13 Тамыз 2026

Павлодар алюминий зауыты теміржол бағыттамаларын басқаруды автоматтандырды

ERG құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның Павлодар алюминий зауыты Топ кәсіпорындары арасында алғаш болып теміржол бағыттамаларын орталықтандырып, сигнал беру жүйесін енгізді. Жаңа жүйе қозғалыс қауіпсіздігін едәуір арттырып, маршруттарды дайындау барысын жеделдетуге мүмкіндік берген.

Павлодар алюминий зауытының теміржол цехы шикізат пен дайын өнімді тасымалдайды. Күн сайын төрттен алтыға дейін локомотив пайдаланылады. Кәсіпорынның теміржол инфрақұрылымы арқылы тәулігіне 500-ге дейін вагон өтетіндіктен, қозғалысты қауіпсіз әрі сенімді ұйымдастырудың өндірістегі стратегиялық маңызы бар.

Жобаны іске асыруға дейін маршруттарды дайындау жұмыстары қолмен атқарылып келді. Бағыттама бекетінің төрт кезекшісі тәулік бойы бағыттамаларды бірінен екіншісіне ауыстырып, жылжымалы құрам қозғалысына тікелей жақын аймақта жұмыс істейтін.

Жоба аясында он бағыттама орталықтандырылып, сигналдық көрсеткіштер орнатылды. Енді маршруттар басқару пультінің көмегімен қашықтан белгіленетін болды. Жолды дайындау үшін станция кезекшісіне бірнеше рет ауыстырып-қосу жеткілікті, ал теміржол жолға шығу қажеттілігі толығымен жойылды.

Автоматтандыру өндірістің қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, өндірістегі процестердің тиімділігін де едәуір жақсартты. Бұдан бұрын маршрутты дайындауға шамамен 15 минут кетсе, қазір бұл жұмыс небәрі 15 секундта орындалады. Нәтижесінде теміржол қозғалысын басқару жеделдігі артып, бағыттама бекетінің өткізу қабілеті ұлғайды.

– Бұл ERG кәсіпорындары үшін пилоттық жоба болды, – деді «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі директоры Николай Юферов. – Оның басты артықшылығы – операцияларды автоматтандыру арқылы жылжымалы құрамның бағыттама бекетінің кезекшісін басып кету қаупін толық жоюында. Бұл Еуразиялық Топтың еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы негізгі қағидаты – қауіпсіздік басымдығын іс жүзінде жүзеге асырудың нақты көрінісі. Мұнда тәуекел өндірістік процесті ұйымдастыру кезеңінің өзінде жойылады.

Алдағы уақытта Павлодар алюминий зауытында тағы үш бағыттаманы орталықтандыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар кәсіпорында жылжымалы құрамның кедергілерге соғылуының алдын алу жүйесін енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл жүйе көру мүмкіндігі шектеулі жағдайларда маневрлік жұмыстарды орындау кезіндегі тәуекелдерді барынша азайтып, көлік қауіпсіздігінің деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Бағыттамалы бұрмаларды орталықтандыру және сигнал беру жүйесінің енгізілуі Павлодар алюминий зауытының теміржол инфрақұрылымын цифрландыру жолындағы маңызды кезең. Бұл жоба өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға және өндірістік процестердің тиімділігін одан әрі жетілдіруге бағытталған кезекті маңызды қадам саналады.