Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – Краснооктябрь боксит кен басқармасы (КБКБ) роторлық бұрғылау арқылы бокситті тік әдіспен өндіру жобасын ресми түрде жүзеге асырды.
Шығыс Аят кен орнының №4 карьерінде жаңа жабдықтың таныстырылымы өтті. Немістің BAUER компаниясының өкілі кеншілерге символикалық кілтті табыс етті. Осыдан кейін алғашқы өндірістік бұрғылау жұмысы сәтті жүзеге асырылды.
Бокситті тігінен өндіру әдісі Қазақстанда ғана емес, әлемдік тәжірибеде де алғаш рет қолданылып отыр.
Жаңа тәсіл дәстүрлі ашық әдіспен жүргізілетін кен игеру жұмыстарын толықтыра түседі. Ол бұрын игерілген карьер учаскелеріндегі тереңде жатқан боксит қорын өндіруге мүмкіндік береді. Өйткені оны үйреншікті әдіспен игеру тиімсіз немесе аршу жұмыстарының ауқымды көлеміне байланысты техникалық тұрғыдан мүмкін емес еді.
Салмағы 133 тонна, қуаты 580 ат күшіне тең ауыр гидравликалық роторлы BAUER BG 45 бұрғылау білдегі – жобаның негізі. Телескопиялық штанга мен шөмішті бұрғының көмегімен бұл машина жарылғыш заттарды қолданбай-ақ 100 метр тереңдікке дейінгі боксит кенін әрбір жерден таңдамалы түрде игере алады.
– Тігінен өндіру жобасы – Алюминий дивизионы үшін маңызды стратегиялық қадам. Жаңа технология шығындарды азайтып, аршу жұмыстарының көлемін едәуір қысқартады. Біз кенді анағұрлым дәлірек өндіруге, шикізат сапасын оңтайлы басқаруға және бұрын экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналған учаскелерді игеруге мүмкіндік алып отырмыз. Біз әлем бойынша алғаш болып мұндай технологияны қолдана отырып, боксит өндіреміз, - дейі «Қазақстан алюминийі» АҚ бас кеншісі Иван Лобанов.
Технологияның басты артықшылықтары
Экономикалық тиімділік
Бұрын қол жеткізу қиын болған қорларды игеру алдағы 10 жыл ішінде шамамен 12 млн тонна боксит өндіруге мүмкіндік бермек. Бұл кеніштердің пайдалану мерзімін ұзартып, Павлодар алюминий зауытының тұрақты жұмыс жүктемесін қамтамасыз етеді.
Шикізат сапасының жоғары болуы
Нүктелі өндіру әдісі бокситтің бос тау жыныстармен араласуын азайтады. Соның нәтижесінде өңдеуге жіберілетін бокситтің сапасы артады.
Экологиялық тазалық пен қауіпсіздік
Бұрғылау-жару жұмыстарының қолданылмауы сейсмикалық әсерді болдырмайды және шаңның түзілуін азайтады. Игеру жұмыстары қолданыстағы карьерлер аумағында жүргізілетіндіктен жердің бүліну көлемі қысқарып, ауыр техниканы аз пайдалану қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтады.
– КБКБ кен орындарының геологиялық құрылымы күрделі болғандықтан, тереңде жатқан кенді өндіру шығыны жыл сайын артып барады. Тігінен қазу әдісі өндірістің қажетті көлемін сақтауға және қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Заманауи технологиялардың қолданылуы кен орындарын игеру тиімділігін арттырып, кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді, - деді КБКБ өндіріс жөніндегі директоры Руслан Аслямов.
Жобаның ерекшелігі – BAUER BG сериялы бұрғылау қондырғылары бастапқыда іргетас құю және геотехникалық жұмыстарға арналған. «Қазақстан алюминийі» АҚ қызметкерлері неміс әріптестермен бірлесіп, алғаш рет бұл техниканы өнеркәсіптік көлемде боксит өндіруге бейімдеді.
Қазіргі таңда Шығыс-Аят кен орнының №4 карьерінде кен өндіру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Ал, КБКБ қызметкерлері технологияны кең көлемде енгізу мақсатында BAUER компанисы инженерлерінің жетекшілігімен тәжірибелік оқудан өтуде.