Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқытушысы Дастан Қазбек металлург жан-жақты әрі білімді болуы керек деп есептейді. Осы сала бойынша магистратураны тәмамдаған жұмысшы жас негізгі қызметінен бөлек, сүйікті кәсібін де қоса алып жүр.
№1 балқыту цехында еңбек ететін кейіпкеріміз 2016 жылы қолына дипломын алған бойда аталған өндіріс орнына жұмысқа орналасқан.Бала кезінен балқытушы болуды армандаған ол бастапқы кезде жоғары температурадағы цехқа кірудің өзі үрей туғызғанын жасырмайды.
—Балқытушы қызметінің қиындығы аз емес. Бұл тек физикалық күшті ғана емес, үлкен жауапкершілік пен төзімді талап етеді. Кәсіби шеберлік, батылдық та қажет.
Зауытқа алғаш жұмысқа келген күні жеке қорғану құралдарын табыстады. Пешке қарай жақындағанда, ерекше күйге түстім. Әріптестерімнің барлығы үйренген, тып-тыныш жұмыстарын жасап жүр, ал мен қайнаған пеш, құйылған металл, ыстық температура, ауыр темірлерден аң-таңмын. Шынымды айтсам, әуелде өте қиын болды. Цехтағы бірінші күнді әрең өткізіп, үйге келгенде көзіме жас алғаным бар. Көкейде «бұл жұмысқа шыдай аламын ба?..» деген сұрақ тұрды. Бірақ бір іске шындап кіріссең, бүкіл ауыртпалықты еңсереді екенсің, бәрі көрген түстей өте шықты. Қазір, шүкір, білікті балқытушыға айналдым. Өз мамандығымды қатты жақсы көремін, тіпті мақтанамын. Арада 9 жыл уақыт өтсе де, ештеңеден жалықпадым, бұл саланы таңдағаныма өкініш жоқ, — дейді Дастан.
Түрлі металдарды арнайы қалыпқа құю, соның ішінде болат сияқты ауыр металмен жұмыс істеу, олардан түскен заттарды жинау міндетіне кіретін маман ең бірінші кезекте қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін жақсы түсінеді. Себебі қателік бұл салада кешірілмейді…
Кәсіби тұрғыда шыңдалуына үлкен әсер еткен қызметтестерінің бірі зауыттағы ұстазы, цех басшысы Ержан Есенбаев екенін айта келе, оның ақыл-кеңесі мен қолдауының арқасында кәнігі маманға айналғанын қосқан әңгімелесушіміз алғысын білдірді. Енді өзі де жас металлургтерге жөн сілтеп, бағыт беріп жүрген Дастан бұған бек қуанышты.
Зауыттың қоғамдық өміріне де белсене қатысып, КТК ойындарында өнер көрсететін Дастанның бірер жылда «үздік ойыншы» атанғанын білдік. Сонымен қатар ол жиын-тойларда асабалық қызмет атқарып, бұны студент кезінен кәсіп көзіне айналдырыпты.
Жыл басында «Кел, шырқайық!» телевизиялық музыкалық шоуына қатысқан Ақтөбе ферроқорытпа зауытының «Хром» командасының құрамында болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен бақ пен бабын сынаған жұмысшы мамандар арасынан үздік нәтиже көрсеткен Дастанның командасы осындай мәдени-сауықтық бағдарламалардан қалмауға тырысады.
— Бұл додаға бізді жұмысшы мамандар ретінде шақырған еді. Командамыздың құрамында өзімді қосқанда 6 зауыт қызметкері болды. Атап айтсам, балқыту цехының кран машинисі Айман Құттымұратова,металлургиялық жабдықтарды жөндеу цехының электрогазымен дәнекерлеушісіЖаңасыл Жанқабылов,инженер-рентгеноскопист Әсемгүл Аймағамбетова,шихта машинисі Шымболат Қайратұлы және логистика басқармасының қойма есебі және қойма шаруашылығын басқару жөніндегі менеджері Нұрия Қуандықова.
Жоба барысында өз жұмысымыз жайында кеңірек түсіндіріп, саланың қыр-сырын айтуға тырыстық. Өнерімізді паш етті. Нәтижесінде әріптестеріміздің, көрерменнің қолдауымен бірінші орынға ие болдық.
Көпшілік металлургтерді тұйық, өзгелерден саяқ жүреді деп санайды. Бірақ арамызда шығармашылық жандар аз емес. Өйткені металды құйып, бір өлшемге келтірудің өзі үлкен ептілікті қажет етеді. Түсіне білгенге бұл да өнер, — деп ағынан жарылды жігіт.
Өнеркәсіп саласында қызмет ететін Дастан ұжымындағы әріптестеріне, олардың ұйымшылдығына дән риза.