«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Қазақстанның әр тарабындағы ERG қызметкерлері жалпы саны 900 мектеп сөмкесін қамдап, оқушыларға септесті. Игілікті шараға Астана, Ақтөбе, Хромтау мен Ақсу, Қарағанды қалаларындағы кәсіпорындардың ұжымдары мен корпоративтік кеңселер белсене атсалысты.
«Қазхром» ТҰК» АҚ қызметкерлері ерекше белсенді. Ауқымды акция аясында олар 630 оқушының сөмкесін қамдап, мектепке алаңсыз баруына септесті. Оқуға қажеттінің бәрі толық салынған мектеп сөмкелері Ақтөбе, Хромтау, Ақсу мен оған іргелес жатқан елді мекендердегі әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларға үлестіріледі.
ERG-дің Астанадағы корпоративтік кеңселері «Бар жақсы – балаға» атты бастамамен жалпы саны 103 сөмке қамдады. Оның 92-сі елордалық «Клуб Добряков» ұйымына, қалған 11-і Қарағанды қаласындағы «Время жить» қоры арқылы осыған мұқтаж оқушыларға таратылады. «ЕЭК» АҚ-дағы еріктілер күзде көмекке мұқтаж отбасыларға жалпы саны 120 сөмке сатып алып, ішіне оқуға қажеттіні түгел жинап берген. «ТрансКом» көлік тобының кәсіподақ ұйымы атынан биыл мектепке баратын 47 балаға рюкзактар тарту етілді. 4 және одан көп оқушысы бар көпбалалы отбасыларға материалдық көмек көрсетті.
7 баласын жетелеп, «жеткізсем» деп қарманып жүрген жалғызбасты Айгерім Әлімханова осындай көмектің мәні ерекше екенін айтты.
– Астаналық «Клуб Добряков» ұйымының қатарына қосылғаныма жылға жуықтады. Біздің отбасымыз сияқты көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдем берген әрбір адамға алғыс айтамын. Биыл үш балам мектепке барады. Біреуі мектепке алғаш рет, бірінші сыныпқа барады. Олардың бәрін бірден мектепке қажеттімен қамдау – оңай емес, – дейді Айгерім. – Балалардың өздері ұнатқан рюкзактарды таңдап алғаны оларды қатты қуантты. Мен үшін бұл шынайы қолдау мен жанашырлық.
Әр рюкзакқа баланың жасына қарай мектепке қажетті құралдар толық салынған. Осылайша, еріктілер мектепке енді барған бүлдіршіндердің еш алаңсыз білім алуына септесті.
– Үлкен компанияның қуаты – тек өз жұмысын ғана тиянақты орындаумен шектелмей, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға даяр тұратын ұжымы. Бүгінгідей бастамалардың нәтижесі дайындалған сөмке санымен өлшенбейді. Маңыздысы – әр адам игі іске қосылып, қажетті сөмке таңдауға, жеткізуге арнайы уақытын бөлуінде. Ортақ ауқымды істер осындай қадамдардан басталады, – деді ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев.
ERG қызметкерлеріне мұндай шаралар – бір реттік шара емес, ертеден қалыптасқан дәстүр. Еліміздің әр тарабындағы бұл дәстүрлі шараларға қызметкерлері өз еріктерімен қосылып, жарыса жақсылық жасауға талпынады.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда