Назад

Павлодар қаласында әлеуметтік шеберхана ашылады

18.02.2021

Павлодар қаласында әлеуметтік шеберхана ашылады

Жобаның негізгі мақсаты – ерешке қажеттілігі бар адамдарды  тегін оқытып, жұмыспен қамту. Жоба Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының қаржылық қолдауымен іске асады. Шеберхана балаларға арналған эко-ойыншықтарды жасаумен айналыспақ.

Бастапқы уақытта шеберханада 10-ға жуық адам жұмыс істейді деп күтілуде. Бұл жоба міндетті білім талаптарынсыз әр түрлі жастағы және әлеуметтік топтағы адамдарға бағытталған.

Сонымен қатар ERG компаниясының серіктесі – С. Торайғыров атындағы Университетте (Toraighyrov university) өз тарапынан қолдау көрсетті. Нақтырақ айтсақ, 60 шаршы метр өндіріс алаңын берді. Қызметкерлерді іріктеу Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен бірге жүзеге асырылады.

Әлеуметтік шеберхананың негізін қалаушы Эмин Аскеров өз сөзінде:  - Бұл Павлодар қаласындағы бірінші пилоттық жоба. Біз жобаның дамуына үлкен үміт артып отырмыз. Тек балаларға арналған ойыншықтармен шектелмей, жиһаздар жасаумен де айналысу жоспарда бар. Егер жоба сәтті іске асса, біз Қазақстанның басқада қалаларында осы жобаны жүзеге асырғымыз келеді.

Алғашқы оқу курстарына 20-ға жуық адам таңдап алынады. Ең үздік кандидаттар жұмыспен қамтылу мүмкіндігіне ие болады. Басты талап белсенділік және оқуға, үйренуге деген құлшыныс. Арнайы шеберлер әлеуметтік шеберхананың жұмысшыларына ағашпен жұмыс жасаудың барлық қыр-сырын үйретеді. Цехқа ағашпен жұмыс істеуге қажетті жабдықтар мен құрал саймандар сатып алынды.

- Біз үшін кәсіпорындарымыз орналасқан өңірлердегі әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау маңызды, - деп атап өтті ERG компаниясының адам ресурстарын басқару жөніндегі директоры Инна Губарева. – Бұл ерекше қажеттілігі бар жандардың кіріс табуға, өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік шеберхананың өнімдері жан шуағын сала отырып, ерекше ықыласпен жасалады деген үміттемін.

«GreenTAL» әлеуметтік шеберханасы Нұр-Сұлтан қаласында 2015 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқанын атап өткен жөн. Қазіргі таңда шеберханада 9 бағыт іске асып, 79 қызметкер шеберханада еңбек етеді. Шеберхана жайлы толымды ақпаратты мына сілтеме  бойынша алуға болады.