30 Қыркүйек 2026

«Болашақ» шахтасында алғашқы миллион тонна кен өндірілді

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасы іске қосылғаннан бері алғашқы миллион тонна кен өндірді. Бұл межеге екі жылға толар-толмас уақытта қол жеткізілді. Салыстыру үшін: шамамен 40 жыл бұрын Дөң ТКБК-ның алғашқы шахтасы – «Молодежная» – алғашқы миллион тонна кенді төрт жылда өндірген. Ал Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахта бұл көрсеткішке бес жылда жетті.

«Болашақ» шахтасының құрылысы мен іске қосылуы – Еуразиялық Топтың ірі инвестициялық жобаларының бірі. Шахтаның жобалық қуаты – жылына 7,5 миллион тонна хром кені. Оның құрылысына және жобалық қуатына шығаруға ERG 1 трлн теңгеден астам инвестиция құйып отыр.

– Алғашқы миллион тонна – команда үшін маңызды өндірістік меже. Ендігі міндет – әрбір келесі миллион тоннаға тұрақты, қауіпсіз әрі тиімді жұмыспен қол жеткізу. Ол үшін кен өндіру технологиясын жетілдіріп, механикаландыру деңгейін арттырып, қызметкерлердің кәсіби құзыретін дамытып жатырмыз. Түптеп келгенде, бұған бір шахтаның нәтижесі ғана емес, Дөң тау-кен байыту комбинатынан ферроқорытпа зауыттарына дейінгі Қазхромның бүкіл өндірістік тізбегінің сенімділігі байланысты, – деді «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның бас директоры Ержан Абдулабеков.

Шахтаны игеру жұмыстары күрделі тау-кен техникалық жағдайында жүргізіліп жатыр. Іске қосылғаннан төрт ай өткен соң сутегінің бөлінуіне байланысты шахтадағы жұмысты уақытша тоқтатуға тура келді. Үш ай бойы шахта ұжымы Қазхром мамандарымен және іске жұмылдырылған ғылыми ұйымдармен бірлесіп, өндірісті қауіпсіз қайта бастауға мүмкіндік беретін шешімдерді әзірледі.

Шахта бұрынғы жұмыс қарқынын қалпына келтіріп қана қоймай, кен өндіру технологиясын одан әрі дамытты. Биылғы мамырдан бастап жаңа учаскелерде Sublevel Caving (SLC) – қосалқы қабаттарды опыру әдісі қолданылып, кен өздігінен жүретін техникамен өндіріліп жатыр. «Болашақ» шахтасын іске қосу кезеңінің өзінде автоматты бұрғылау режимі және жер бетінен қашықтан басқару мүмкіндігі бар интеллектуалды бұрғылау қондырғылары, сондай-ақ толық автоматтандырылған көтеру машинасы қарастырылған.  

– «Болашақ» шахтасы тау-кен өндірісінің болашағы қандай болатынын көрсетіп отыр: автоматтандыру, қашықтан басқару және интеллектуалды техниканың үлесі арта түседі. Бұл кен өндіру технологиясын ғана емес, шахтер мамандығының өзін де өзгертеді әрі Хромтауға жаңа мүмкіндіктер ашады. Дөң тау-кен байыту комбинатының дамуы қаланың ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін маңызды. Сондықтан «Болашақты» дамыта отырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және Хромтаудың одан әрі дамуына негіз қалап жатырмыз, – деді ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев.

– Алғашқы миллион тонна – ERG, Дөң тау-кен байыту комбинаты және ERG Capital Projects ұжымдарының үлкен еңбегінің нәтижесі. Мамандар күрделі жағдайда еңбек етіп, тау-кен қазбаларын қалпына келтірді, жаңа технологияларды игерді және күрделі өндірістік міндеттерді шешті. Осы нәтижеге үлес қосқан әр адамға алғыс білдіремін. Ендігі міндет – қол жеткізген қарқынды сақтау, – деді Дөң ТКБК директоры Бауыржан Утемисов.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда