20 Тамыз 2026

egemen.kz 20.08.26 – ERG-дің әлеуметтік бастамалары: Орталық 900-ге жуық балаға көмек көрсетті

Осыдан бірнеше жыл бұрын Екібастұздағы дамуындағы ерекшелігі бар балалардың ата-аналары қажетті көмек іздеп, өзге қалаларға қатынайтын. Енді олардың бауыр еті баласының қамымен ай, апта сайын алысқа баруы қажет емес. ERG қолдауымен жұмыс істеп жатқан «Особый дом» ерте көмек беру орталығы бүгінге дейін осындай 900-ге тарта балаға қол ұшын созған.

Нәтиже көңіл көншітеді. Ерекше балаға көмек неғұрлым ерте көрсетілсе, оның дербес әрі толыққанды өмір сүру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болмақ.

Әділхан орталыққа алғаш рет 2025 жылдың наурызында келген. Сол тұста оның тілі толық шықпаған еді. Ол жекелеген сөздерді ғана айтып, сөйлем құрай алмайтын. Тіпті өзіне қарата айтылған сөзді де толық түсіне бермейтін. Мамандармен бірнеше ай тығыз жұмыс істеген соң, оның фразалармен сөйлеуі қалыптасып, айтылған сөзді түсінуі жақсарды. Тіпті, дыбыстарды дұрыс айту дағдысы түзелген. Бүгінде бала жалпы білім беретін мектепте жақсы оқып, оқу бағдарламасын сенімді меңгеріп жүр. Сонымен қатар қалалық шахмат турнирлерінде жүлделі орындардан көрінді.

«Особый домда» мұндай табыс тәжірибесі аз емес.

Орталық жұмыс істей бастағалы бері ерте көмек бағдарламасына 900-ге жуық баланы қамтыған. Мамандар тәрбиеленушілердің 60 пайызында айқын нәтижелер мен әлеуметтік бейімделу барын айтып отыр. Тағы 30 пайызында тұрақты оң динамика байқалады. Ал балалардың 10 пайызында ілгерілеуге бірқатар объективті фактор, соның ішінде көмекке кеш жүгіну және даму ерекшеліктеріне байланысты қосымша мәселелер кедергі келтіреді.

Орталық жұмысының ең маңызды нәтижелерінің бірі – қайта диагностика қорытындылары. Бағдарламадан өткен 106 балаға жүргізілген қайталама медициналық тексерулер мен психологиялық, медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы бойынша бұған дейін қойылған даму бұзылыстары расталмаған.

Орталықтың негізін қалаушы Адина Ақшаханованың айтуынша, табыстың басты факторы – «ғажайып» әдістемелерді іздеу емес, көмекті дер кезінде бастау.

– Аутизмі бар екі ұл тәрбиелеп отырған анамын. Диагноз қойылғаннан кейін кез келген ақпаратты іздеп, ғажайыпқа уәде берген кез келген адамға сенуге дайын болғаным есімде. Уақыт өте келе ең маңызды нәрсені түсіндім – сиқырлы тәсіл іздеудің қажеті жоқ. Ең бастысы – жағдайды қабылдап, баламен жұмысты мүмкіндігінше ерте бастау. Дәл осы ерте араласу балалардың дамуына барынша мүмкіндік береді, – деді Адина Ақшаханова.

Кейін осы жеке тәжірибе 2018 жылдан бері ERG қолдауымен дамып келе жатқан «Ерекше үй» орталығын құруға негіз болды. Бүгінде орталық мамандары 1,5 жастан 15 жасқа дейінгі балалармен қатар олардың отбасыларымен де жұмыс істейді. Ата-аналарға баланың даму ерекшеліктерін түсіну, онымен дұрыс қарым-қатынас орнату және жаңа дағдыларды үй жағдайында бекіту үйретіледі.

– Бала бізбен күніне бірнеше сағат қана болады, ал қалған уақытын отбасымен өткізеді. Сондықтан ата-ана бұл іске мықтап араласпаса, тұрақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Отбасы мен мамандар бір команда болып жұмыс істеген кезде өзгерістер де әлдеқайда жылдам болады, – деді Адина Ақшаханова.

Жансезімнің тағдыры да көмекті дер кезінде бастаудың қаншалықты маңызды екенін айқындап тұр. 2025 жылдың басында қыз бала өзіне бағытталған сөзді іс жүзінде түсінбейтін, жағымсыз мінез-құлық белгілері айқын байқалатын. Психологиялық-медициналық, педагогикалық комиссия оған арнайы мектепте білім алуды ұсынған. Жаттығулар курсын аяқтағаннан кейін, Жансезім сөйлей бастады. Қазақ және орыс тілдерінде айтылған сөзді түсінуді үйренді. Қазір үйірмелерге қатысып, жалпы білім беретін мектепте тьютордың көмегінсіз табысты білім алып жүр.

Альтаирмен жүргізілген жұмыстың нәтижесі де көңіл қуантады. Бала орталыққа алғаш келгенде ересектермен қарым-қатынас жасаудан қашқақтап, өзіне бағытталған сөзді түсінбейтін. Өзін-өзі күту дағдылары қалыптаспаған және эмоциясын іс жүзінде білдірмейтін. Бүгінде ол айналасындағылармен байланыс орнатып, педагогтердің нұсқауларын түсінеді. Тұрмыстық дағдыларды біртіндеп меңгеріп келеді. Балабақшаға сәтті бейімделіп, логоритмика сабақтары мен бейімделген дене шынықтыру жаттығуларына қызыға қатысады.

Мамандардың айтуынша, дәл осындай өзгерістер баланың біртіндеп дербестігін арттырып, отбасының қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік береді. Отбасыларды қолдау – орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Даму ерекшелігі бар баланың дүниеге келуі – отбасына эмоционалдық, психологиялық және қаржылық тұрғыдан үлкен сынақ. Көптеген отбасыларда ата-ананың бірі баланы сабақтарына апарып, оның дамуына көңіл бөлу үшін жұмысынан бас тартуға мәжбүр болады.

– Біз ата-аналарға көмек қолжетімді, кәсіби әрі үйіне жақын жерде болатын орын құруды мақсат еттік. Олар баласының дамуы мен отбасын қамтамасыз ету мүмкіндігінің бірін таңдауға мәжбүр болмаса екен дедік. ERG қолдауының арқасында біз орталық ашып қана қоймай, көптеген жыл бойы көрсетілетін көмектің сапасын сақтап, оны Екібастұздағы жүздеген отбасыға қолжетімді ете алдық, – дейді Адина Ақшаханова.

Бүгінде «Особый дом» жобасы балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да жаңа мүмкіндік ұсынып отыр. Орталықта білім алған көптеген ана жаңа мамандық меңгеріп, бүгінде балалармен жұмыс істейді. Яғни олар енді басқа отбасыларға өздері көмек көрсетіп жүр. Бұл – ERG-дің әлеуметтік бастамалары адамдардың өмірін өзгертіп қана қоймай, ұзақ мерзімді нәтижеге жол ашқанының тағы бір дәлелі.

Биыл «Особый дом: ерте көмек – үлкен мүмкіндіктер» жобасы «Алтын Гефест» байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша күміс жүлдеге ие болды.

дереккөзі