Артқа

Қазақстан электролиз зауыты 2 миллион монтаждалған анод өндірді

12.01.2022

Қазақстан электролиз зауыты  2 миллион монтаждалған анод өндірді

Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ айтулы өндірістік кезеңді еңсеріп, мерейлі 2 миллионыншы монтаждалған анод өндірді.

Анод – алюминий өндірісіндегі негізгі шикізаттың бірі. Ол Қазақстан электролиз зауытындағы электрод өндіру цехында 14 жыл бойы тұрақты монтаждалып келеді. Ең бастысы – анод өндірісінде заманауи технологиялар мен тиімділігі 99,8% газтазарту жабдықтары пайдаланылады. Осылайша, процес экологиялық тұрғыда барынша қауіпсіз.

Электрод өндіру цехының қуаты кәсіпорынды материалдың қажетті қорымен қамдауға жеткілікті. Қазір зауыт кәсіпорынның монтаждалған анодқа деген сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр.  

– Зауыт тарихы көз алдымда, тіпті оны өз қолыммен жазып жатыр десем артық айтқандық болмас. Расында, бұл оңай шаруа емес. Алайда, еңбектің жемісін, өз қолыңмен ортақ ауқымды іске үлес қосқаныңды көргенде көңіл марқаяды. Біз күнделікті жұмыста тек анод монтаждау цехы ғана емес, жалпы бүкіл зауыттың өндімділігіне үлес қосып келеміз, - деді анод құюшы Қуат Медеубаев.

Анод қажетті қалыпқа келтіріліп, тиісті стандарттар талабына сай болуы үшін алдымен оны сығымдап, күйдіріп, сосын монтаждайды. Бұл істі түрлі учаскелердің білікті мамандары өз ауысымдарында атқарады. Осы орайда, екі миллионыншы анодты №54 ауысым мамандары өндіргенін айта кеткен абзал. Олег Серебренников осы электрод өндіру цехында анод құюшы болып еңбек етеді.

– Зауытта 2013 жылдан бері еңбек етіп келемін. Әр ауысым алдында аздап қобалжитынымыз бар. Өйткені, анод сапасы түпкі өнімге де әсер етеді. Меніңше, бұл кәсіпте өз ісіңді шын сүйіп, жаныңды сала істесең, жұмыс жақсы жүреді. Нәтиже де көңіл толтырып, жұмыстан рахат сезінесің. Мен үшін осы екі миллионыншы анодтың маңызы зор. Өйткені, оны өз қолыммен дайындададым, ­– деді Олег Серебренников.

Ауысым сайын анод монтаждау учаскесінен 250 анод өтеді. Бұл айына 12 мың 900 анод деген сөз. Қазақстан электролиз зауытында өндірілген анод отандық алюминий сапасын бақылауға мүмкіндік беріп, өнімдегі жергілікті үлесті 90% жеткізуге септеседі. 2013 жылы өз анод өндірісін іске қосқан сәттен бері кәсіпорын Қытайдан анод импорттаудан бас тартқан болатын.