Артқа

Қарағанды облысында жылына 400 мың тонна спецкокс шығаратын жаңа зауыт салынады

15.09.2021

Қарағанды облысында жылына 400 мың тонна спецкокс шығаратын  жаңа зауыт салынады

Eurasian Resources Group (ERG) пен China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC China) Қарағанды облысындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ-ында «Спецкокс шығаратын зауыт құрылысын салу» жобасын жүзеге асыру жөнінде ЕРС келісім шартын жасасты. Жаңа кәсіпорын ферроқорытпа өнеркәсібіне қажетті маңызды қалпына келтіргіштің жылына 400 мың тоннасын өндіріп тұрмақ.

Жаңа зауыт құрылысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте айтқан импортты алмастыру бағдарламасы аясында жүзеге асқан тағы бір табысты бастама болмақ. Бүгін қол қойылған ЕРС-келісім шарты зауытты салып, іске қосуды қамтиды. Оның үстіне, өндіріс кепілдендірілген көрсеткіштерге жетуі тиіс. Зауыт қазақстандық стандарттарға сай жобаланып, салынады. Жаңа өндірісті 2023 жылы іске қосу жоспарлаған. Жобаға жалпы көлемі 40 млрд. теңге инвестиция құйылады.

- Жаңа зауыт салудың арқасында «Шұбаркөл көмір» АҚ қосымша құны жоғары тауар өндіреді. Өз кезегінде бұл импорттан бас тартып, ERG-дің қалпына келтіруші өнімге деген сұранысын толық қамдауға, оның үстіне біз өндіретін ферроқорытпадағы отандық үлесті ұлғайтуға сеп. Өндірісте Қазақстанның барлық стандарттары мен нормаларына толық сай келетін заманауи технологиялық шешімдер мен автоматика пайдаланылады. 120 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, - деді ERG Capital Projects компаниясының Бас директоры Руслан Мулюкбаев. ERG Capital Projects – Еуразиялық Топтың Қазақстандағы ірі инвестициялық жобаларын әзірлеп, жүзеге асыратын компания.

Жылына 40 мың тонна спецкокстан бөлек, жаңа зауыт жыл сайын 70 мың тоннадан астам көмірдің шайыры мен майын өндірмек. Жаңа кәсіпорында өнеркәсіп қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін жүйелер қарастырылған. Оның үстіне өндіріс электр қуатын, жылу мен суды үнемдейді. Желдету жүйесі шығарындыларды тазарту желісімен жарақталады. Өндіріске қолданылған барлық су ресурстары мен ластанған ағындылар тегіс тазартылып, сумен қамдау жүйесіне қайтарылып отырады.

- Бүгінгі EPC-келісім шартына қол қою рәсімін NFC мен ERG арасындағы ұзақмерзімді серіктестіктің тағы бір табысты белесі дер білемін. Біз Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жобаларды, соның ішінде заманауи Қазақстан электролиз зауытын салу сынды ауқымды бастаманы нәтижелі атқардық. Қытай мен Қазақстан әріптестігінің тағы бір үлгісі болатын жобаны еңбекті қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғаудың озық халықаралық стандарттарына сай, кестеге сәйкес жүзеге асыратынымызға сенімдімін,- деді NFC президенті Цин Цзинман.

COVID-19 пандемиясы салдарынан туындаған күрделі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, Топ басшылығы кәсіпорын қызметкерлерін қорғаудың теңдессіз шараларын қолға алған. Нәтижесінде жобаны дамыту қамындағы жүйелі жұмыс кестеге сай жүріп отырды. Зауытты 2023 жылы іске қосу жоспарланған. 

Осы орайда, «Шқбаркөл көмір» АҚ алаңында 2005 жылы сецкокс өндіретін зауыт салынып, іске қосылғанын естеріңізге саламыз. Оның қуаты – жылына  200 мың тонна. Бұл әзірге Қазақстанда теңдесі жоқ, айрықша өндіріс. Зауытта кокс газын шайырлардан тазартудың 5 сатысын қамтыған ең тиімді тазарту жүйесі орнатылған.