06 Мамыр 2025

Қостанай облысында боксит өндіретін жаңа карьер пайдалануға берілді

ERG құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – Краснооктябрь боксит кен басқармасының (КБКБ) Красногорск кенішінде №10 жаңа карьер пайдалануға берілді. Нысанды іске қосу кәсіпорынға өндірістік қуаттың тұрақты жұмысын және Павлодар алюминий зауытын боксит шикізатымен уақтылы қамдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кеннің алғашқы шөмішін экскаватор машинисі Андрей Кузнецов салтанатты түрде тиеді.

– 32 жылдық еңбек жолымда алғаш рет карьер ашып, бокситтің алғашқы шөмішін салған сәт маған бұйырды, - деді Андрей Николаевич.  – Бұл толқытатын әрі жауапты сәт болды. Көп жылдар бойы дайындық жұмыстары жүргізілді, міне, енді  сол сәт келіп жетті. Сапалы бокситті көргеніме қуандым.

Алғашқы ауысымда  №10 карьерде 3 600 тонна шикізат өндірілді. Болжам бойынша, бұл кен орнын игеру бірнеше жылға созылады. Карьердің жобалық параметрлері: тереңдігі - 184 м, ұзындығы - 2 610 м, ені - 1 980 м. Өндірістік 6 процеске HITACHI EX1200 гидравликалық экскаваторы, ЭШ 10/70, ЭШ 11/70 және ЭШ 14/50 адымдағыш экскаваторлары, сондай-ақ 20 Komatsu автосамосвалы тартылды. Сонымен қатар, қосалқы техника жұмыс істеуде: бес бульдозер, екі автогрейдер және тиегіш.

– Карьер құрылысы 2023 жылы ақпан айында басталды, – деді КБКБ Красногорск кенішінің  тау-кен жұмыстары жөніндегі сарапшы Даниэль Бисахалов.  – Осы уақыт ішінде тау-кен күрделі аршу көлемі 11,5 млн кубометрден асты. Сонымен қатар, кірме автожол, қосалқы станция, электр беру желілерінің құрылысы жүргізілді. Қазіргі таңда, карьер суларының ағуын қамтамасыз ету үшін айдау-сорғы станциясы мен зумпфтың құрылысы жалғасуда. Бүгінде №10 карьерде кен өндіру жұмыстары қызу жүргіп жатыр.