Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ERG республикалық «Ел тірегі – Елбасы» акциясына қолдау көрсетті. Өткен жазда ERG және BTS Education компаниялары көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар тегін оқытылатын ауқымды бағдарламаны қолға алған болатын.
Алғашқы кезеңде қатысу мүмкіндігі ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлер – Павлодар, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында тұратын балалар мен жұмыссыздарға ұсынылды.
Екінші кезең тамыз айында басталды. Еліміздің түрлі қалаларынан өтініштердің көптеп түсуіне байланысты, Қазақстан аумағы бойынша барлық ынта білдірген оқушылар үшін «Ел тірегі – Елбасы» акциясының білім беру гранттарына ашық байқау жарияланды.
- Білім беру сапасын арттыруды еліміздің дамуы жолындағы зор мүмкіндік деп білеміз, - деп атап өтті ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. – Біздің білім беру жобамыз көп балалы және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың жоғарғы оқу орындарына немесе колледждерге түсуге дайындалуына септеседі деп үміттенеміз. Сондай-ақ, біз балалар мен жастардың жұмысқа орналасуына, кәсіби және тұлғалық өсуіне септігін тигізетін дағдыларды меңгерудің тегін мүмкіндігін ұсынуды шештік.
Бүгінгі күні 1 135 адам оқыды.
Оқушылар 2tors.online платформасында «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Математика» немесе «Қазақстан тарихы» пәндері бойынша үздік мектеп репетиторларынан онлайн-сабақтар алды. Сонымен қатар, тіркелген қатысушылардың барлығына еңбек нарығында сұранысқа ие SMM, «Әдепкі бағдарламалау», «Интернет-сауаттылық», «Teach English», «Электронды коммерция» бағыттары бойынша тәлімгерлердің жетекшілігімен JumysBar онлайн-мектебінің курстарынан өту мүмкіндігі берілді.
300-ге жуық бала edunavigator 2.0 платформасында кәсіптік бағдарлау тестінен өтті. Тестілеу ұсынымдық сипатқа ие, ол адамның мықты жақтарын, ұтымды дағдыларын анықтауға, болашақ мамандықты таңдауына септеседі.
Оқушылар мен мұғалімдер арасында өткізілген сауалнамаға сүйенсек, оларға оқытудың ұйымдастырылуы, оқытушылардың кәсібилігі, жаңа дағдылар мен пайдалы білімдерді игеру мүмкіндігі ұнаған.
Оқуға тартылғандар арасында мерзімді түрде бағалы жүлделер берілетін конкурстар, түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрды. Гаджеттер, бренд нышаны басылған өнімдер ойнатылды.
BTS Education қызметкерлері үшін мұндай маңызды жобаға қатысу үлкен сынақ әрі мықты тәжірибе болды. Компания басшысы Саясат Нұрбек былай дейді:
- Біз табысы төмен ортаға жататын отбасылардың болашақта жұмысқа тұруға, ойдағыдай мансап құруға көмектесетін дағдыларды игеруіне және дамытуына жағдай жасауды өзімізге басты мақсат етіп қойдық. Көп балалы немесе аз қамтылған отбасынан шыққан кез келген бала жаңа, өзекті білімдерге қол жеткізсе деген тілекті ұстандық.
Биылғы жылы, сондай-ақ, ERG «Ел тірегі – Елбасы» акциясы аясында Топ кәсіпорындары орналасқан өңірлерде тұратын көмекке мұқтаж қазақстандықтарға 12 мыңнан астам азық-түлік себетін табыстады.