16 Маусым 2026

Цифрлық егіз: «Болашақ» шахтасында жерасты қауіпсіздігі қалай бақыланады?

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасында жерасты инфрақұрылымының негізгі нысандарының бірі бойынша цифрлық егіз жасау жобасы басталды. Бұл мақсатта кәсіпорын мамандары алғаш рет өз күшімен 600 метрден астам тереңдікте бір шақырымдық скип оқпанына жоғары дәлдікті лазерлік түсірілім жүргізді. Жаңа технология ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала анықтауға, жұмыс қауіпсіздігін арттыруға және шахта нысандарын пайдалануды дәлірек жоспарлауға мүмкіндік береді.

Скип оқпаны – шахтаның басты көлік күретамыры. Ол арқылы қызметкерлер төмен түсіп, жоғары көтеріледі. Кен мен тау жыныстары сыртқа шығарылады. Адамдардың қауіпсіздігі мен өндіріс процесінің тұрақтылығы осы нысанның жай-күйіне тікелей байланысты.

Бұған дейін оқпанды тексеру жұмыстары сыртқы ұйымдардың көмегімен жүргізілсе, қазір бұл істі комбинаттың өз геотехникалық қызметі атқарды. Жұмыс барысында мамандар ұзындығы 1047 метр болатын оқпанның 627 метр тереңдігінде лазерлік сканерлеу жүргізді. Заманауи құрылғы өндірісті тоқтатпай-ақ миллиондаған өлшемдер алуға және нысанның егжей-тегжейлі үшөлшемді моделін жасауға мүмкіндік берді.

Алынған мәліметтер оқпанның геометриясын жоғары дәлдікпен бақылауға, конструкциялардың жай-күйін қадағалауға және уақыт өте келе көтеру кешенінің жұмысына әсер етуі мүмкін шағын ауытқулардың өзін анықтауға жол ашады.

– Бүгінде цифрлық технологиялар тау-кен өндірісінің ажырамас бөлігіне айналған. Біз нысанның жай ғана суретін емес, оның жағдайын талдауға, өзгерістерді болжауға және нақты деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік беретін цифрлық моделін алып отырмыз. Бұл жұмыс қауіпсіздігі мен шахта инфрақұрылымын пайдаланудың сенімділігіне тікелей әсер етеді, – деп атап айтты ДТКБК бас геотехнигі Көптілеу Шүкірбаев.

Маманның айтуынша, цифрлық егізді енгізу мәселелер туындағанда әрекет етуден, оларды алдын ала болжауға көшуге мүмкіндік береді. Инженерлер ықтимал тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау, жөндеу жұмыстарын дәлірек жоспарлау және жабдықтардың жоспардан тыс тоқтап қалуын болдырмау құралына ие болды.

Қазір скип оқпанының бір жағынан тексеру жұмыстары аяқталды. Келесі кезеңде қарама-қарсы жақтан қайта сканерлеу жүргізіледі. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін нысанның толыққанды цифрлық егізі қалыптасады. Ол алдағы уақытта нысанның жай-күйін тұрақты қадағалау мен талдаудың негізіне айналады.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда