Артқа

#Біргенұрүстіненұр - Ақсу энергетиктерінің кәсіби мерекесін осындай ұранмен атап өтеді

22.12.2021

#Біргенұрүстіненұр - Ақсу энергетиктерінің кәсіби мерекесін осындай ұранмен атап өтеді

Кәсіби төл мерекелері – энергетиктер күні қарсаңында Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының энергетиктері  марапатталды. Станцияның еңбегімен дараланған қызметкерлеріне жұмыс орындарында төсбелгілер, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар тапсырылды.

Мереке күні таңертеңнен кәсіпорынның орталық кіреберісінде музыкалық кавер-топ әсем әуен шалқытып, жастар шоколад таратты. Ал қызметкерлердің көңілін облыстық филармонияның қазақ ұлттық аспаптар ансамблі көтерді. Асханаларда марапатталғандар жайлы бейнероликтер, энергетик мамандығының маңызы туралы ролик, сондай-ақ энергетиктердің балалары да түскен «Жұмысқа кеттік» арнайы жобасы көрсетілді. Оған қоса, кәсіпорын цехтарының қызметкерлері арасында Show Mozg Go On шоу-ойыны ұйымдастырылды.

Осымен екі жыл қатарынан коронавирус пандемиясы кәсіби мерекелерді атап өту дәстүріне өзгеріс енгізіп отыр. Кәсіпорнын аумағында орналасқан Құрмет тақтасына 30 үздік қызметкерлердің суреттері ілінді. Сонымен қатар, энергетиктерге ERG-дің (Еуразиялық Топ) арнайы марапаттары, соның ішінде алғыс хаттар мен «Ерен еңбегі үшін», «Өндіріс саласындағы еңбегі үшін», «ERG-ге адалдығы үшін» құрмет белгілері, Қазақстан электрэнергетика қауымдастығы мен ҚР Энергетика министрлігінің марапаттары, «ЕЭК» АҚ ардагері» медальдары табысталды. Сонымен қатар, еңбегімен ерекше көзге түскендерге Павлодар облысы мен Ақсу қаласы әкімдерінің алғыс хаттары берілді.

«ЕЭК» АҚ мыңдаған ұжымы еселі еңбегімен компанияның өнеркәсіптік табыстарын, үздіксіз және тиімді жұмысын қамтамасыз етті. Коронавирус індетіне қарамастан, электр станциясы қалыпты жұмысын тоқтатпады. Жөндеу науқанын сәтті аяқтап, энергетиктер күз-қысқы кезеңге дайындық төлқұжатын уақтылы алды.

– Күн сайын жаңа сын-тегеуріндер туындайды, бірақ энергетиктердің кәсіби біліктілігі мен қажырлы еңбегінің арқасында бұл сын-тегеуріндер лайықты шешімін табуда. Күн сайын, кез келген жағдайда электр станциясының қызметкерлері саланың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Күрделі ахуалға қарамастан, біз белгілі бір табыстарға қол жеткіздік, елдің энергетикалық саласының дамуын жалғастырудамыз. Сіздердің жоғары кәсіби біліктіліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз, жұмысқа жүйелі көзқарастарыңыз бізге алға қойған барлық мақсаттарымызды орындауға әлі де септесеріне сенемін, – деді «ЕЭК» АҚ президенті Дүйсен Мерғалиев. – Энергетикалық кешеннің сенімді негізін қалаған және өзінің мол тәжірибесі мен білімін мамандардың жас буынына берген сала ардагерлеріне жеке алғыс  айтқым келеді.

Марапатталғандардың арасында электр цехының бұрын пайдаланылған коммутацияны қайта жөндеу жөніндегі 6-разрядты электр монтері Николай Фиранский де бар. Ол «ERG-ге адалдығы үшін» төсбелгісімен марапатталған.

– Біз үнемі, ұзақ жылдар бойы сыйлық күтпей-ақ, еңбек етеміз. Оны білесіздер. Міне, біздің еңбегімізді осылай бағалағандарыңыз қуантады, – деп атап өтті ол. – Қазіргі әлемде энергетика мамандығы қажет. Электр қуатынсыз қазір ешқайда бара алмаймыз: тұрмыстық техника, кәсіпорындар – бәрі электр қуатына сүйенеді. Электр шамын жағудың  басқа, балама әдіс әлі ойлап табылған жоқ.

Николай Брониславовичтің электрик болып жұмыс істеп келе жатқанына 40 жылдан асты. Келесі тамызда зейнетке шығады. Бұл ретте оның еңбек кітапшасына көп жазба қалмаған. Ол бүкіл еңбек өтілі бір кәсіпорын – Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясында түзілді.

Мұндағы қуаты 300 мегават бірінші энергоблок сонау 1968 жылы іске қосылған. Бұл көптеген қиындықтарды еңсеріп, нағыз табандылықпен табысқа жетелеген жол болды. Бірақ қатаң климаттық жағдай, жабдықтау проблемалары, білікті кадрлардың тапшылығы, күрделі технологиялық міндеттер сайып кегенде осының бәрі кәсіпорынның іргесін қалаған адамдарға тосқауыл бола алмаған. Энергетика алыбы уақыт өте келе Ертіс өңірінің зауыттары мен елді мекендерінің тыныс-тіршілігін электр қуатымен қамтамасыз ете отырып, өнеркәсіптік орталықтың маңызды буыны ретінде танылды.

Бүгінгі күні Ақсу электр станциясы – энергетика саласы көшбасшыларының бірі. Станция Еуразиялық Топтың барлық кәсіпорындарын қуатпен қамтып отыр.