Назад

Eurasian Resources Group «Ел тірегі – Елбасы» акциясын қолдады

06.04.2021

Eurasian Resources Group «Ел тірегі – Елбасы» акциясын қолдады

ERG компаниясы Еуразиялық Топ кәсіпорындары орналасқан өңірлер: Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласындағы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға 11 000 азық-түлік себетін жеткізбек.

Азық-түлік себеті алдымен материалдық тұрғыда қиындықтарға тап болған, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен жалғыз қалған зейнеткерлерге жеткізіледі. Тізімдерді жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып түзу көзделген.

- COVID-19 пандемиясы әлі біткен жоқ. Ел басына қиындық түскен осы қысылтаяң шақта, Eurasian Resources Group карантиндік шаралар салдарынан материалдық түйткілдерге тап болған тұрғындарды қолдауды жалғастырады. Азық-түлік себетімен қоса, зор денсаулық пен бақ, береке тілейміз. Үміттеріңіз ақталып, армандарыңыз орындалсын! Ізгі амалдарыңыз қабыл болып, мақсатқа жетіңіздер! Елдегі ынтымақ пен берекеге – баршамыз жауаптымыз! – деді «Еуразиялық Топ» ЖШС Басқарма Төрағасы Серік Шахажанов.

Себетке ең қажетті өнімдер: ұн, күріш, қарақұмық, макарон, сұйық май, бұқтырылған ет, қант пен шай, кәмпит салынған. Әр себеттің салмағы - 50 кг.

Себеттерді ERG кәсіпорындарының еріктілері мен Жастар кеңесінің өкілдері барлық қауіпсіздік талаптарын мұқият сақтай отырып, жеткізіп береді.  

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Халық» қайырымдылық қоры «Ел тірегі – Елбасы» атты акция бастаған болатын. Шараны қайырымдылық қорлары, танымал бизнесмендер мен ірі компаниялар іліп әкетті. Қазіргі таңда еліміздің әр тарабында жалпы саны 20 000-нан астам осындай азық-түлік себеті жеткізіле бастады. ERG сәуірдің 5-інен бері 11 000 азық-түлік себетін жеткізуге кірісті. «Халық» қайырымдылық қоры бизнес қауымдастығының өкілдері мен қайырымдылық ұйымдарын бұл бастамаға қосылып, «Ел тірегі – Елбасы» акциясын қолдауға шақырады. Шараны жыл соңына дейін бірнеше мәрте өткізу жоспарланып отыр.

ERG осымен 17 жыл қатарынан Еуразиялық Топтың өндірістік кәсіпорындары орналасқан Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды мен Павлодар облыстарының әкімдіктерімен жыл сайын әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру жөнінде Меморандумдар жасасып келеді.

Еуразиялық Топтың 2001-2020 жылдар аралығында осы өңірлерге құйған әлеуметтік инвестицияларының жалпы көлемі 280 млрд теңгеден асты.