Назад

ҚЭЗ алюминийді контейнерлерде тиеу үшін арнайы техника сатып алды

22.02.2021

ҚЭЗ алюминийді контейнерлерде тиеу үшін  арнайы техника сатып алды

ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы Қазақстан электролиз зауыты дайын өнім қоймасының әзірлеу-тиеу жұмыстары учаскесіне контейнер тиеуші көлік – ричстакер сатып алды. Нәтижесінде өнімді тиеу процесінің қарқыны айтарлықтай артып, заманауи жүйелердің арқасында қауіпсіздігі жақсарды.

Қазақстан электролиз зауыты өнімінің 90%-ын контейнерлермен жөнелтетін болғандықтан, ауыр жүктерді түсіріп-тиейтін арнайы техникаға қажеттілік артқан. Мәселен, бұған дейін ең жоғары салмағы 25 тонналық жүктер тиеліп келсе, қазір максималды жүктеме 30 тоннаға жуықтады (жүк пен екі тонналық контейнердің салмағы). Жаңа контейнерлік тиегіш сатып алығанға дейін жұмысты жүк көтеруші кран атқарып келген. Ал, қазір оның өнімділігі жетпей жатқан жайы бар. Осы міндетті атқаруға енді кіріскен ричстакердің бірқатар артықшылықтары да бар. Оның икемділігі, өнімділігі жоғары әрі көтерілген жүкті берік ұстайды. Оған арнайы көлік дөңгелектері 90 градусқа бұрылатынын қосыңыз. Басты артықшылықтарының бірі – оператор кабинасы алға әрі кері жылжытылады. Өз кезегінде бұл жүкті тиеу мен түсіру барысында одан қауіпсіз қашықтықта болуға мүмкіндік береді.

– Біз биіктіктегі жұмыстың қатерін барынша азайттық. Мосылы кранды, жүк көтеру механизмін іске қосқанда бірқатар персоналды іске жұмылдыратынбыз. Мысалы, арнайы матаушылар жүріп, контейнерлерді арқандарға іліп беретін. Ал енді жаңа техниканың арқасында бұл іске матаушылардың мүлдем қажеті болмайды. Оның бәрін ричстакер бір өзі атқара береді, – деді қойма және қосымша жұмыстар цехының басшысы Дәурен Тайкебаев. 

Ричстакер жебесінің максималды биіктігі 15 метрден астам. Бұл бір мезетте 3 контейнерді бірінің үсіне бірін қойып, жинауға мүмкіндік береді. Максимады жүккөтерімділігі – 45 тонна. Ричстакердің жүкті қармау құрылығысы контейнердің еніне сай реттеледі. Әрі сағат тілі қозғалысына сәйкес 195 градус, оған қарсы бағытта 105 градусқа бұруға болады.

Тиеп-түсіруші машинаға заманауи «Volvo» қозғалтқышы орнатылған. Ол – сенімді әрі қуатты. Ең бастысы экологиялық тұрғыда барынша жетілдірілген. Қозғалтқыштың өзі электронды басқару жүйесімен жабдықталған. Бұл шығарындылардың экологиялық нормаға сай болуын қадағалауға сеп. Жанармай цилиндрлерде түгел жанып кететін болғандықтан,  қоршаған ортаға шығарынды барынша азайған.

Ричстакердің ең бір тиімді тұсы оның қауіпсіздік жүйесінде. Арнайы техника тиеу мен түсіру жұмыстарын барынша қауіпсіз етуге қажетті көптеген датчиктермен жарақталған. Мәселен, жүкті іліп алған соң спредердің фиксаторлары бұғатталып, жүктің сырғып немесе оқыс түсіп кетуіне жол бермейді.

– Ричстакерде аударылып кетуге қарсы жүйе бар. Яғни жүкті тегіс бақылайды. Мәселен, белгілі бір жүкте ауытқу немесе ол тұрған жазықтықта теңдік бұзылса, ол бірден апаттық режимге көшіп, автоматты түрде бұғатталады. Мұндай жағдайда оператор кеткен олқылықты қалыпқа келтіріп алмай тұрып, жұмыста бастай алмайды, - деді көлік цехының механик шебері Әділбек Исабаев.

Арнайы техника бұл істе талай жылдық тәжірибесі толысқан жүргізушілерге сеніп тапсырылған. Оларды кабинаға отырғызбас бұрын, теориялық және тәжірибе сабақтары өтіп, ричстакер жабдықтарының ерекшеліктері бүге-шігесіне дейін жіті қаралды. Тәжірибеде тиянықтылығы танылған қызметкерлер тиеу-түсіру жұмыстарына рұқсат алды.

Жалпы алғанда ричстакер операторларына қолайлы жағдай жасалған. Кабинаны қыста жылытудың екі түрлі тәртібі, жазға кондиционер, жарықтандыру мен кабинадан шолу аумағы ұлғайтылған, орындықтары ыңғайлы.

Осы орайда, бұл Қазақстан электролиз зауытындағы заманауи әрі барынша жетілдірілген көліктің бірі ғана екенін айта кеткен жөн. Кәсіпорын автопаркі жыл сайын арнайы техника модельдерімен тұрақты толықтырылып отырады. Биыл анод массасын тасымалдайтын шанышқылы тиегіштер де сатып алынбақ.