ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ экологиялық орнықтылықты арттыру мен қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытында жаңа жобаны іске қосты. Компанияның әкімшілік ғимараты аумағындағы автотұрақтарға 200-ден астам күн панелі орнатылды. Нәтижесінде күн сәулесінен өндірілетін электр энергиясы кеңсенің қажеттілігін ішінара қамтамасыз етіп, дәстүрлі энергия көздерінен алынатын электр энергиясын тұтынуды азайтты.
Қазхромдағы жеке күн электр станциясы (КЭС) компания басшылығының бастамасымен іске қосылды. Кеңсе инфрақұрылымына жаңғыртылатын энергия көздерін енгізу қосымша құрылыс жүргізбей-ақ жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны – 50 млн теңгеден сәл асты. Ақтөбеде мұндай тәжірибе әзірге кең таралмаған. Алайда, мамандар бұл бастаманы бизнестегі экологиялық орнықтылықты арттырудың тиімді бағыты ретінде бағалап отыр.
- «Қазхромның» бұл жобасы кеңсе инфрақұрылымы жағдайында күн генерациясының тәжірибелік тұрғыдан тиімді екенін көрсетеді, - деп атап өтті «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)» АҚ өңірлік менеджері Рустем Байдусов. - Мұндай шешімдер «жасыл» энергетиканы өнеркәсіптен тыс салаларда да қолдануды кеңейтіп, өңірде тұрақты энергия тұтынуды қалыптастыруға ықпал етеді.
Күн электр станциясы жыл сайын 170 мың киловатт-сағаттан астам электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Бұл – кеңсе қажеттілігінің шамамен 20-25 пайызы шамасында. Күн станциясының жұмысы қашықтан мониторинг жүйесі арқылы бақыланады, бұл электр энергиясын өндіру көлемін және жабдықтың жай-күйін оңай қадағалауға мүмкіндік берген. Алдын ала есеп бойынша, жоба шамамен үш жарым жыл ішінде толықтай өтеледі. Одан кейін ұзақ мерзім бойы экономикалық және экологиялық тиімділік береді.
- Біз үшін бірден елеулі әсер беретін жобаны іске асыру маңызды, - деді жоба жетекшісі, «Қазхром» ТҰК» АҚ энергетика жөніндегі менеджері Орынбек Сейтмұратұлы. - Күн электр станциясы кеңсенің қалалық энергожүйеге түсетін жүктемесін азайтып қана қоймай, шығындарды оңтайландыруға және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді. Әрине, маусымдық ерекшеліктерді ескеру қажет: қыста энергия өндіру көлемі көктемгі және жазғы күндерге қарағанда төмен болады, бұл табиғи құбылыс.
Жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалану – компаниядағы тың қадам емес. Бұл ERG-дің тұрақты энергетикалық шешімдерді енгізу жөніндегі жүйелі жұмысының бір тармағы. Айта кетсек, 2025 жылдың жазында Хромтауда жел электр станциясы іске қосылды. Сол кезеңде компания Ақтөбе ферроқорытпа зауытының аумағында энергия көзі ретінде ферроқорытпа газы болатын кәдеге жарату станциясын салуға кірісті. Бұл жобалар Еуразиялық Топтың экологиялық жүктемені төмендетуге, энергия тиімділігін арттыруға және өндірістік әрі инфрақұрылымдық нысандарда заманауи «жасыл» технологияларды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді ұстанымын паш етеді.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда