Назад

Бразилиядағы BAMIN жобасын дамытуда айрықша маңызға ие FIOL теміржолын басқаруға жарияланған аукционды ERG ұтып алды

09.04.2021

Бразилиядағы BAMIN жобасын дамытуда айрықша маңызға ие FIOL теміржолын басқаруға жарияланған аукционды ERG ұтып алды

Табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы жетекші әртараптандырылған Eurasian Resources Group (“ERG” немесе “Топ”) компаниясы Бразилияның Сан-Паулу (Bovespa) қаласындағы Қор биржасында өткен аукционда еншілес BAMIN кәсіпорны жеңіске жеткенін хабарлайды. Енді кәсіпорын елдің шығысы мен батысын байланыстыратын магистралды FIOL теміржолының алғашқы 537 шақырым телімін салуға жауапты. Осылайша, нысанды салып, FIOL теміржолын басқару ERG-дің Педра-де-Ферро (Каетит) кеніші мен  Порту-Сул (Ильеус, штат Баия) теңіз айлағы арасын байланыстырып, тасымал көлемін кеңітуге сеп болмақ.

Аукцион 2020 жылдың соңында жарияланған. Сол тұста Педра-де-Ферро кенішін игеру қолға алынып, бастапқы қуаты жылына 2 млн тонна жоғары сұрыпты кен көлемінде деп жоспарланды. Порту-Сул құрылысы мен темір жол салуды қатар бастау көзделген.

Eurasian Resources Group-тің Бас атқарушы директоры Бенедикт Соботка: «ERG халықаралық жобалар портфельін дамыта отырып, саладағы көшбасшылығын тағы бір мәрте нығайтты. Біз темір кенін қоса алғанда шикізатқа ұлғайып келе жатқан сұранысты барынша ұқыпты әрі жауапты қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. FIOL теміржолын салу ERG-дің пайдалы қазбалар мен электр қуатын өндіру, логистика мен маркетинг операцияларын қатар дамыту стратегиясымен үйлеседі. Бұл оқиғаның Бразилиядағы ERG бизнесі үшін маңызы зор, мәні ерекше. Әрі Баия штатын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуда стратегиялық мәнге ие», - деді.

BAMIN өкілі Эрик Гаустад: «FIOL темір жолын салу мен Порту-Сул теңіз айлағы кешенін дамыту осы аймаққа түгел тың серпіліс әкелеріне сенімдімін. Өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен экономиканың өзге маңызды салаларына бұл күретамыр – қауіпсіз, сенімді әрі экологиялық тұрғыда ойластырылған логистика болады. BAMIN үшін FIOL теміржолы стратегиялық тұрғыда маңызды. Өйткені ол Педра-де-Ферродағы өндіріс көлемін жылына 18 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, BAMIN әлемдік ауқымда алғанда жоғары сұрыпты темір кеніне сұранысты қамтамасыз ете алар жауапты жеткізуге айнала алады», - деп ой қорытты.