01 Желтоқсан 2025

ERG кәсіпорындары Jumys Party шарасында павлодарлықтарға 200-ден астам жұмыс орнын ұсынды.

ERG құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «ERG Service» ЖШС алғашқы кәсіптік бағдар беру фестивалі – Jumys Party-ді ұйымдастырды. Бір кеште Павлодар облысының жетекші жұмыс берушілері Batyr Mall СОО алаңында ондаған мамандық бойынша 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды.

Іс-шара жұмысқа орналасуға арналған мол мүмкіндіктерімен және ерекше форматымен қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аударды. Jumys Party фестивалі барлық қатысушылар мен көрермендерге маңызды сұхбаттар мен ойын форматтарының үйлесіміне айналды.

– Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз жай ғана бос жұмыс орындары жәрмеңкесін емес, нағыз отбасылық фестиваль ұйымдастырдық. Біздің жаңа форматтарымыздың арқасында жұмыс ортасына тек ересек үміткерлер ғана емес, болашақ мамандығын таңдау алдында тұрған студенттер мен мектеп оқушылары да бойлай алды. Бүгін 500-ден астам үміткерлер біздің шеберлік сабақтарымызда түйіндеме жасауды және сұхбаттан өтуді үйреніп, рекрутерлермен, менеджерлермен және компанияларымыздың қарапайым қызметкерлерімен тікелей тілдесті. Олар қажетті мамандықтар туралы ақпарат алды. Фестивальде адамдар бізден тек тұрақтылық қана емес, сонымен қатар жақсы әлеуметтік пакет, кәсіби өсу бағдарламалары туралы және отандық өнеркәсіптің дамуына – глинозем, алюминий өндіру және машина жасау салаларына үлес қосу мүмкіндігі бар екенін білді. Бос жұмыс орындарының басым бөлігі – жұмысшы мамандықтары. Олар әрдайым ERG кәсіпорындарында сұранысқа ие, – деді «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның персонал және мәдениет жөніндегі директоры Александр Носов.

«Қазақстан алюминийі» АҚ-да ең көп сұранысқа ие – аппаратшы-гидрометаллургтер, слесарь-жөндеушілер, газ кесушілер, электрмонтерлер және жобалаушы мамандықтары.  «ERG Service» ЖШС-да ең қажетті мамандықтар үштігі қатарына электрдәнекерлеушілер, токарьлар және жүк тасушылар кірді. Ал Қазақстан электролиз зауытында – алюминий өндірудің автоматтандырылған үдерісі операторлары, жүргізушілер және слесарь-жөндеушілер ең қажет мамандар саналады.

Фестиваль қонақтары жұмыс орындарын таңдаумен қатар, VR-көзілдірік арқылы өндіріс орындарына виртуалды экскурсия жасап, жұмыс беруші компаниялар туралы білімдерін интеллектуалдық квизде сынап көрді. Сондай-ақ, арнайы киім киіп, құрал-саймандармен суретке түсіп, мамандықтардың «дәмін татып» көрді.

Шоу аясында балаларға арналған ойын-сауық, спорттық челлендждер мен ұтыс ұйымдастырылды. Байқаулар мен ұтыс ойындарының жеңімпаздары ондаған сыйлыққа ие болды, олардың ішіндегі бас жүлде — соңғы үлгідегі смартфон.

– Менің өз жұмысым бар, бірақ зауытта жалақы жоғары болғандықтан, басқа да мүмкіндіктерді қарастыру үшін келдім. Сонымен бірге iPhone 17 ұтып алғым келді. Армандар орындалады екен! – деді ұтыста жолы болған павлодарлық медбике. Jumys Party шарасы оған сәттілік сыйлады – ол фестивальдің бас жүлдесіне ие болды.