Eurasian Resources Group (ERG) қолдауымен ұйымдастырылған «Run for autism» 2025 қайырымдылық шарасы аясында Рудныйдағы №2 «Алтын күн» балабақшасы мен №1 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, жабдықталды. Қала күні қарсаңында ашылған әр кабинет жыл сайын білім берудегі ерекше қажеттіліктері бар 10 балаға қолдау көрсете алады. Онда заманауи компьютерік жабдықтар, сенсорлы тынығу аймағы орнатылып, дамытушы ойыншықтар мен жиһаз жеткізілген.
Bolashak Charity қоры биыл Астанада осымен үшінші мәрте «Run for autism» атты жыл сайынғы қайырымдылық шарасын өткізді. Шараға жалпы саны 6 мың 500 адам қатысқан. Соның 300-ден астамы дамуында ерекшелігі бар балалар. Жиналған қаражаттың жалпы сомасы – 42,3 млн теңге. Биылғы шарадан түскені – 21,9 млн теңге.
Осыған дейін түскен қаражатқа Астананың 10 балабақшасында инклюзияны қолдау кабинеттері ашылған. Ол жыл сайын білім алуда ерекше қажеттілігі бар 100-ден астам балаға қызмет көрсетеді.
Bolashak Charity қорының инклюзивті білім беру мен дамуында ерекшелігі бар балаларды қолдаумен айналысып келе жатқанына 10 жылдан асты. Қор инклюзия кабинеттері – инклюзивті білім беру моделін әзірлеуші. Осы тәсілмен еліміздің әр тарабындағы балабақшаларда 1 500 кабинет ашылған. Қордың тікелей бастамасымен Қазақстанның 24 қаласындағы мектептер мен колледждерде 75 кабинет жарақталды.
– Біз бүгін ERG компаниясының қолдауымен «Run for autism» атты үшінші қайырымдылық жүгірісінен түскен қаражат есебінен 2 жаңа инклюзияны қолдау кабинеттерін ашып жатырмыз. Қалған қаражатқа Астананың балабақшалары мен колледждерінде тағы 6 кабинет жарақтаймыз. Біз шараның бас демеулерінің бірі болған ERG компаниясына алғыс айтамыз. Ауқымды шараны ұйымдастыру мен аймақтардағы сапалы инклюзивті білім беруді қолдағандарыңыз үшін мың алғыс,- деді Bolashak Charity қорының директоры Азамат Божақ.
– Елімізде барлық балаларға бірдей мүмкіндіктер жасалады. Біз инклюзивті жобалар – сауықтыру кешендерінің құрылысы, туған қалаларымыздағы медициналық инфрақұрылымды жаңарту, бочча және басқа да спорт түрлерінен чемпионаттар өткізу сынды жобаларға тұрақты қолдау көрсетіп келеміз. Осылайша, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға нақты үлес қосып келеміз,- деді ERG-дің Қазақстандағы Бас директоры Серік Шахажанов.
Инклюзия кабинеттерін ашу салтанатына ERG атынан «ССКӨБ» АҚ бас директоры Сергей Кузьменко қатысты.
Денсаулық сақтау саласын қолдау – ERG-дің басым бағыттарының бірі. Компания облыстағы медицина саласы мамандарының біліктілігін арттыру ісін қызу қолдап келеді. Өз кезегінде бұл аймақтағы медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға сеп.
ERG компаниясы еліміздің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға молынан инвестиция құйып келеді. Атап айтқанда: мектептер мен ауруханалар салу, оларды материалдық тұрғыда қамдау, спорт нысандарын салу. Қызметін бастағалы бері ERG-дің кәсіпорындары орналасқан өңірлерге құйған әлеуметтік инвестицияларының көлемі бүгінде 400 млрд теңгеге жуықтады. Жалпы алғанда ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлердің әкімдіктерімен 95 млрд теңгеден астам қаражатқа әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру туралы меморандумдар жасасқан.
Ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда аутизм дертіне шалдыққан 15 мыңнан астам бала бар. Олардың 7 мыңнан астамы әлі мектеп жасына жетпеген бүлдіршіндер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр 100 баланың бірінде аутистикалық спектрдегі ауытқушылықтар болатынын айтады. Ал, АҚШ-тың аурулардың алдын алу мен бақылау орталығы (CDC) бұл әр 31 баланың бірінде кездеседі деген дерек келтіреді.
Бүгінде Қостанай облысында білім беруде ерекше қажеттіліктері бар 9 мыңнан астам бала бар. Оның 816-сы аутистикалық спектрдегі ауытқушылығы бар әлі 17 жасқа толмаған балалар.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайында толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда