Назад

ҚЭЗ жаңа белес – үш милиион тонна «қанатты» металл өндірді

08.04.2021

ҚЭЗ жаңа белес – үш милиион тонна «қанатты» металл өндірді

Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы Қазақстан электролиз зауыты «қанатты» металды шығара бастаған кезеңнен бері бастапқы алюминийдің мерейлі үш миллионыншы тоннасын өндірді.

Үш миллион тонна металл өндіру ҚЭЗ үшін – айтулы оқиға. Бұл санның ар жағында кәсіпорынның барлық қызметкерлерінің ерен еңбегі, олардың шеберлігі мен дәстүрге деген сенімі, зауыт жұмысын жақсартуға деген талпынысы жатыр.

Осы бірегей зауыттағы алюминий өндірісінің бүкіл технологиялық тізбегі ресурстарды үнемдеудің жоғары деңгейіне, өнімнің талап етілетін сапасына және экологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай болуға мүмкіндік беретін ең жаңа технологиялық шешімдерді қолдану арқылы салынған. Алюминийдің алғашқы миллион тоннасын өндіруге металлургтерге 6 жыл уақыт қажет болды. 4 жылдан соң зауыт келесі миллион тоннаны өндірген. Енді міне, тағы 4 жылдан кейін жаңа белес: ҚЭЗ «қанатты» металдың  үш миллионыншы тоннасын өндіріп отыр.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов металлургтерді осы толайым табыстарымен құттықтай келді.

– Сіздер бүгін жаңа белесті бағындырып, алюминийдің үш миллионыншы тоннасын өндірдіңіздер. Мен Сіздерді осы табыспен шын жүректен құттықтап, барша зауыт ұжымына алғыс айтқым келеді. Сіздер тың технологияларды кеңінен қолданып, кадрлық потенциалды дұрыс пайдаланып, үнемі ілгерілеп, дамып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз бен оның жемісі әлемнің көптеген елінде бас бармақпен бағаланады. Біздің де алюминий өнеркәсібін дамытуға қатысты ауқымды жоспарларымыз бар, - деді Әбілқайыр Сқақов металлургтер алдында.

              Зауыттың бірінші кезеңін іске қосқан 2007 жылдың аяғында металлургтер 11 мың тонна бастапқы алюминий шығарған. 2010 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өндірістің екінші кезеңін іске қосқан кезде, кәсіпорын өзінің 250 мың тонна жобалық қуатына шыққан. Жыл сайын өндіріс көрсеткіші жоғарылап келеді.  2020 жылдың қорытындысы бойынша ҚЭЗ 265 мың тоннадан астам «қанатты» металды шығаруға қабілетті.

– Біздің кәсіпорын үшін мұндай нәтижелерді қорытындылау – жақсы дәстүр. Мерейлі тонна тек сандық көрсеткіш емес. Бұл – металлургтердің кәсібилігі және олардың өз жұмысына деген адалдығы. Қол жеткізген үш миллион тонна – біздің мығым командалық жұмысымыздың тиімділігінің де бір көрсеткіші, - деді «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті Серік Дөңбекбаев. – Бірлігі жарасқан біртұтас команда болып жұмыс істей отыра, біз күн сайын нық сеніммен өз мақсатымызға қарай қадам басып келеміз. Тұрақтылығымызды нығайтамыз. Зауыттың барлық жұмысшыларына алғыс білдіргім келеді. Себебі әрқайсысы сүбелі үлес қоса отырып, ҚЭЗ әлемдегі осындай  екі жүз алюминий алыптарының ішіндегі ең үздік ондық қатарына кірді.

Осыдан отыз жыл бұрын «қанатты» металл өндірісіндегі технологиялық тізбекті түйіндегендердің бірі,  түсті металл құюшы Асқар Нұрпейісов болатын.

– Сол тұстағы әр сәт, жұмыстағы алғашқы кездер мен кәсіби қызметтің тырнақалды жетістіктері түгел есімде. Ал бүгін, міне үш миллионыншы тонна алюминий өндіру – баршамызға зор қуаныш. Бізге бұл – үлкен мерей. Әріптестеріммен бірлесе отырып, металдың мерейлі тоннасын құю бақыты да бізге бұйырып отыр. Металлург ретінде көңілім толқып тұр. Өйткені, біз мына қолдарымызбен тек зауыт қана емес, еліміздің металлургия өнеркәсібінің тарихын жазып, көкжиегін кеңітіп келеміз.

13 жылдан бері электролиз зауыты халықаралық стандарттардың барлық талаптарына сай келетін отандық алюминий өндіріп келеді. Өндірілген алюминийдің сапасы көптеген тұтынушының көңілінен шығып, нарықта зор беделге ие болды. Соңғы жылы қазақстандық нарықта сатылым көлемінің өсуі байқалады – жалпы сатылымның 20 пайызына тең. Өнімнің негізгі бөлігі Еуропа мен көрші елдерге экспортталады.

Қызықты дерек: егер сіз ҚЭЗ-да өндірілген алюминийі бар барлық пакеттерді бір қатарға қойсаңыз, онда бұл «тізбек» еуропаның үш елі - Германия, Франция және Испания астаналарын байланыстыратын жолдың ұзындығына теңесер еді. Үш миллион тонна алюминийден 100 мыңнан астам ең танымал «Боинг-737» жолаушылар ұшағының құрылымдарын жасауға болады.