bugin.kz 8.03.24 – "Еңбекқорлық, қайсарлық, жауапкершілік": өндірістегі қазақ аруларының жан әлемі

Қазақ әйелдерінің образы - ана, келін, біреудің қызы, қарындасы деген секілді туыстық жақындықтармен көп айтылады. Олардың кәсіби біліктілігі, таңдауы, танымы, жаны көлеңкеде қалып қояды.

Қазақ әйелдерінің образы – ана, келін, біреудің қызы, қарындасы деген секілді туыстық жақындықтармен көп айтылады. Олардың кәсіби біліктілігі, таңдауы, танымы, жаны көлеңкеде қалып қояды. Айтыла бермейді. "Шыдамды" сөзімен жанын сірі деп елестетеміз. Бірақ әркім мінезінің ерекшелігіне сай мансаптық жолында қыздарды мүлде елестете алмайтын салаларда 10-20 жылдан бері еңбек етіп жүрген арулар аз емес. Олар – өзін бір кәсіпке арнап, сол жолда ұжымын алға сүйреп жүр. Бүгін біз ERG құрамындағы "Қазхром" ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының аруларының жан әлеміне саяхат жасаймыз. Бұл өндірісте 2,5 мың әйел еңбек етеді.

 Декреттік демалысы өзгерткен Гүлсім

Гүлсім Байменова – Ақтөбе  облысының Хромтау қаласында орналасқан Дөң тау-кен байыту комбинаты орталық механикалық жөндеу шеберханасының үшінші санатты дәнекерлеушісі. Гүлсім  дәнекерлеу ісіне декретте жүргенде қызығыпты. Өзінің алғашқы мамандығы есепші болса да, осы салаға келуге бет бұрған. Хромтаудағы тау-кен техникалық колледжіне дәнекерлеушінің үш айлық курсына жазылып, қолына куәлігін ала сала, қазіргі цехына құстай ұшқан сәтін кейіпкеріміз әлі күнге дейін есіне алып, жылы жымияды. Дәнекерлеуші Гүлсім:

"2010 жылы жоғарғы оқу орнын бітірген түлек секілді, цехқа қарай асыққаным – еңбек жолымдағы естен кетпес оқиғам. Өндірістік сараманнан өтіп жүргенде, цех басшылығына жолығып, «куәлігімді алған соң, қайта келемін. Мені журналымыздың бір бұрышына ұмытпас үшін жазып қойыңызшы» деген сөздерімді есіме алып, кейде күлемін. Бұл менің өндіріске басқан алғашқы қадамдарым болғанымен, дәнекерлеу курсына жолдасымның қолдауымен бардым. Ол менің таңдауымды қолдап, маған сүйеніш болды. Бір жерде жұмыс істейміз деп, балаша қуандық",– дейді сөз арасында .

Иә, Гүлсім мен жолдасы Марал  – бір салада еңбек ететін әріптестер. Маралдың цехта слесарь болып еңбек етіп келе жатқанына бүгінде 20 жылдай уақыт болды. Араға бес жыл салып, жұбайы келіп, енді бір учаскеде қызметтес болып жүр. Әке мен ананың ізінен еріп, үлкен ұлы Тимур да кәсіпорынға келген. Ол бүгінде кендерді байыту және кесектеу фабрикасында электрослесарь қызметінде. Гүлсімнің айтуынша, кенже ұлы да әскерден келіп, Дөң тау-кен байыту комбинаты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасына электромеханик болып жұмысқа орналасыпты.

Дәнекерлеуші маскасын киіп, жай отын ойнатып, темірді темірге жалғап, жұқарған тұстарды белгілі мөлшерде қалыңдату мен жамауды Гүлсім мүлдем қиынсынбайды. Бастапқы кезде дәнекерлеудің детальдарынан кішігірім қателіктер жібергенімен, цехтағы бес дәнекерлеуші әйелдің алдыңғы шебінде тұруына бойындағы қабілеті себеп болса керек.

– Цехқа келсем, демаламын десем, артық айтқаным емес. Бір түсінгенім, әр жұмыс күнімде жаңа нәрсені үйренеміз. Дәнекерлеудің тың ілімі шыға береді. Сонысымен де қызықты, – деді Гүлсім Байменова.

Өнерден өндіріске ауысқан Тынай

Тынай Сұлтанғұлова – Дөң тау-кен байыту комбинатында шахтерлер мен материалдарды жер астына түсіріп-көтеретін клетті басқарып отырады. Ол бұрын музыканттар арқылы нотаны басқарса, қазір тетік арқылы адамдардың өмір қауіпсіздігіне тікелей жауап береді.

Өндірісте жұмыс істемейтіндерге таңсық болғанымен, Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинаты үшін "оқпаншы-сигналшы" қызметі үлкен мәнге ие. Шыңырауға шахтерлер мен материалдарды түсіріп-көтеретін клетті тізгіндеп отыру оңай іс емес. Бала күнінен саусақтары домбыра шерткен Тынай Сұлтанғұлованың шахта оқпанында "СТОП" сигналдарын басқарып келе жатқанына 14 жылдай болыпты.

"Менің негізгі мамандығым – музыка жетекшісі. Бірнеше жыл балабақшада бала күтуші әрі музыка жетекшісі болдым. 1989 жылы жолдасымның айтуымен Ақтөбенің Алға ауданынан Хромтауға қоныс аудардық. Ол Дөң тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасына жарушы болып қызметке тұрды. Қазір ол мен еңбек ететін шахтада сорғы жабдығының машинисі қызметінде. Біраз уақыт өткен соң, бала-шағаның қамын ойлап, жолдасыма көмек болсын деп мен де комбинатқа жұмысқа тұрдым. Бүгінгі таңда жалғыз ұлым Мұрат та кәсіпорынның жөндеу цехында еңбек етеді", - дейді ол.

Шахтада жерасты және жерүсті оқпандары бар. Ол – жердің бетіндегі оқпаншы. Тынайдың міндеті – стационарлы телефон арқылы нұсқаушылармен байланыса отырып, уақытылы, дер кезінде адамдар мен материал тиелген платформаларды клетпен жіберіп отыру. Оның міндеті темір-терсек, бекітпелер, шпалдар, электрқозғалтқыштар секілді түрлі материалдарды түсірумен шектелмейді. Ол сол жердегі жұмысшылардың өмір қауіпсіздігіне тікелей жауап береді. Әр батырманы басқан сайын, адам өмірі үшін шешім қабылдайды.

"Ең алғаш жұмыс орныма келгенімде мұндағы клет бөлімі мені қайран қалдырды. Ал сигналшы отыратын басқару пульті бөлмесінен қорықтым. Жауапты іске аяқ басып жатқанымды сонда түсіндім. Игере алмай қалсам, не істеймін деп ойладым. Алдымен жұмыстың басты қағидаларымен таныстым. Менің жұмысым мұқияттылықты, шапшаңдықты талап етеді. Мұнда өндірістің тоқтап қалмауы мен апатты жағдайлар орын алмас үшін барынша қауіпсіздік техникасын сақтау қажет", - дейді.

Алайда ол осы қызметке тұрғаннан бастап-ақ өзіне тәлімгерлік еткен Мәншүк Матвиенко есімді тәжірибелі оқпаншының үйретуімен аз уақытта оқпаншы-сигналшы мамандығының қыр-сырын жете түсініп, өз міндетін еш іркіліссіз атқаратынын айтты. Ал бүгінде өзінің де жетекшілігінен шыққан небір мықты сигналшы арулар осы шахтада еңбек етіп жүр. Ұжымын екінші отбасындай көретін кейіпкеріміз өндірісте бірлескен күшпен әрекет ету керектігін айтады.

Тынай Абдуллақызы:

"Біздің жұмыс төрт ауысымнан тұрады. Барлығын санағанда он шақты адамбыз. Ұжымым өте тату. Әріптестердің барлығы бір-біріне көмектесуге дайын тұрады. Менің ұжымымда мұндай марапатқа менен де лайықты адамдар бар", - деді .

Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтада скипті-клет, солтүстік-желдеткіш және қосалқы оқпандары болса, Тынай Абдуллақызы  скипті-клет оқпанын басқарады. Басқару пульті бөлмесінде отырып, горизонттарға түсіп бара жатқан әр жұмысшының ісіне сәттілік тілеп, жер астынан көтерілгендерге күннің нұрындай мейірімін шашып, қарсы алар қызметкерді олар өз анасындай жақсы көреді. Маңайына «апалап» барып амандасар жігіттердің өндірістен шаршаған сәттерін жылы жүзімен сейілтіп тастайтындай-ақ. Материалдарды таситын жұмысшыларды өз баласындай көретіні соншалық, кейде олардың сулы киімдерін жылытқышқа жайып, суық тиігізіп алмауларын ойлап отырады.

Бала күнінен әсем әуенге құштар болып, өздігінен домбыра аспабын қолына алған қызметкердің терме айтатын өнері бар. Сағымқожаның, Ақтамбердің термелерін шырқайтын кейіпкеріміз бос уақытын осы іспен өткізеді.

Ақ адал еңбегімен көпке үлгі, жұмыс күнінің әр таңын ризалықпен атыратын адал жар, ардақты ана, сүйікті әже, сыйлы әріптес Тынай Абдуллақызы – өзін өндірістің бір бөлшегі санайды.

Назгүлдің нардай ісі

Назгүл Мұқашева – 17 жылдан аса токарь білдегінде жұмыс ісейді. Токарь мамандығы қазақ үшін таңсық іс емес. Кезінде ата-бабаларымыз темірден түйін түйген шебер болған. Ал Хромтаудағы кәсіпорында токарьлық станоктарды нәзік қолдарымен игерген арулар да бар. Ол аз десеңіз, биікте кран жүргізіп, темір дәнекерлеп, конвейер машинисі атанған әйелдерді де кездестіруге болады. Талай жыл табысты та үлгілі еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз – Назгүл Жақсылыққызы комбинаттың шахталарына қажет қамыт(хомут), горизонттарға арналған бекітпелердің ұсақ түйреуіштерін жасайды.

"Біз негізі Ақтөбенің Шалқар ауданынанбыз. Бала күнімізде Хромтау жаққа қоныс аудардық. Бес ағайындының үлкенімін. Жетінші-сегізінші сыныптарда жасөспірімдерді еңбекке үйрететін. Картоп егуге, сақманға жіберетін еді. Бір қызығы, сол кезде қыздарды токарьлық іске де баулыды. Бала күнімде меңгеріп алған сол кәсібім – 36 жасымнан бері пайдама жарап келеді", - деп кейіпкеріміз әңгімесін тарқата түсті.

Назгүл Дөң тау-кен байыту комбинатындағы еңбек жолын №1 кенді ұсақтау және байыту фабрикасында конвейер машинисі болып бастаған. Кейін денсаулығына байланысты жұмыстан кеткенімен, 2007 жылы комбинаттың темір шығаратын зауыт секілді қарыштап қуат алған орталық жөндеу-механикалық шеберханасына токарь қызметіне әйел адамдарды жинап жатқанын естиді. Кеңес үкіметі кезінде оқып алған бір парақ құжатын алып, Назгүл де бағын сынап көреді. Осылайша жұмысқа бірден қабыданған болатын. Қолының темір жонуға икемі бар, керек материалды әп-сәтте кесіп, дайындап беретін келіншекті ұжымы бірден байқайды. Сол кездегі цех басшысы Жансерік Тұрахметов оны тәжірибелі токарь Жанат Жанаковаға бекітіпті. Кейін учаске шебері Александр Андреевич есімді темір түюдің маманынан үлгі алып, токарь ісін әрі қарай үйрене берді. Бүгінде Назгүл Жақсылыққызы – цехтың алдыңғы қатарлы қызметкері.

Кейіпкеріміз еңбек ететін орталық жөндеу-механикалық шеберханасы қаладағы шахталар мен өзге де өндірістік цехтарды барлық қажетті материалдармен қамтамасыз етіп отыр. Соңғы жылдары шеберхана заманауи білдектер, арнайы жабдықтармен толықты. Жұмысшылардың жасаған бұйымдары зауыттан шыққан өнімдерден кем түспейді.

"Менің бақытты болуымның бірден-бір себебі – анамның қасымда жүруі. Анам жанымда, әкем осыдан 20 жыл бұрын дүние салды. Қазір менің және балаларымның қызығын анам көріп отыр. Мені бақытты ететін осы нәрсе. Одан бөлек әр таңымды шүкір айтудан бастаймын. Ауру-сырқаусыз, денім сау, балаларым мен немерелерім аман, жұмысым мен ұжымым да жайлы. Бұдан асқан бақыт жоқ", - дейді ол.

Назгүл мен жары Мейрамның 3 ұлы мен 1 қызы бар. Келін түсіріп, немере қызығын көріп жатқан кейіпкеріміз жақында 53 жасқа толды.

"Мен өз ісімді сүйіп орындаймын. Кез келген жұмыстың қиындығы бар. Бірақ ықыласпен атқарған істен шаршамайсың. Ал ана болу – бізге жүктелген міндет", - дейді сөз арасында.

дереккөзі