Назад

Қазақстанның 30 жоғары оқу орындары мен колледждерінде ERG күні өтті

26.02.2021

Қазақстанның 30 жоғары оқу орындары мен колледждерінде  ERG күні өтті

ERG құрамындағы кәсіпорындардың қызметкерлерімен кездесуге бір мезетте еліміздің 30-дан астам жоғары оқу орындарының жалпы саны 2000-нан астам  студенті қатысты.

 ERG күні – дарынды жастарды өндірістік мамандықтарға барынша молынан тартуды көздейтін «ERG-дегі болашақ» атты ауқымды жобаның құрамдас бөлігі. Жалынды жастармен кездесулер Павлодар, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Шымкент, Екібастұз, Ақсу, Рудный қалалары мен Қашар кентінде ұйымдастырылған. Келер аптада Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Университетте  де өткізу жоспарланып отыр.

– ERG күні осымен үшінші жыл ұйымдастырылды. Пандемия шектеулеріне байланысты биыл оны онлайн форматта өткізгенімізге қарамастан, ол ерекше тартымды өтті. Шараға студенттердің ерекше қызығушылығы болғаны қуантты бізді. Жастарға  ERG кәсіпорындары мен оларда еңбек жолын бастауды ұйғарғандарға ашылатын мол мүмкіндіктер туралы кеңінен айтып бердік. Студенттер де өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, бәріне жауап алды, – деді «Еуразиялық Топ» ЖШС жастар саясаты жөніндегі менеджері Шаттық Әбдіхалықов.

Онлайн кездесуде кезінде осы оқу орындарын тәмамдап, қазір ERG кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген қызметкерлер өздерінің қызмет жолындағы табыстарымен бөлісті. Студенттерге бүгінде сұраныс жоғары болып отырған мамандықтар, қызметкерлерге берілетін әлеуметтік жеңілдіктер туралы айтылды. Бүгінде жұмыс орнын таңдаған тұста таразының бір басында осы әлеуметтік кепілдіктер басым түсіп жататыны белгілі.

– Бүгінде ERG Қазақстанның үздік үш жұмыс берушісінің қатарында, – деп атап айтты ERG-дің Қазақстандағы персонал жөніндегі директоры Ақмарал Найзабекова. – Біздің компания тек Қазақстан аумағымен шектелмей, Бразилия мен Африкада өндірістік активтері бар халықаралық алпауыт кәсіпорын. Әлемнің 15 елінде кеңселеріміз бар. Соның нәтижесінде тәжірибеңізді толықтыра отырып, бір кәсіпорыннан екіншісіне ауысу мүмкіндігі туындайды. ERG жүзеге асырып жатқан әлеуметтік бағдарламалардың ауқымы да кең. Олардың қатарында тұрғын үй бағдарламасы, медициналық қамсыздандыру, персоналды дамыту, оқыту, жұмыс орнына жеткізу мен санаторийлерге жолдама тағысын тағылар бар. Компания қызметкерлердің бақытты болуы әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қызметін ұдайы жетілдіріп отырады. Ең бастысы – ERG-дің қазір жастарға деген ықылас ерекше. Бүгінгі таңда нарықта маман тапшы. Сондықтан, біз өз мамандарымызды өсіріп, тәрбилеуге барынша ресурс пен күш саламыз.

Кей өңірлерде студенттер зауыттарға онлайн саяхат та жасады. Жастар еңбек қайнаған цехтардың жұмысын, ондағы өндірісті көрді. Жастар бірлестіктерінің көшбасшылары оларға өздеріндегі нетворкинг пен ERG кәсіпорындарындағы қоғамдық өмірдің ерекшеліктерін таныстырды.