22 Қыркүйек 2026

Қарағанды студенттері «Шұбаркөл көмірдегі» вахталық жұмыс жағдайымен танысты.

ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ-на Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттеріне арналған өндірістік экскурсия ұйымдастырылды. Болашақ мамандар кәсіпорынның өндірістік алаңын және вахталық кентін аралап, кеншілердің еңбек және тұрмыс жағдайымен танысты.

Шұбаркөлдік кеншілердің жұмыс орнын өз көзімен көру үшін студенттер кәсіпорынның брендтелген пойызымен жолға шықты. Теміржол станциясында оларды вахталық автобус қарсы алып, өндіріс орнына жеткізді. Эскурсияны тау-кен цехының бастығы Ильяс Ергалиев жүргізді.

Кәсіпорында студенттерге өндірістік алаң, ашық кен орны мен тау-кен техникасы таныстырылды. Әсіресе БелАЗ карьерлік самосвалдары қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар алып техникалардың кабинасына көтеріліп, рөлге отырып көріп, олардың құрылысымен жақынырақ танысты.

- Бұл сапарға дейін карьерде осындай ірі техникалар жұмыс істейтінін білетінмін, бірақ олардың соншалықты алып екенін елестетпеппін. Маркшейдер мамандығын таңдағаныма бірде-бір рет өкінген емеспін. Көпшілік өндірісте жұмыс істеу қыз балаға лайық емес деп ойлайды, ал маған бұл мамандық өте ұнайды. Мұнда кеңдік, таза ауа сезіледі, ал жұмыстың өзі өте қызықты. Маркшейдер - тау-кен жұмыстарын өлшеумен айналысатын, олардың дәлдігін бақылайтын, тау-кен қазбаларының жоспарларын әзірлейтін және кен өндірудің қауіпсіз жүргізілуін қамтамасыз ететін инженер, - деді Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Жанель Амантай.

Өндірістік нысандарды аралағаннан кейін студенттерге вахталық кент көрсетілді. Олар тұрғын бөлмелерді, спорт залын және медициналық пунктті аралады. Асханада қонақтар күнделікті мәзірдегі тағамдар мен жаңа піскен тоқаштардан дәм татып, вахта қызметкерлеріне дәмді әрі алуан түрлі тағам ұсынылатынына көз жеткізді.

Вахталық кентте бір мезгілде шамамен 1 500 адам тұрады. Вахталық ауысым 15 күнге созылатындықтан, жайлы тұрмыс жағдайы, құнарлы тамақтану және демалысқа жасалған мүмкіндіктер еңбек үдерісін ұйымдастырудың маңызды бөлігі саналады.

-  Маған кеншілердің жұмыс ауысымынан кейін бос уақыттарын қалай өткізетінін көру қызық болды. Спорт менің өмірімнің маңызды бөлігі болғандықтан, әсіресе спорт залы ерекше әсер қалдырды. Мұнда осындай заманауи жабдықтарды көремін деп ойламадым, кейбір жаттығу құрылғылары тіпті қаладағы спорт залдарында да кездесе бермейді. Егер университетті бітірген соң осында жұмысқа орналасу мүмкіндігі болса, қуана келісер едім. Енді вахталық өмірдің қалай өтетінін жақсы білемін, - деді төртінші курс студенті, болашақ геолог Александр Адкин.

Осындай экскурсиялар болашақ мамандарға заманауи өндіріс үдерісімен танысып, кәсіпорындағы нақты еңбек жағдайларын өз көзімен көруге мүмкіндік береді.

Кәсіпорын үшін кадрлық резервтің жас мамандармен тұрақты толығуы маңызды. Бүгінде «Шұбаркөл көмір» АҚ-да басшылық қызметтерде Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің түлектері еңбек етіп жүр. Соның бір мысалы — экскурсия барысында студенттерге жетекшілік еткен тау-кен цехының бастығы Ильяс Ергалиев. Соңғы екі жылдың өзінде кәсіпорынға аталған университеттің 100-ден астам түлегі жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, өндірістік практикадан өткен студенттерге, егер практика жетекшісі оң қорытынды берсе, тәжірибеден өткені үшін ақы төленеді.

Алғашқы экскурсияның қорытындысы бойынша «Шұбаркөл көмір» АҚ мұндай сапарларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Келесі студенттер тобын кәсіпорын қысқы демалыс кезінде қабылдамақ.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнасында