Назад

Жаңа маневрлік тепловоздың іске қосылуы ССКӨБ-тегі теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттырады

08.02.2021

Жаңа маневрлік тепловоздың іске қосылуы ССКӨБ-тегі теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттырады

ERG құрамындағы «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ Тау-кен темір жол көлігі цехының сыртқы көлік учаскесіне тікелей зауыт конвейерінен ТЭМ18ДМ сериялы тепловоз әкелінді. Техника кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында сатып алынды, оның құны 463 млн теңгеден астам.

ТЭМ18ДМ-3287 тепловозы Рудный алаңының темір жолдарында, атап айтқанда «Комбинатовская» станциясындағы маневрлік, шығару және жеңіл магистральдық жұмысқа арналған. Бұл ССКӨБ дайын өнімін жөнелтудің бастапқы нүктесі. Жаңа техника міндеттерінің бірі – тұтынушыларға жеткізу үшін концентрат және шекемтас тиелген құрамдар жасау.

Оның артықшылықтарын теміржолшылар қазірдің өзінде атап өтуде. Ең бастысы – электронды басқару жүйесі. Машинистің дисплейі тепловоздың техникалық жағдайының барлық қажетті параметрлерін көрсетеді. Ескі TЭM2-де бұл ақпаратты жинау үшін техниканы айналып қарап шығу қажет болатын. Енді батырманы басқан кезде қысымды, қыздыру температурасын, жанармайдың мөлшерін көруге болады.

Микроклиматты қамтамасыз ету жүйесі бар машинистің ыңғайлы жұмыс орны – теміржол қызметкерлері үшін маңызды факт болып табылады.

– Мен машинист болып бірнеше жыл жұмыс істедім, сондықтан локомотив кабинасында жасалған еңбек жағдайын бұрынғымен салыстыра аламын, – деді «ССКӨБ» АҚ ТКТКЦ сыртқы көлік учаскесінің тепловоздарды пайдалану бағытының шебері Игорь Никитин. – Бүгінде локомотив бригадасының жұмыс орны әлдеқайда ыңғайлы, әрі жайлы, тіпті желдеткіш бар. Жұмыс істеу де оңайырақ.

Тепловозда жұмыс істеу қауіпсіздігі – жаңаның тағы бір артықшылығы. Мұнда қырағылық жүйесі орнатылған. Машинист оны қозғалыс басталған кезде қосады және 30 секунд сайын батырманы басады. Бұл пойызды басқару мен құрам жүрісі қауіпсіздігінің белгісі. Олай етілмесе, тежегіш іске қосылады.

– Өртке қарсы жүйені де атап өткен жөн, – деп таныстыруды жалғастырады Игорь Никитин. – Өрт қаупі бар жерлерде температураның көтерілуі, түтін туралы ақпаратты датчиктер оқиды. Барлық деректер жеке компьютерде жинақталады. Егер көрсеткіштер өзгерсе, дыбыстық сигнал беріледі, ал машинист экранда өрт шыққан жерді көреді. Жаңа техника қауіпсіздік шаралары мен еңбекті қорғау талаптарын сақтай отырып, қызметкерлерден қосымша күш талап етпейді.

ТЭМ18 тепловозын Брянск машина жасау зауыты шығарады. ССКӨБ бұл кәсіпорынмен бірнеше жылдан бері ынтымақтастықта. 2021 жылы пандемияға байланысты техниканы жеткізу уақыты сәл ұзарды Бірақ бүгінде барлық қиындықтар еңсерілді, ал жаңа тепловоз желіге шығуға дайын. Оның жұмысы бүкіл кәсіпорынның тиімділігіне әсер етіп, өндірістік көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді.