Назад

Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар ERG есебінен білім алуда

23.07.2021

Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар  ERG есебінен білім алуда

Қазақстанда «Ел тірегі – Елбасы» республикалық қайырымдылық акциясын қолдау мақсатында Eurasian Resources Group BTS Education компаниясымен бірлесіп қолға алған білім беру жобасын іске асыру жалғасуда.

Бүгінгі таңда 325 мектеп оқушысы  edunavigator 2.0 кәсіптік бағдарлау тестілеуінен өтті. Диагностика мамандық таңдауда көмек көрсетуге арналған және ұсынымдық сипатқа ие. Кәсіптік бағдарлау тестінің нәтижелерін пайдалану оқушылардың бүгінгі таңдағы және болашақтағы мамандықтарға деген сұраныстарды ескере отырып, анағұрлым ақпараттандырылған мансаптық шешім қабылдауына мүмкіндік береді.   

220 оқушы тәлімгерлердің жетекшілігімен SMM, «Бағдарламалауды басынан бастау», «Интернет-сауаттылық», «Teach English», «Электронды коммерция» бағыттары бойынша компьютерлік және интернет сауаттылығының тегін курстарынан өтіп жатыр. Бұл мейлінше сұранысқа ие курстар, онда онлайн ақша табудың жолдары көрсетіліп, жаңа трендтер жайлы айтылады.  

130 бала «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Математика» немесе «Қазақстан тарихы» пәндері бойынша үздік мектеп репетиторларынан жеке сабақтар алуда. Онлайн-сабақтар балаларға жазғы уақытта білімдерін жетілдіріп, ЖОО-ға немесе колледжге түсуге сапалы дайындалуға көмектеседі.

Оқу жайлы пікірлерін қатысушылар әлеуметтік желілердегі өз аккаунттарында қалдырып, тәлімгерлерге жіберуде.   

Солардың бірқатары төмендегідей:

 «10 күн ішінде мен тамаша нәтижеге қол жеткіздім, бұрынғы тақырыптарды еске түсіріп, жаңаларын оқып-үйрендім. Өзімнің осал және мықты тұстарымды түсіндім. Ынтам арта түсті. Сөздік қорымды кеңейтуім керек. Әрі қарай жалғастырамын. Рахмет» - Имағұл Илан.

«Курстан өтіп жүріп көп нәрсені білдім. Дәл осы сабақтарда сөйлемдерді дұрыс құрауды үйрендім. Репетитор да қажетті қосымшаларды көрсетті. Енді соларды жүктеп алып, сөздікті жаттап жүрмін. Тьюторыма және ұйымдастырушыларға көп рахмет» - Аружан Бердіш.

Аталған жоба, сондай-ақ, репетиторлар мен тәлімгерлердің өздері үшін де аса маңызды кейс.

«Ел тірегі - Елбасы» акциясы шеңберінде бала оқыту – мен үшін ерекше тәжірибе. Мемлекетіміздің жеке компаниялармен бірлесіп ақылды, мақсатшыл, және жауапкершілігі мол балалардың оқуына жағдай жасап отырғанын қос қолдап қолдаймын. 

Ағылшын тілін 10 сағаттық курс барысында 100% меңгеру қиын болғанымен, оқушылармен жүргізілген жеке жұмыс оларды болашақта ағылшын тілін оқып-үйренуге ынталандыра түсті деген үміттемін. Балалардың барлығы жазғы уақытын осылай тиімді өткізе алса, жақсы болар еді» - Дәрия Махмұтова, 2tors.online, ағылшын тілінің репетиторы.

Естеріңізге сала кетейік, ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлер – Павлодар, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әкімдік өкілдері көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен жұмыссыздардың тізімін жасаған болатын. Олардың барлығы жоба аясында тегін оқу гранттарына ие болады.

ERG-дің бастамасымен ұйымдастырылған білім беру жобасы Топ орналасқан өңірлер: Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында және Шымкент қаласында тұратын мұқтаж қазақстандықтарға 11 000 азық-түлік себетін үлестірген көктемгі қайырымдылық акциясының жалғасына айналды.