Eurasian Resources Group (ERG) пен Қостанай облысының әкімдігі әріптестік туралы меморандум жасасты. Оның аясында компания биыл аймақтағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 1,8 млрд теңге бағыттамақ. Құжатқа облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев қол қойды.
Жаңа меморандум ERG мен Қостанай облысының әкімдігі арасындағы аймақ тұрғындарының нақты қажеттілігіне сай денсаулық сақтау, білім беру мен қаланы абаттандыру салаларындағы сенімді серіктестіктің жалғасы.
ERG Қашар кентінде салынатын аурухананың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаражат бөледі. Себебі бүгінде кенттегі аурухана тұрғындардың қажеттілігін толық өтей алмай, қашарлықтар тұрғылықты жерінен 40–50 шақырым жердегі медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Жобалық құжаттарды әзірлеу – кенттегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың алғашқы кезеңі.
Рудный мен Лисаков қалалары, Қашар мен Октябрьский кенттерінде Tugan Qala жобаларын жүзеге асыруға ERG 300 млн теңге бөлінеді. Бастаманың жаңа кезеңінде балалар мен спорт алаңдары, қоғамдық кеңістіктер, автотұрақ аймақтары мен аялдама павильондары салынып, көше жарықтандырылып, қаланың көркін ашып, жайлы ете түсетін жарқын жобалар жүзеге асырылады. Tugan Qala бастамасының ең негізгі ерекшелігі – тұрғындар ұсынған жобалардың арасынан қайсысына басымдық берілуі керектігін жергілікті жұрт өздері айқындап, басымдық береді. Іріктеуден өткен бастамалар ERG қолдауымен іске асырылады. Осының арқасында жергілікті қауымдастықтың нақты қажеттілігіне сай кеңістік құрылады.
ERG Лисаков қалалық саябағын абаттандыру жұмыстарын жалғастыруға 155 млн теңге бөлмек. Былтыр парктің кіреберісі жаңартылып, шағын сәулет нысандары мен субұрқақ орнатылған. Аймақты көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Биыл тақтатас төселіп, көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады.
Бұдан бөлек, ERG тау-кен металлургия кәсіпорындарына маман даярлау ісіне инвестиция құюды жалғастырады. Компания «ERG mektep» пен «ERG колледждерге» бастамаларын ілгерілетіп, білім беру базасын жаңартып, оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін енгізіп, студенттердің практикалық даярлығын пысықтай түспек. Оқу ордаларында мамандандырылған өнеркәсіп қауіпсіздігі кабинеттерін жабдықтап, оқушылар мен студенттерге ERG Skills кәсіби шеберлік байқаулары мен халықаралық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін ұсыну жоспарланған. Бұл колледждердің кәсіпорын қажеттілігін ескере отырып, маман даярлауына септесіп, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтеді.
– Бізге өндірістің біздің қызметкерлер тұрып, өмір сүріп жатқан аймақтармен қатар, үйлесімді дамуы ерекше маңызды. Сондықтан кәсіпорындарды жаңғыртқанда біз білім беру, денсаулық сақтау және қаланы абаттандыру салаларына инвестиция құюды жалғастырып келеміз. Бұл жобалар Қостанай облысының тұрғындарына жайлы орта қалыптастырып, аймақтағы кәсіпорындарға маман даярлаудың іргетасын нығайтады, – деді ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ERG-мен әріптестік аймақ тұрғындарына айрықша маңызы бар жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруға сеп болып отырғанын атап айтты. Әрі бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
Сенімді серіктестік аясында ERG-дің Қостанай облысына құйған әлеуметтік инвестицияларының жалпы көлемі – 32 млрд теңгеден асып жығылған. Жаңа меморандум бұл бағыттағы ілкімді істерге арқау болып, денсаулық сақтау, білім беру мен қаланы дамыту салаларында тізе қосып, компания мен аймақ арасындағы ұзақмерзімді серіктестікті нығайта түспек.