Хромтауда кәсіби мереке қарсаңында Дөң тау-кен байыту комбинатының 200-ден астам қызметкері түрлі марапаттарға ие болды. Биыл Шахтерлер күні мамандардың кәсіби жетістіктерін атап өтумен ғана шектелмей, тау-кен өндірісінің болашағы туралы сөз қозғаған алаңға айналды. Мерекенің басты тақырыптары – цифрландыру, заманауи технологиялар және Қазақстанның тау-кен өндіру саласының дамуындағы жаңа кезеңді айқындайтын «Болашақ» шахтасының дамуы.
Бұл тақырып мерекеде жаңа шахта және жер астында еңбек ететін мамандар туралы фильм арқылы ашылды. Фильмде дәстүрлі шахтер мамандығы мен тау-кен өндірісінің жаңа үлгідегі технологиялары тоғысты: өздігінен жүретін техника, автоматтандырылған процестер мен цифрлық шешімдер көрсетілді.
Айта кетейік, «Болашақ» шахтасы – ERG-дің ең ірі инвестициялық жобаларының бірі. Компания шахтаның құрылысы мен оны жобалық қуатына шығаруға 1 триллион теңгеден астам инвестиция құйып отыр. Қазір шахтада жерасты кен өндірудің заманауи әдістерінің бірі – қосалқы қабаттарды опыру Sublevel Caving (SLC) технологиясына көшу жүріп жатыр. Сонымен қатар кәсіпорынға бірегей өздігінен жүретін техника жеткізілуде. Оның бірқатар түрі Қазақстанда алғаш рет ұсынылып отыр.
Мерекелік кештің ресми бөлімі Дөң тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерін марапаттау рәсімімен жалғасты. 200-ден астам маман кәсібилігі, көп жылғы еңбегі және кәсіпорынның дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік, салалық және корпоративтік марапаттарға ие болды.
– ERG компаниясы өз қызметі барысында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Дөң тау-кен байыту комбинатында кәсіпорын мен жалпы сала үшін еңбегі маңызды жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Тау-кен өндіру саласының барлық қызметкеріне қажырлы еңбегі, жоғары кәсібилігі және өз ісіне адалдығы үшін шынайы алғыс білдіремін. Сала ардагерлеріне айрықша ризашылығымды жеткіземін, – деді марапаттау рәсімінде Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов.
Кәсіби мереке шахтерлерді, фабрика қызметкерлерін, жүргізушілерді, зертханашыларды және Дөң тау-кен байыту комбинатының барлық бөлімшелері мен мамандық өкілдерін біріктірді. Мерекелік апта бойы кәсіпорын басшылығы өндірістік бөлімшелерді аралап, қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ спорттық іс-шаралар өтіп, өндіріс ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
– Бүгінде Дөң тау-кен байыту комбинаты бірнеше бағытта қатар дамып келеді: кен өндіру дамып, кәсіпорын жаңа технологияларды игеріп, заманауи өндірістік шешімдерді қолданысқа енгізіп жатыр. Осындай әр жобаның артында адамдар, олардың кәсібилігі, тәжірибесі және жаңа тәсілдерді меңгеруге дайындығы тұр. Олардың еңбегі кәсіпорын мен Қазхромның бүкіл өндірістік тізбегін дамытудың негізі болып қала береді, – деді Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Бауыржан Утемисов.
Марапат иелерінің бірі – ұңғылаушы Ғайса Рамбаев.
– Мен үшін бұл марапат – еңбегімнің бағалануы. Атқарып жүрген жұмысымды мақтан тұтамын. Шахтаның дамуымен бірге өнеркәсібіміз де алға басады. Осы өзгерістерге өз үлесімді қосу мен үшін маңызды, – деді Ғайса Рамбаев.
Мереке Хромтаудың бірнеше мың тұрғынын жинаған үлкен концертпен жалғасты. Дәстүр бойынша мерекелік бағдарламада кәсіби өнерпаздармен бірге шахтерлердің өздері де сахнаға шықты. Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері концерттік қойылымдарға қатысып, әртістермен бірге өнер көрсетті. Осылайша мереке қызметкерлердің өздері атсалысқан ауқымды шараға айналды.
Биыл хромтаулық шахтерлерді қазақстандық өнерпаздар – Қайрат Баекенов және «Формат» тобы, Еңлік, Нұржан Керменбаев және Мирас Жүгінісов құттықтады.
«Болашақ» шахтасы туралы фильмді мына сілтеме арқылы көруге болады
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда