02 Маусым 2026

ERG Павлодар облысын дамытуға 3 млрд теңге бағыттайды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен Eurasian Resources Group-тың Қазақстандағы басшысы Кудрәт Шамиев өңірдегі әлеуметтік маңызды және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға негіз болатын өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Келісім Павлодар облысының тұрғындары үшін жайлы әрі заманауи орта қалыптастыру жолындағы мемлекет пен бизнестің ұзақ жылдар бойғы сенімді серіктестігін жалғастырады. ERG бұл жобаларға 3 млрд теңгеден астам қаражат бағыттамақ.

Инфрақұрылымды, спортты, экологияны және әлеуметтік саланы дамытуға қомақты инвестиция жұмсалады. Жобалар кезең-кезеңімен Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында іске асырылады. Қалалардың аумағы кешенді түрде абаттандырылып, әлеуметтік нысандар жаңартылып, өңір тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр.

– ERG өңірдегі инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік бастамаларды іске асыру бағытындағы негізгі серіктестеріміздің бірі. Бұл жекелеген жобалар емес, жүйелі жұмыс. Сондықтан оның нәтижесі өңір халқының өмір сапасына тікелей әсер етеді, – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

«ERG колледждерге» бағдарламасы аймақтағы кадр даярлау сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама болмақ. Бағдарлама аясында оқытушылардың біліктілігін арттыру, халықаралық тағылымдамаларды ұйымдастыру және білім берудің заманауи әдістерін енгізу көзделген. Сонымен қатар колледждердің материалдық-техникалық базасы нығайтылады.

Ақсудағы Жаяу Мұса атындағы колледжде, Павлодар машина жасау және Түсті металлургия жоғары колледждерінде заманауи қауіпсіздік кабинеттері жабдықталады. Мұнда студенттер өндірістік ортаға жақын жағдайда практикалық дағдыларын жетілдірмек.

Экология бағытында ERG Павлодар облысының орман тәлімбағын құру бастамасын қолдайды. Бұл көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге, қоршаған ортаны қалпына келтіруге және ұзақ мерзімді экологиялық жобалардың табысты жүзеге асуына мүмкіндік береді.

Меморандум аясында өңірдің медициналық инфрақұрылымын дамыту да қарастырылған. Павлодар қаласындағы №1 және №3 емханаларға заманауи рентген аппараттары сатып алынады. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, диагностика мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Ақсуда заманауи жүзу бассейні мен жаңа қоғамдық саябақтың құрылысы жалғасады. Биыл бассейн құрылысына 800 млн теңгеден астам қаражат бөлінбек. Екі ірі жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бассейн пайдалануға берілгеннен кейін балалар мен жастар жыл бойы тұрақты түрде жүзумен айналыса алады. Ал жаңа саябақ қала тұрғындарының демалыс орнына айналып, түрлі мәдени-көпшілік шараларды өткізуге мүмкіндік береді.

Екібастұздағы «Особый дом» орталығы дамытылып, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына арналған қолдау кеңістігіне айналады.

Сондай-ақ ERG Ақсу қаласындағы Tugan Qala жобаларын қолдап, оларды жүзеге асыруға 130 млн теңге бағыттайды. Бұл бастама тұрғындарға қаланы дамытуға тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Олар өзекті мәселелерді анықтап, идея ұсынып, жобалар әзірлеп, оларды іске асыруға қатыса алады.

Tugan Qala аясында компания тұрғындарды қоғамдық қажеттіліктерді зерттеуге, бастамаларды әзірлеуге және оларды толыққанды жоба деңгейіне дейін жеткізуге үйретеді. Кейін тұрғындар өзі тұрып жатқан қалаға маңызды жобаларға дауыс беріп, жеңімпаз бастамалар жүзеге асырылады.

Осылайша, азаматтар қаланы дамытуға тікелей қатысып, серіктестік пен өзара сенім қағидаттарына негізделген ортақ жауапкершілікті қалыптастырады.

– Біз кәсіпорындарымыз орналасқан өңірлерді дамыту ісін ERG-дің ұзақ мерзімді стратегиясының маңызды тармағы ретінде қарастырамыз. Өндіріске құйылған инвестициялармен шектелмей компания білім беру, инфрақұрылым, экология және адамдардың өмір сапасын жақсарту бағыттарына да қомақты қаражат бөліп келеді. Біз үшін бұл өзгерістердің орнықты болып, тұрғындардың күнделікті өмірінде нақты сезілуі маңызды, – деді ERG-дің Қазақстандық периметрінің басшысы Кудрәт Шамиев.

Бүгінде ERG-тің Топ кәсіпорындары орналасқан өңірлерге бағытталған әлеуметтік инвестициялардың жалпы көлемі 321 млрд теңгеден асты.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда