Назад

Қазақстанда мұнай-газ саласының 5 бағыты бойынша «ҚР Жаңа кәсіптері мен құзыреттері атласындағы» 16 кәсіп енгізіледі

29.07.2021

Қазақстанда мұнай-газ саласының 5 бағыты бойынша «ҚР Жаңа кәсіптері мен құзыреттері атласындағы» 16 кәсіп енгізіледі

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде (бұдан әрі – АтМГУ) Қазақстанның жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы залының ашылу рәсімі өтті. Басқарма төрағасы - «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ ректоры Гүлзада Шакуликова және «BTS Education» ЖШС бас директоры Саясат Нұрбек салтанатты түрде лента қиды.  

Іс-шараға Ахмурзина Л.Ж. – «KAZENERGY» Қауымдастығының адами капиталды дамыту жөніндегі атқарушы директоры; Амангалеев С.Е. – «Еділ-Орал» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі директоры; Байжанов К.Б. – «Теңізшевройл» ЖШС адам ресурстарын басқару жөніндегі бас менеджері; Жайлашева А. – «Атырау Мұнай өңдеу зауыты» ЖШС персоналды басқару бөлімінің бастығы және басқа да қатысушылар атсалысты.

Іс-шара аяқталған соң қатысушылар сондай-ақ Салалық технологиялық құзыреттер орталығына барды.

Жаңа білім беру бағдарламаларын ұдайы жаңарту және ашу университеттің уақыт талабына сай болуына көмектеседі, сондықтан да ол стратегиялық мақсаттардың бірі ретінде белгіленген. Нарық кең ауқымды міндеттерді шешу жолында мамандардан біліктілік пен қалыптан тыс шешу амалдарына бейімділікті талап етеді. Ол үшін сала маманы болу жеткіліксіз, қосымша дағдылар қажет. Келесі 5 жыл көлемінде АтМГУ мұнай-газ саласының 5 бағыты бойынша Атластағы 16 мамандықты енгізуді жоспарлап отыр.  

Ынтымақтастық шеңберінде іске қосылғалы отырған алғашқы эксперименталды бағдарлама «Жабдықтың сенімділігі және предиктивті талдау жөніндегі инженер» болып табылады. Аталған бағдарлама майнор мамандық ретінде АтМГУ-дің барлық студенттеріне қолжетімді болмақ. Тыңдаушылар статистикалық әдістер туралы терең білім алып, болжамдауға, нақты деректерге негізделген оңтайлы шешімдер қабылдауға, тәуекелдерді барынша азайтуға және мүмкіндіктерді пайдалануға үйренеді.   

АтМГУ-дің стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудегі серіктесі - «BTS Education» компаниясы. Бірлескен жұмыс «Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласындағы жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» бағдарламасын іске асыруға және алдағы жылдарға білім беру бағдарламасын өзектендіруге мүмкіндік береді.  

- Атлас жоғары білім, ТжКБ деңгейіндегі білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың білім беру бағдарламаларын өзектендіруге негіз болып табылады. Форсайт-зерттеуге енген 9 саланың әрқайсысы бойынша “Жаңа мамандықтарды жергіліктендіру бағдарламалары” әзірленді, - деп атап өтті Саясат Нұрбек. – Бүгінгі күні Атластағы 20-ға жуық мамандық  ҚР ТжКБ мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышына еніп отыр. Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі модульдік бағдарламаға «ПҰА операторы» мамандығын қосты. «Astana Polytechnic» жоғары колледжі  қыркүйек айында «Киберқауіпсіздік» бағдарламасының, ал «Семей» колледжі «VR/AR/MR дизайнері» мамандығының ашылуын өткізуді жоспарлауда. Сонымен қатар  «Talap» КеАҚ-пен орталықтандырылған түрде Атластағы мамандықтарды «Жас Маман» бағдарламасына қатысатын 180 колледжге енгізуге дайындалып жатырмыз. 12-ден астам ЖОО қазіргі кезде білім беру бағдаламаларын жаңарту үстінде, сондай-ақ Болашақ Атласқа сәйкес 2021-2023 жылдарға арналған басым мамандықтар тізімін жаңартты.

 «ҚР жаңа кәсіптері мен құзыреттерінің атласы» ҚР Президентінің 2019 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен бекітілген ҚР Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және  «Бiрге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі шаралар жоспарының 39-тармағын орындау мақсатында әзірленді.

             Естеріңізге сала кетейік, мамандықтардың өзектілігіне қатысты алғашқы зерттеулер  2019 жылы ERG (Еуразиялық Топ) кәсіпорындарында бастау алған болатын. Пилоттық форсайт-сессиялар Дөң тау-кен байыту комбинатында өткен. Осылайша «Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын» жасауға бағытталған ауқымды жұмыс басталған еді. 2019 жылдың 31 қазанында ҚР ЕХӘҚМ, ҚР БҒМ және «Еуразиялық топ» ЖШС (BTS Education) арасында «Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» жобасын іске асырудағы бірлескен іс-қимыл бойынша үшжақты Өзара ынтымақтастық меморандумы жасалды.

Жоба саланың даму үрдістері  мен беталысын зерделей отыра, алдағы 10-15 жылға арналған келешегі бар кәсіптердің (оның ішінде ескіріп бара жатқан мамандықтардың) болжам картасы болып табылады. Ол  жақын болашақта өзекті болатын кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламаларына қойылатын талаптарды айқындайды. Атлас бакалавриат пен магистратураның білім беру бағдарламаларына модульді түрде кіріктірілетін өзгеру үстіндегі кәсіптер мен біліктіліктерді және бакалавриат пен магистратураның жаңа ммандықтары бойынша мүлдем жаңа кәсіптер мен біліктіліктерді сипаттайды.