Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы Қазақстан электролиз зауыты мен Ақсу ферроқорытпа зауыты («Қазхром» ТҰК» АҚ құрамында) тұңғыш рет әлемдік Global Benchmarking жүйесінде салыстырмалы талдаудан өтті. Аудит қорытындысында ҚЭЗ – мүмкін болған 5 ұпайдан 2,03, Ақсу ферроқорытпа зауыты – 2,32 ұпай жинады. Жапониядан келген аудитор бұл жоғары баға екенін баса айтты.
ERG кәсіпорындарына аудит жүргізудің не қажеті бар?
Аудит өндірістік жүйенің деңгейін әлемдік көшбасшылар межесіне қарай ілгерілетіп, кәсіпорынды дамытудың тың мүмкіндіктеріне жол ашады. Сәйкесінше, Қазақстан электролиз зауыты мен Ақсу ферроқорытпа зауыты әлемдік металдар нарығындағы позицияларын нығайтып, қызметінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Аудит нәтижесін қорытындылаған TOYOTA ENGINEERING CORPORATION өкілі Тацуми Кимура ұқыпты өндіріс құралдарын енгізген соң араға 2-3 жыл салып, тек санаулы компаниялар ғана өндірістік тиімділіктің жоғары деңгейіне жете алатынын атап айтты. Бүгінде көптеген компаниялар мұндай нәтижеге 7-10 жылда жетсе, кезінде Toyota компаниясы бұған 30 жылға жуық уақытты сарп еткен. Сондықтан, ҚЭЗ бен Ақсу ферроқорытпа зауытының нәтижесі көңіл қуантады. 2,03 пен 2,32 ұпайлары ERG Way өндірістік жүйесін дамыту ісінің оң нәтижелері барын айқын көрсетті.
Өндіріс қалай бағаланды?
Әр кәсіпорында аудит жүргізуге 5 күн бөлінген. TOYOTA ENGINEERING CORPORATION ревизоры Тацуми Кимура әр зауытты 12 критерий бойынша мұқият бағалап шыққан. Жапон сарапшысы жұмыс орнын ұйымдастыру, еңбекті қорғау, жұмыскерлердің кайдзен-топтарына қосылуы, жабдыққа техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, инженерлер мен операторлардың өзара әрекеті және т.б. мұқият саралады.Бес күндік талдау барысында Тацуми Кимур зауыт цехтарын аралап, кәсіпорынның әртүрлі саласының қызметкерлерімен тілдесіп, ақпараттық тақталар мен жабдықтарды мұқият зерттеді. Сонымен қатар цехтарды аралаған соң жұмыскерлермен кері байланыс орнатып, жетілдіруді қажет ететін тұстарды көрсетті. Бағалаудың түп негізі – ұқыпты өндіріс қағидаларын енгізу.
– Мен өз кәсіпорнымда жұмысымды енді бастаған тұста «Toyota» өндірістік жүйесі әлі толық стандартталмаған болатын. Бұған 30 жылға жуық уақыт қажет болды,- дейді Тацуми Кимура. – Ал, ERG кәсіпорындарында өндірістік жүйені енгізу бірнеше жыл бұрын басталған. Алайда, қазірден нәтижесі көрініп жатыр. Мені қуатқаны басшылар да, қатардағы қызметкерлер де бұл бағытта табысқа жетуге талпынады. Менің ойымша алдағы бірнеше жылда сіздер өзге компаниялар 10-15 жылда жеткен нәтижелерге қол соза аласыздар.
ERG кәсіпорындарының ерекшелігі неде?
Аудит қорытындысын жариялағанда Тацуми Кимура Қазақстан электролиз зауыты қызметін бастағалы бергі 17 жылда шығарылған өнімнің сапасына бірде бір шағым болмағанын жоғары бағалады. Ревизор персоналды оқытудың корпоративтік жүйесін мен еңбекті қорғау шаралар бас бармақпен бағалады. Сайып келгенде мұның бәрі қорытынды ұпайларға ықпал етті.
– Сіз берген ұпайлар бізді алдағы уақытта бұдан қарқынды дамуға ынталандырады. Алар асу, бағындырар белестер әлі де көп, – деді қорытынды жиында «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ Бас директоры Андрей Батраченко.
Тацуми Кимура Ақсу ферроқорытпа зауытында қызметкерлердің жұмыс процестеріне жаны ашитынын бас айтты. Компанияның түпкі мақсаттарын қатардағы қызметкерлерге тиянақты түсіндірілгені аудиторды қуантты. Жұмыс орындарындағы 5С жүйесін сақтау деңгейі мен ақпараттық стендтердегі ақпараттардың жаңартылуы жақсы.
– ТЕС консультантынан жоғары ұпай алдық деп, тоқмейілсуге болмайды. Ендігі біздің міндет – қол жеткен нәтижелерді тек жақсарта беру, – деп атап айтты Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев.
Осы орайда, 2022 жылы ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорындарының алды болып, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты әлемдік Global Benchmarking салыстырмалы талдауы бойынша аудиттен өткенін естеріңізге саламыз. Кәсіпорынға 2,11 ұпай берілген болатын. Бір айта кетерлігі: әзірге бірде бір металлургиялық кәсіпорын Toyota Engineering Corporation компаниясынан 4,1-ден жоғары ұпай алып көрмеген. Дамыған Жапония мемлекетінде болат құюшы кәсіпорындар өндірістік жүйені бағалау нәтижесінде орта есеппен 1,8 бен 2 межесінде ұпай жинайды екен. Сондықтан, 2-ден жоғары ұпайдың бәрі жоғары баға болып саналады.