Ақтөбе қаласындағы «№1 қалалық көпсалалы ауруханасы» МКК шұғыл диагностика мүмкіндіктерін едәуір кеңейтер заманауи мобильді рентген жүйесіне ие болды. Бұл жаңа жабдық ERG мен Ақтөбе облысы әкімдігі арасындағы әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру жөніндегі меморандум аясында сатып алынды. Бұл мақсатқа ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ 30 миллион теңге қаржы бөлді.
С-доға типіндегі рентген жүйесі ең алдымен тірек-қимыл аппаратының аурулары мен жарақаттары кезінде жүргізілетін жедел емде қолданылады. Мобильді жүйе нәтижені бірден бағалауға және қажет болған жағдайда, ота барысын түзетуге мүмкіндік береді. Бұл хирургиялық әрекеттерді дәл орындау үшін аса маңызды. Жабдықтың конструкциясы операция үстелі айналасында еркін қозғалып, әртүрлі бұрыштан кескін алуға жағдай жасайды.
Аппарат ең төменгі сәулелік жүктеме кезінде сапалы визуалдауды қамтамасыз етеді. Бұл пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қауіпсіздік деңгейін арттырады.
– Аурухана ұжымына бұл диагностикалық мүмкіндіктерді айтарлықтай күшейтті, - дейді операциялық блоктың меңгерушісі Жаслан Урумбаев. – Ота кезінде клиникалық жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік аламыз. Бұл хирургиялық араласу тактикасын дер кезінде түзетуге жол ашады. Ал аз инвазиялық тәсіл науқастың тезірек оңалуына септігін тигізеді.
Өткен жылы Қазхром компаниясы ауруханаға күйікке қарсы заманауи кереует сатып алып берген. Бұл ауыр күйік алған науқастарды емдеу жағдайын жақсартуға мүмкіндік туғызды.
– Денсаулық сақтау саласын қолдау және өңірлердегі өмір сапасын арттыру – біздің әлеуметтік саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Дәрігерлерге заманауи жабдықтың, ал науқастарға уақтылы әрі сапалы диагностиканың маңызын жақсы түсінеміз. Жаңа мобильді рентген жүйесі талай адамның өмірін сақтап, медицина қызметкерлерінің тиімді құралдарының біріне айналарына сенімдіміз, - деді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат телеграм-арнамызда