Артқа

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының металлургтері қалалық ауруханаларға екі апта ішінде 600-ден аса оттегі баллондарын жеткізді

28.04.2021

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының металлургтері қалалық ауруханаларға екі апта ішінде 600-ден аса оттегі баллондарын жеткізді

13 сәуірден бастап қала ауруханаларын оттегімен қамтамасыз ету қайта жанданды. ERG құрамындағы «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты тек өткен демалыс күндерінің өзінде 220 баллон толтырды.

Ақтөбеде COVID-19 және пневмониямен ауырып жатқан науқастар санының күрт өсуіне байланысты қатерлі жағдай тағы өршіді. «Қазхром» компаниясының жетекшілері мен қызметкерлері дәрігерлердің өтінішін бұл жолы да жерге тастамай, қала ауруханаларына қажетті оттегі баллондарын қайта толтыра бастады. Қазір облыстық туберкулезге қарсы, және наркология диспансерлеріне және жұқпалы аурулар ауруханасына оттегі баллондары жеткізіліп жатыр.

Естеріңізде болса, өткен жазда қаладағы ауруханалар толып, оттегі тапшылығы мәселесі туындаған сын сағатта «Қазхром» металлургтері компанияның миссиясы мен құндылықтарын басшылыққа ала отырып, дәрігерлерге көмек көрсетіп, оттегі баллондарын тәулік бойы жеткізіп тұрған еді. Ол кезде металлургтер тәулігіне 300-ден астам, яғни маусым мен қараша айлары аралығында 7,5 мың тоннадан астам баллон толтырған. 

 – Өкінішке орай, коронавирус инфекциясы әлі қарқынды таралып жатыр. Ауруханалар тағы да оттегіге зәру. Біздің мамандар барынша қажетті оттегі баллондарын толтыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды, - деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабеков. – Оттегі учаскесінің қызметкерлері әзірге өз күштерімен атқаруда. Дегенмен, керек болған жағдайда өзге цехтардың мамандарын тартамыз. Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, біздің қызметкерлер көмекке әркез дайын. Адам өмірін құтқаруда ешбірі аянып қалмайды. Біз қажет болғанша оттегімен қамтамасыз етеміз. Қазір зауыттықтар көмек керек болса, ауруханаларға өздері тиеп, өздері жеткізіп береді.

Айта кету керек, өткен жылдың желтоқсан айында оттегі учаскесіне жаңадан ауа бөлетін қондырғы сатып алынып, орнатылған болатын. Ол сағатына 530 текше метр оттегі өндіруге қабілетті. Бұл бұрынғы ескірген жабдықтың қуатынан 30%-ке артық. Мұнда да ескі жабдық секілді сертификаттарға сәйкес медициналық мақсатқа жарамды 99,9 % жоғары таза оттегі өндіріледі.

– Жаңа қондырғы ескі жабдықтың орнына келді. Ол жабдық өз уақытын өтеп шықты – деді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты энергетикалық цехының пайдалану жөніндегі менеджері Николай Ткаченко. – 2020 жылдың жазында біздің учаске тәулік бойы жұмыс істеп, қалалық ауруханаларға оттегі баллондарын толтыру кезінде оның осы жүктемеге шыдас бергенін айта кеткен жөн. Жаңа қондырғы одан да қуатты әрі заманауи.

Бұл оттегі бұған дейін де қалалық ауруханаларда қолданылған. Бірақ, әлдеқайда аз мөлшерде. Егер бұрын айына шашамен 30 баллон болса, бүгінде күніне жүзге жуық оттегі баллоны жіберіледі. Оттегінің құрамы мен тазалығын зауыт қызметтері қатаң талдайды. Жеткізу ауруханалардың сұранысы бойынша жүзеге асырылады.