Астанада «Кәсіби маман» республикалық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты «Кадр даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» аталымында Гран-при иегері атанды. Елдегі үздік оқу орны ретінде комбинаттың ұзақ жылдан бергі серіктесі – Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі танылды.
Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі арасындағы ынтымақтастық бірнеше онжылдықтан бері табысты жалғасып келеді. Колледж жыл сайын өндірісте сұранысқа ие мамандықтар бойынша жас кадрларды даярлайды. Бүгінде түлектердің шамамен 90 пайызы қала құраушы кәсіпорынға жұмысқа орналасады.
Колледж студенттері комбинаттың цехтарында ақылы өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл – жас мамандар үшін маңызды артықшылық, өйткені олар еңбек нарығына нақты өндірістік тәжірибемен шығады.
- Бұл – компания үшін де, серіктесіміз үшін де үлкен жетістік, - деді Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Бауыржан Утемисов. - Жұмысшы мамандықтар жылы мен Қазхром компаниясының 30 жылдық мерейтойының лайықты қорытындысы. Колледждің мықты білім беру базасының арқасында студенттер халықаралық кәсіби шеберлік байқауларында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Ал түлектер қысқа уақыт ішінде өз ісінің білікті маманына айналып, көпшілігі бүгінде кәсіпорнымызда жауапты қызметтер атқаруда.
Кадр даярлаудың сапасына колледждің материалдық-техникалық базасының нығаюы да тікелей әсер етті. ERG-дің жүйелі қолдауының арқасында колледж жаңа компьютерлермен, бағдарламалық қамдау, өндірістік оқытуға арналған жабдықтармен толықтырылды. Шеберханаларға дәнекерлеу үстелдері орнатылып, спорт залы жөндеуден өтті. Студенттердің өндірістік дағдыларын жетілдіруге арналған оқу-шахталық полигон салынды. Сонымен қатар түрлі тау-кен жабдықтарының жұмысын бейнелейтін заманауи жаттығу-симуляторлары пайдаланылуда.
2025 жылы колледжде тау-кен саласына мамандар даярлау тәсілін түбегейлі жаңартқан заманауи құзыреттілік орталығы ашылды. Орталық екі негізгі блоктан тұрады: VR-зертхана және тау-кен машиналары мен кешендері зертханасы. Заманауи технологиялар студенттердің кәсіби дағдыларын виртуалды ортада, нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын форматта жетілдіруге мүмкіндік береді. Кең ауқымды оқу бағдарламалары бар VR-жабдықтар студенттерге аудиториядан шықпай-ақ түрлі өндірістік процестерді жақыннан танып-білуге жол ашады. Орталықта сегіз мамандық бойынша студенттер білім алады. Олардың қатарында кен орындарын жерасты әдісімен игеру, жер асты құрылымдарының құрылысы және энергетика бағыты бойынша мамандықтар бар. Құзыреттілік орталығын құруға «Қазхром» компаниясы 115 миллион теңге бөлген. Ал 2025 жылы колледжді дамытуға салынған инвестиция көлемі – 200 миллион теңгеден асты.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда