07 Қазан 2026

Алғашқы бокситтен VR-ға дейін: КБКБ-да жаңа экспозициялық зал ашылды

ERG құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – Краснооктябрь бокситті кен басқармасында жаңа экспозициялық зал ашылды. Мұнда кәсіпорынның 76 жылдық тарихындағы өзгерістерді, технологиялар мен адамдардың дамуын көрсету мақсатында архивтік материалдар, өндірістік жәдігерлер және заманауи цифрлық шешімдер бір кеңістікке жинақталған.

КБКБ-ның жаңа экспозициялық залының ашылу салтанатында өндіріс ардагері Бақытжан Ерубаев пен ERG Skills халықаралық байқауының жүлдегері, жас маман Савелий Николаев қызыл лентаны қиды. Салтанатты рәсімде кәсіпорын қызметкерлерінің екі буыны бас қосты. Бірі – кәсіпорын тарихын қалыптастырған аға буын болса, екіншісі – бүгінгі күні сол тарихты жалғастырып келе жатқан жас мамандар.

Экспозицияның басты элементтерінің бірі – жарықтандырылған шыны еден. Оның астына КБКБ карьерлерінен өндірілетін нағыз боксит қойылған. Ол кәсіпорынның өндірістік жолы басталатын тау жынысын көзбен көруге мүмкіндік береді. Залда кен басқармасының қалыптасуы мен дамуы туралы сыр шертетін архивтік фотосуреттер мен материалдар, тау жыныстарының үлгілері, геологиялық және археологиялық олжалар, сондай-ақ әр жылдардағы өндірістік жәдігерлер қойылған.

КБКБ қызметкерлерінің тарихына да экспозициядан ерекше орын берілген. Мұнда 1960 жылдардағы кенші киімінің үлгісі мен 2026 жылғы заманауи арнайы киім қойылған. Олар арқылы ондаған жыл ішінде кен басқармасындағы технологиялар, өндіріс үдерістері мен еңбек жағдайларының қалай өзгергенін салыстырып көруге болады. «Өндіріс көшбасшылары» стендінде кәсіпорын басшылығының 76 жылдық тарихы ұсынылған. Мұнда әр жылдары КБКБ-сын басқарған және оның дамуына өзіндік үлес қосқан барлық басшылардың есімдері жинақталған. Бұл – кәсіпорынның басқару тарихының өзіндік шежіресі әрі ұрпақтар сабақтастығын бағамдауға мүмкіндік беретін тағы бір маңызды бөлім. Ал VR көзілдірігі келушілер үшін өндірісті ішінен көруге және өндірістік процестің бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік береді.

Тағы бір цифрлық шешім – қонақтарды залда сүйемелдеп, негізгі оқиғалар туралы әңгімелейтін Ержайна аудиогиді. Келуші қай бөлімдер және экспонаттармен толығырақ танысқысы келетінін өзі таңдай алады. Осылайша экспозициямен танысу әр адам үшін жеке маршрутқа айналады.

– Залға кірген кезде өзіңді шынымен кеніште жүргендей сезінесің. Мұнда КБКБ-ның тарихы экспонаттар мен архивтік материалдар арқылы ғана емес, заманауи технологиялардың көмегімен де көрсетілген. Олар өндірісті ішінен көруге, кеніштің атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Бұл жай ғана экспозиция емес, КБКБ-ның бүгінгі тыныс-тіршілігін түсінуге, оның қайдан бастау алғанын білуге және болашағының қандай болатынын бағамдауға мүмкіндік беретін ерекше орын, – деді залдың ашылу салтанатында «Қазақстан алюминийі» АҚ бас директоры Владимир Красноярский.

Краснооктябрь бокситті кен басқармасындағы жаңа экспозициялық зал кәсіпорын қызметкерлері мен қонақтары, ардагерлер мен жастар үшін тартымды орынға айналмақ.

Жаңа экспозициялық залының ашылуы қалай өткенін біздің бейнероликтен көріңіз. 

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда