Назад

ERG Service алғаш рет ұжымдық келісім шарт жасасты

07.04.2021

ERG Service алғаш рет ұжымдық келісім шарт жасасты

ERG құрамындағы «ERG Service» ЖШС басшылығы мен сервистік компанияның кәсіподақ комитеті төрағасы екі жақты ұжымдық келісім шарт жасасты. Cәурдің бірі күні күшіне енген құжат алдағы үш жылды қамтиды.

Ұжым ішіндегі әлеуметтік-тұрмыстық қарым-қатынасты реттейтін құжатқа «ERG Service» ЖШС Бас директоры Сергей Петухов пен ERG Service қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Корягина қол қойды. Сервистік компанияның ұжымдық келісім шартын әзірлеу барасында түпкі мақсат – қызметкерлердің нақты мүддесі мен қажеттілігін барынша молынан қамту көзделген.

– Ұжымдық келісім шарт – жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы дұрыс қарым-қатынас кепілі, - деді  «ERG Service» ЖШС Бас директоры Сергей Петухов. – Оны әзірлеу барысында бұрынғы жылдардағы әлеуметтік әріптестік тәжірибесі толық ескеріліп, сервистік компания құрылымдарының ұжымдарынан түскен ұсыныстар мен ERG кәсіпорындарының озық тәжірибелері негізгі алынды. Біз үшін ұжымдық келісім шарт жасасу – ортақ мақсатты айқындап алып, компания құрылымдарын дамыту үрдісіне әрбір қызметкердің барынша жұмылдыру. 

ERG Service тарихындағы алғашқы ұжымдық келісім шартты тараптар барынша жауапты әрі өзара түсіністікпен талқылады. Келісім шарттың әр тармағы zoom-да жеке талданып, кеңінен қарастырылды. Жаңа келісім шартта Еңбек туралы заңда көрсетілгендей жалпыға ортақ әлеуметтік кепілдемелер, одан бөлек жеңілдіктер мен өтемақылар жайы да жеке жазылған. 

– ERG Service – салыстырмалы түрде айтсақ, жас компания. Сондықтан біз ондағы келісім шартта ERG-дің өзге кәсіпорындарында бар жеңілдіктердің сақталып қалуға күш салып, тіпті кейбір тұстарда оны жақсарта да алдық, - деді Ольга Корягина.

Жаңа келісім шартта декреттегі қызметкерлерге бала туған сәттен жұмысқа шыққанға дейінгі аралықта ай сайын материалдық көмек ретінде төлем беру, көпбалалы және үйінде ерекше қажеттілігі бар балалар өсіп жатқан отбасыларға жәрдем беру жайы анық жазылған. Қазіргідей пандемия тұсында, денсаулығына байланысты қызметкер ұзақ мерзім жұмысқа жарамсыз болып жатса, жұмыс беруші көмек көрсетуге міндетті екендігі біз үшін маңызды. 

Павлодар облысының еңбек басқармасында тіркелгеннен кейін Ұжымдық келісім шарт мәтіні кәсіпорын жұмысшылары көре алатын жерде жарияланады.