакова. – Біз өзгелерге көмекті бір реттік шара емес, өмірдің ажырамас бөлшегі деп қабылдаймыз. Кейде сенің шешімің ештеңе өзгертпейтіндей көрінуі мүмкін. Алайда, жылдар бойы донор күткен науқасқа нақты сенің шешімің үміт шырағын сыйлауы мүмкін. Мұндай шараларды көптеп өткізу керек деп санаймыз. Ең құрығанда, гемопоэздік дің жасушалары (ГДЖ) донорлығы туралы ақпаратты біле жүріңіздер. Өзгенің шырағын сөндірмеуге септесу де ерекше маңызды.

Тізімге қосылу үшін оған тіркелуге келісім беріп, генетикалық сәйкестікті анықтау үшін қан үлгісін тапсыру қажет. Тізімге қосылғаныңыз бірден донор боласыз деген сөз емес. Тек белгілі бір науқаспен генетикалық сәйкестік анықталып, қажетті медициналық талаптар сақталған жағдайда ғана сіздің донор болуыңыз қажет болады.

«Өмір сыйлаушы еуразиялық» жобасы ERG қызметкерлерін саналы шешімнің арқасында өзге адамдарға да жәрдем беруге болады деген идея аясында топтастыруды жалғастыра береді.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда