02 Қыркүйек 2026

Құрал көрсеткіштерінен нақты уақыттағы деректерге дейін: BTS Рудный электр станциясын цифрландыруда

ERG энергетикалық дивизионының құрамындағы «ССКӨБ» АҚ электр станциясында технологиялық көрсеткіштеріне автоматты мониторинг жүйесі іске қосылды. Business & Technology Services (BTS, ERG-дің IT-компаниясы) Өндірістік жүйелерді дамыту бөлімі әзірлеген шешім жабдықтардан түсетін деректерді бірыңғай цифрлық контурға біріктіріп, мамандарға электр станциясының негізгі жұмыс параметрлерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берген. Болашақта жүйе шамамен 800 технологиялық көрсеткішті біріктіріп, ERG нысандарында одан әрі талдау мен автоматтандыруды дамытуға негіз болады.

«ССКӨБ» АҚ электр станциясы – стратегиялық маңызы бар нысан. Оның тұрақты жұмысына электр энергиясын өндірумен қатар, қаланы жылумен қамтамасыз ету де тікелей байланысты. Сондықтан жабдықтар мен технологиялық процестердің нақты жағдайын үздіксіз бақылау аса маңызды.

Жобаның құндылығы оператордың енді бір экраннан көбірек көрсеткішті көре алуымен ғана шектелмейді. Бұл – өндірістік процестерді талдауға, цифрлық модельдер мен интеллектуалды басқару құралдарын енгізуге мүмкіндік беретін қажетті IT-инфрақұрылымды қалыптастыру.

Алдымен – деректер, кейін цифрландыру

Өнеркәсіп кәсіпорындарындағы цифрлық трансформация жасанды интеллект немесе цифрлық егіздерден басталмайды. Оның негізі – жабдықтан тікелей алынатын сенімді деректер.

Бұған дейін электр станциясындағы технологиялық көрсеткіштер жергілікті өлшеу құралдарында тіркелетін. Мамандар көрсеткіштерді көзбен қарап жазатын немесе флэш-жинақтауышпен тасымалдайтын, кейін ақпарат әрі қарай берілетін. Бұл тәсіл деректерді сақтауға мүмкіндік бергенімен, электр станциясында нақты уақытта болып жатқан жағдайды толық көруге мүмкіндік бермеді.

– Басты міндет – қолданыстағы өлшемдердің барлығын бір жүйеге жинақтап, мамандарға жағдайды ыңғайлы әрі бірыңғай форматта көруге мүмкіндік беру. Бұл шешім технологиялық процесті басқармайды. Алдымен біз оны нақты уақыт режимінде көру мүмкіндігін қалыптастырамыз, – дейді «ЕЭК» АҚ IT және цифрландыру жөніндегі директоры, жобаның бизнес-тапсырыс берушісі Серік Искаков.

Бірінші кезеңде жабдықтан алынған деректер серверлерге жазылып, автоматтандырылған жұмыс орындарына түседі және экрандарда көрсетіледі. Оператор мен ауысым бастығы бірнеше бөлек ақпарат көзінің орнына электр станциясы жұмысының негізгі параметрлері туралы бірыңғай ақпаратты көреді.

800-ге жуық көрсеткіш – бір цифрлық контурда

Жоба өлшеу контурын кезең-кезеңімен кеңейтуді көздейді. Болашақта жүйе шамамен 800 технологиялық көрсеткішті жинауды қамтамасыз етеді.

Ақпараттың бір бөлігі қазірдің өзінде қолданыстағы өлшеу құралдарынан түсіп жатыр. Тағы бірнеше жүз датчикті кезең-кезеңімен орнату жоспарланған.

Мұндай тәсіл автоматтандыру жүйесін бірден толық қайта құруды талап етпейді. Оның орнына электр станцияның цифрлық инфрақұрылымы жабдықтан бастап өлшеу құралдарына, серверлерге, деректерді сақтау жүйелері мен бағдарламалық қамтамасыз етуге дейін біртіндеп қалыптастырылады.

– Бұл – инфрақұрылымдық жоба. Онсыз басқа цифрлық бастамаларды толыққанды жүзеге асыру қиын. Цифрлық модель құруға, аналитиканы дамытуға болады. Бірақ өндірісте сенімді деректер болмаса, модельдің нақты процестерге қаншалықты сәйкес келетінін тексере алмаймыз», – деп атап өтті Серік Искаков.

Жеке инженерлік сараптама жобаның құнын қалай төмендетеді?

Жобаның бағдарламалық бөлігі дайын шешімді сыртқы мердігерден сатып алу моделіне негізделмеген. Александр Моос басқаратын BTS АСУТП жүйелерін дамыту тобы технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйелерін (АСУТП) толыққанды инженерлік жүйе ретінде қарастырады.

Команда нысанды зерттейді, қолданыстағы инфрақұрылымды талдайды, шешімнің архитектурасы мен жабдықтар және бағдарламалық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды қалыптастырады. Бұдан кейін әзірлеу, интеграциялау, баптау және іске қосу-жөндеу жұмыстарын орындайды.

Жұмыстың едәуір бөлігі команданың өз күшімен атқарылады. Электр станциясындағы жабдықтарды монтаждау, кабель тарту және бақылау-өлшеу құралдарын автоматтандыру шкафтарына қосу жұмыстарын кәсіпорынның жергілікті мамандары жүзеге асырады.

Мұндай модель BTS инженерлерінің сараптамасын өндірістік алаңның тәжірибесімен ұштастырып, жоба құнын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

– Егер жобаны толықтай сыртқы мердігерге берсек, оның құны бір жарым-екі есеге өсуі мүмкін. Біз жұмыстың бір бөлігін өз күшімізбен орындаймыз, кейбір кезеңдерге кәсіпорындардың жергілікті командаларын тартамыз. Бұл сыртқы мердігермен жұмыс істеуге қарағанда шығынды едәуір азайтуға мүмкіндік береді, – дейді Александр Моос.

ERG үшін бұл – өнеркәсіпті автоматтандыру саласында жеке инженерлік базаны қалыптастыру. Әрбір іске асырылған жоба барысында жинақталған архитектуралық шешімдер, бағдарламалық әзірлемелер мен тәжірибе кейінгі бастамаларда қайта пайдаланылуы мүмкін.

Осылайша, ішкі инженерлік сараптама жекелеген жобалардың шығынын оңтайландыру тәсілі ғана емес, сонымен қатар ERG өндірістік нысандарын цифрландыруды масштабтаудың тиімді құралына айналады.

Келесі деңгей – деректерге негізделген басқару

«ССКӨБ» АҚ электр станциясындағы жоба іске асырудың соңғы кезеңіне шықты. Серверлер мен автоматтандырылған жұмыс орындары орнатылды, жабдықтар қосылды, шешімнің SCADA құрамдас бөлігі іс жүзінде толық әзірленді. Енді жүйе толыққанды пайдалануға берілуде.

Оператор үшін бұл ақпаратқа жылдам әрі ыңғайлы қолжетімділікті білдіреді. Басшы үшін – кәсіпорын жұмысының жалпы жағдайын бір жерден көру мүмкіндігі. Ал бизнес үшін – цифрландырудың келесі деңгейлерін дамытуға негіз болатын құрылымдалған деректер массивінің қалыптасуы.

Алдағы уақытта жабдықтан жиналатын деректер аналитикалық құралдарды дамытуға, ауытқуларды анықтауға, тиімсіздіктің себептерін іздеуге және интеллектуалды шешімдерді енгізуге негіз бола алады.

Сондықтан жобаның басты нәтижесі – оператор экранындағы жаңа интерфейс емес. Оның негізгі нәтижесі – өндірісті дамытуға қатысты шешімдерді нақты деректерге сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік беретін цифрлық негіздің қалыптасуы.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайында толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда.