ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қостанай облысына жұмыс сапары аясында ERG құрамындғы «ССКӨБ» АҚ дамуының негізгі жобаларымен танысты. Инвестицияның жалпы көлемі 400 млн доллардан асады.
«ССКӨБ» бас директоры Сергей Кузьменко делегацияны Соколов карьерінің бақылау алаңшасында қарсы алып, кәсіпорын дамуының негізгі бағыттарын таныстырды. Бүгінгі таңда «ССКӨБ» өндіріс тиімділігін арттыруға, өнім сапасын жақсартуға және әлемдік темір кені шикізаты нарығында кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған ауқымды жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.
– Бүгінгі таңда дамудың негізгі бағыты — кәсіпорынның басты шикізат базасы Қашар карьері. Іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар өндіріс көлемін арттыруға, өнім сапасын жақсартуға және «ССКӨБ» АҚ алдағы көптеген жылдар бойы тұрақты дамуына негіз қалауға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Сергей Кузьменко.
1954 жылы негізі қаланған ССКӨБ — Қазақстандағы темір кені шикізатын өндіруші ең ірі кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын құрамында 66–68% темірі бар темір кені концентратын және 64,5% темірі бар шекемтастар шығарады. 2026 жылы өткізуге бағытталған тауарлы өнім көлемі – шамамен 11 млн тонна. Өндіріс тиімділігін арттыру және шығындарды азайту үшін кәсіпорын құны 400 млн доллардан асатын инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Негізгі жобалардың қатарында — Қашар карьері мен байыту өндірісін қайта құрылымдау, шекемтастар шығаратын жаңа цех салу, теміржол логистикасын жаңарту және өнімділігі жоғары техника сатып алу бар.
Технологиялық сұлбаны жаңғырту концентраттағы темір мөлшерін 68,5% дейін арттыруға, ал жаңа күйдіру машинасының құрылысы шекемтастардағы темір мөлшерін 65,5% дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ретте газ тұтыну үш есе, ал электр энергиясын тұтыну екі есе азаяды.
– Инвестициялық жобаларды іске асыру өнімнің өзіндік құнын төмендетіп қана қоймай, оның сапалық сипаттамаларын айтарлықтай арттырады, бұл нарықтың темір кені шикізатына қоятын өсіп келе жатқан талаптары жағдайында өте маңызды, — деп атап өтті Сергей Кузьменко.
Сапар барысында делегация «ССКӨБ» электр станциясының жұмысымен де танысты. Кәсіпорынның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды, ол өндірістік нысандарды энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және энергия жабдықтары жұмысының тиімділігін ұлғайтуға бағытталған.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда