ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасында кенді жерасты тәсілімен өндірудің заманауи әдісі – қосалқы қабаттарды опыру Sublevel Caving (SLC) технологиясына көшу процесі басталды. Бұл әдіс дүниежүзіндегі ең терең кеніштерде кеңінен қолданылады. Ауқымды жоба «Алмаз-Жемчужина» кен орнында пайдаланыла бастады.
SLC технологиясы – кенді көлденең қабаттарға (қосалқы қабаттарға) бөле отырып, тау-кен жыныстарының опырылуын қатаң бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін жерасты өндіріс әдісі. Кен қазып алынғаннан кейін пайда болған бос кеңістіктер біртіндеп опырылған жыныстарға толады. Бұл үлкен тереңдіктегі жұмыстардың қауіпсіздігін барынша арттырады.
Жаңа жүйенің басты артықшылығы – процестердің жоғары деңгейде механикаландырылуы мен автоматтандырылуында. Осы мақсатта ұңғылау және кен өндіру жұмыстарының негізгі жүктемесін атқарар заманауи техникалар сатып алынып, өндіріске кезең-кезеңімен енгізілді. Бұл қызметкерлердің еңбегін айтарлықтай жеңілдетті.
SLC әдісіне көшу – тау-кен жұмыстары тереңдеген сайын күрделене түскен тау-кен-геологиялық жағдайларға тиімді жауап. Бұған дейін жекелеген учаскелерде GSC ысырмалы (скреперлі) жүйесі қолданылып келген.
– Тау-кен жұмыстарының тереңдігі артқан сайын қауіпсіздікке, өндіріс тұрақтылығы мен тиімділігіне қойылатын талаптар да еселене түседі. Жаңа технология шахтаның ұзақмерзімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, өнімділікті арттыруға және қызметкерлеріміз үшін заманауи әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.
Жүйені енгізуге дайындық жұмыстары бірнеше жылға созылды. Осы уақыт ішінде геомеханикалық зерттеулер жүргізіліп, жаңа учаскелер жобаланды, инфрақұрылым жаңғыртылды, сонымен қатар арнайы техника сатып алынып, қызметкерлер оқытылды.
– SLC технологиясын енгізу – жерасты жұмыстарының тұтас жүйесін қайта құру, – деді жоба менеджері Ерлан Машанов. – Мұнда горизонттарды дайындау, кен тасымалдау, желдету және өндірісті жоспарлау сызбалары толық өзгереді. Шахтаға тиімділікті арттырып, қызметкерлерге түсетін жүктемені азайтатын жоғары өнімді заманауи техникалар мен автоматтандырылған шешімдер енгізілуде. Инновациялық технология кен шығынын азайтуға, өндіріс көлемін тұрақтандыруға және кен орнының бұған дейін қолжетімсіз болған учаскелерін игеруге мүмкіндік береді деп күтілуде. SLC жүйесіне көшу – Дөң тау-кен байыту комбинатының жерасты өндірісін дамытудағы, өндіріс қауіпсіздігі мен тұрақтылығын ұзақ мерзімге қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Анықтама
«Болашақ» шахтасы 2024 жылы пайдалануға берілген. Бұл – ERG компаниясының ең ірі инвестициялық жобаларының бірі, оның құрылысына салынған инвестиция көлемі – 877,6 млрд теңгеден асты. Шахтаның жобалық қуаты – жылына 7,5 млн тонна хром кені.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда