Артқа

ERG ЮНЕСКО-ның құрметті серіктесі атанды

09.06.2023

ERG ЮНЕСКО-ның құрметті серіктесі атанды

Халықаралық әлеуметтік балалар бастамаларын дамытуға сүбелі үлес қосқаны үшін Eurasian Resources Group (ERG) ЮНЕСКО-ның құрметті серіктесі сертификатымен марапатталды.

ERG осымен үшінші жыл қатарынан дарынды жасөспірімдерге арналған кең ауқымды – The Planet of ART балалар шығармашылық мерекесінің бас демеушісі болды. Осы уақыт аралығында жобаға еліміздің әр тарапынан жалпы саны 13 мың бала қатысқан. Қазақстанның ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы ұйымдастырған халықаралық байқау Қалибек Қуанышбаев атындағы театр сахнасында түйінделді.

Салтанатты шараға ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуледе қатысты. Құттықтау сөзінде ол Қазақстандағы білім беру мен мәдениет саласындағы кең ауқымды реформаларды жоғары бағалады.   

Қазақстан президентінің кеңесшісі Болат Ақшолақов бұл халықаралық байқаудың осымен бесінші мәрте өтіп жатқанын атап айтты. Ол халықаралық әлеуметтік балалар бастамаларын дамытуға сүбелі үлес қосқаны үшін ERG-ге ЮНЕСКО-ның құрметті серіктесі сертификатын табыс етті.

Еуразиялық Топ Бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаев компанияның әлеуметтік жобаларға үлесін лайықты бағалаған ұйымдастырушыларға алғысын айтып, балаларды құттықтады.

– Бұл байқауға қатыстан әр үміткер – жарқын талант, теңдессіз тұлға. Олардың арасында үлкен сахнаның болашақ жарық жұлдыздары жүргеніне менің сенімім кәміл. Сондықтан, осындай шараға септескенімізді біз мақтан тұтамыз. Баршаңызға толайым табыстар тілейміз!

ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлерде әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде қолдап келеді. ERG-дің қолдауымен әлеуметтік жағдайы алуан түрлі 13 мың бала шараға тегін қатысып, бойындағы өнерін паш ету мүмкіндігіне ие болды. Биылғы «The Planet of ART 2023» халықаралық фестивалі БҰҰ бейбітшілік кепілі ретінде жарияланған Халықаралық диалог жылына орайластырылған.