Артқа

Хромтауда биыл бастамалы бюджеттендіру жобасы жаңа атаумен басталды

13.05.2022

Хромтауда биыл бастамалы бюджеттендіру жобасы жаңа атаумен басталды

«Tugan qala» – жыл сайын облыс әкімдігі мен Eurasian Resources Group арасында жасалатын Меморандум аясындағы қаражатты тиісті мақсаттарға бөліп, қаланы абаттандыру ісіне Хромтау (Ақтөбе облысы) тұрғындарын кеңінен жұмылдыру бастамасы. ERG бастап, әкімдіктер қолдаған жоба осымен үшінші жыл қатарынан қолға алынып отыр. Мамырдың 15-і күні жоба «Tugan qala» атауымен басталды.

ERG осыдан 2 жыл бұрын қолға алған «Берекелі бастама – Городская инициатива» атты жоба әлеуметтік корпоративтік бастама ауқымынан өсіп шығып, бүгінде жалпы республикалық жобаға айналған. Ол еліміздің төрт тарабына түгел тарады. Жоба операторлары – Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен урбанистер қауымдастығы. Ал, ERG өз бастамасын кәсіпорындары оналасқан өңірлерде енді «Tugan Qala» атауымен жалғастыра бермек.

Бастама тұрғындар мен әкімдік, қала құраушы кәсіпорын – Дөң тау-кен байыту комбинатының елді мекенді жақсатруға деген ұмтылысын бір арнаға тоғыстырды. Осыған дейінгі тәжірибе бірлесе күш салғанда, қоғамдық инфрақұрылымды жақсарту қамындағы жұмыс нәтижелі болатынын көрсеткен. Биылғы ерекшелігі – тұрғындар мәдени-бұқаралық сипаттағы шараларға қатысты жобаларын да ұсына алады. Қатысушылардың жасына қойылатын шектеу 18 жастан, 16 жасқа дейін түсірілді.  Яғни, жасы 16-ға толған кез келген тұрғын өз идеясын ұсына алады. Жобалық ұсыныстың құнына қойылған шектеу де ұйғайтылған. Ендігі жерде 1 инфрақұрылымдық жобаға 9 млн теңге, ал оқиғалық шараға 3 млн теңгеге дейінгі қаражатты қарастыруға болады.

Бұл бастама моно қала – Хромтау тұрғындарының өздеріне қандай инфрақұрылымдық нысан немесе қандай оқиғалық шаралар ұйымдастырылуы тиіс екенін өздері анықтауына жол ашты. Тұрғындар алдымен өз идеяларын ұсынады. Нысанның қызметі мен оның сыртқы көрінісін жобалайды. Кейін ұсынылған жобалар арасынан жүзеге асырылатынын да өздері таңдап алады. Жеңімпаз жобаларды ERG қаржыландырып, 2023 жылы әкімдік жүзеге асырады. ERG компаниясы осы жобаларды жүзеге асыруға 80 млн теңге бағыттауды жоспарлап отыр.

2020 және 2021 жылдары Хромтау тұрғындарынан жалпы саны 116 жобалық ұсыныс түскен. 44 жоба дауыс беруге жіберілді. Соның 13-і қолдау тауып, жүзеге асқан.

– Компанияның маңызды міндеті – туған қалалардың гүлденуін қамтамасыз ету, - деп атап өтті Еуразиялық Топ басқарма төрағасының персонал және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ақмарал Найзабекова. – Бастамалы бюджеттендіру механизмі жергілікті жердегі ең өзекті әлеуметтік проблемаларды айқындап, тұрғындардың өздері ұсынған амалмен оларды тиімді шешуге септеседі. Ал бұл проблемаларды шешу – қызметкерлеріміздің өмір сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттырып, олар мекендеген ортаны жайлы ету деген сөз. Бұл – Еуразиялық Топ талпынып отырған басым бағыттың бірі.

«Tugan qala» бастамасы тек жаңа нысандардың бой көтеруіне септесумен шектелмей, қаладағы қазір өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді шешеді. Бірлескен жұмыс туған қаланы көркейтіп, бизнес, әкімдік пен тұрғындарды ортақ іске, барынша ұйыстырады.

Бұл механизмді Eurasian Resources Group 2019 жылы Еуразиялық Топ кәсіпорындары орналасқан қалаларда «ERG қаласы» атты байқау аясында сынап көрген. Бастаманы Жоба орталығы үйлестіреді. Жүзеге асырылатын жобаларды әкімдік, Дөң ТКБК мен ERG өкілдері, қоғам белсенділерінен іріктелген сарапшылар кеңесі саралап, бағалайды.

Қала тұрғындары ұсынған жобалармен порталда танысып, үздіктеріне дауыс бере аласыз.

Әлеуметтік желідегі парақшаларымызды қарай жүріңіз.