А.Р.Ибрагимов Мәскеу ветеринарлық Академиясын 1974 жылы «Өндірісті ұйымдастыру экономикасы мен өнеркәсіп тауарларының саудасы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1995-2000 жылдар аралығында Еуразия банкі директорлары Кеңесінің төрағасы. 2001-2007 жылдар аралығында Қазақстанның ең негізгі тау-кен металлургиялық көшбасшыларын біріктірген Еуразия өнеркәсіп қауымдастығы Төралқасының мүшесі. 2002-2007 жылдары «Қазхром» ТҰК» АҚ-ына жетекшілік еткен. Сонымен қатар, Алиджан Рахманұлы «Қазақстан алюминийі» АҚ директорлары Кеңесінің төрағасы болатын.
2002 – 2004 жылдары А. Р. Ибрагимов жетекшілік еткен тұста «Қазхром» ТҰК» АҚ хром қорының мөлшері мен өндіріс көлемі бойынша әлемдегі екінші, феррохром өндірісі бойынша әлемдегі үшінші компанияға айналды. Оның бастамасымен Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары, Дөң ТКБК біріктіріліп, вертикалды интеграцияланған компания құрылды. Тау-кен және металлургия компанияларын осылайша кіріктіру нәтижесінде «Қазхром» ТҰК» АҚ инвесторлар үшін тартымды бола түсті.
Топтың барлық кәсіпорындарындағы интеграцияланған менеджмент саясатын А. Р. Ибрагимовтың менеджерлік саясатының жемісі деуге болады. Компаниялардың өнеркәсіптік жобаларын жүзеге асыру кезінде ол стратегиялық серіктестерді таңдау ісінде инновациялық көзқарас, еңбекті қорғау және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне баса көңіл аударатын. Кең ауқымды инвестициялық бағдарлама аясында Павлодар облысында Қазақстан электролиз зауыты салынды. Бүгінде ол мемлекеттік индустриалды инновациялық үдемелі даму бағдарламасының табысты іске асқан жобаларының бірі атанып отыр. Кәсіпорын еңбекті ұйымдастыру мен қоршаған ортаны қорғаудың әлемдегі ең озық тәжірибелеріне сай жаңа буын зауыты.
Алиджан Рахманұлы Ибрагимов білікті мамандар даярлау бағдарламасын ілгерілетіп, қызметкерлерге қауіпсіз әрі жайлы жұмыс жағдайын жасауға ерекше көңіл бөлетін. Әлеуметтік-тұрмыстық нысандар құрылысына қатысты бастама көтеріп, олардың жабдықталуы мен уақытылы жөнделуіне ерекше екпін түсірді.
Осылайша еселі еңбегімен Алиджан Ибрагимов Қазақстандағы тау-кен металлургия саласы мен жалпы экономиканың дамуына сүбелі үлес қосты.
Мұсылмандардың рухани және мәдени құндылықтарына деген қамқорлығы үшін қазақстандық қауым Алиджан Рахманұлын ерекше қадірлейтін. Ол Павлодар қаласында мешіт салу бастамасын көтеріп, құрылысына демеушілік етті. Алиджан Рахманұлы көптеген отбасыларға балаларын әлемнің озық оқу ордаларында білім алуына қаржылай қолдау көрсетті.
2020 жылдың сәуір айында Елбасы үндеуіне алғашқылардың бірі болып үн қатып, Павлодар облысы мен Алматы қаласында Covid-19 таралуына қарсы күрес шараларына жеке қаражатынан 100 млн теңгеден қаржы бөлді.
Ал, ERG компаниясы республикалық Birgemiz қорына 4 млрд теңге бағыттаған.
Алиджан Ибрагимов Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін «Құрмет» орденімен марататталған. ІІІ дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері. Бизнесті дамыту мен меценаттығы үшін көптеген үкіметтік және қоғамдық ұйымдардың наградалар, ордендерімен марапатталды.
ERG-дің мыңдаған еңбек ұжымы Aлиджан Рахманұлы Ибрагимовтың қайтыс болуына байланысты оның отбасына қайғыра көңіл айтады.