Артқа

Арқалық қаласы мен ERG-дің 15-тен астам кәсіпорны ТБКБ мамандарына өздеріндегі бос орындардан қызмет ұсынды

27.08.2020

Арқалық қаласы мен ERG-дің 15-тен астам кәсіпорны ТБКБ мамандарына өздеріндегі бос орындардан қызмет ұсынды

Арқалықта Торғай боксит кен басқармасының (ТБКБ) қызметкерлеріне арналған алғашқы бос орындар жәрмеңкесі өтті. «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның бұл филиалы келешекте қызметін толық тоқтатады. ERG келешекте қызметтен босайтын мамандарын еңбекпен қамтуды көздеген бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырады. Бүгінгі жәрмеңкеде Топ ТБКБ мамандарына ERG кәсіпорындарында босаған орындардан 400-ден астам қызмет ұсынды.  

Қазіргі таңда Торғай боксит кен басқармасының қызметі мәжбүрлі түрде тоқтаған. Шикізат өндірісі үш айға тоқтатылғаны туралы сәуір айында хабарланған болатын. Бұған пандемия салдары мен әлемдік металдар биржасындағы бағаның құлдырауы себеп.

Қазіргі таңда ТБКБ қызметкерлерінің саны - 500 адам. Соның 281-і кәсіпорынның тоқтауы салдарынан бос отырса,  36 адам кезекті еңбек демалысында.

Осы уақыт аралығында ТБКБ-да бұрын өндірілген боксит пен отқа төзімді сазды жөнелту, кәсіпорын активтерін сақтау мен филиалды қуатпен қамту, күзету шаралары атқарылып келді. Осылайша, кәсіпорынның қазіргі қызметіне 171 адам жұмылдырылған. 

«Қазақстан алюминийі» АҚ Торғай боксит кен басқармасының жұмысын кезең-кезеңімен 2023 жылға қарай толық тоқтатуға байланысты, Eurasian Resources Group жұмыстан босайтын қызметкерлерді еңбекпен қамтудың кешенді бағдарламасын әзірлеген. «Атамкен» ҰКП-мен бірлесе арнайы сараптама жүргізіп, өз кәсібін ашып, ісін ілгерілетіп кетуге ниетті қызметкерлердің тізімі жасалған. Кейін олар оқытылып, кәсіпкерлік негіздерін меңгерді.

Тек тамыз айында 13 маман Краснооктябрь боксит кен басқармасына жұмыс ауыстырды. Енді олар вахталық әдіспен еңбек етіп жүр. Тағы 21 адам ERG құрамындағы келесі кәсіпорын ССКӨБ-ке қызмет ауыстырған. Қос маман қазір Еуразиялық Топ құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ-да еңбек етіп жатыр. Осы орайда, Торғай боксит кен басқармасының мамандары қызмет ауыстыруға келіскен жағдайда, Топтың кейбір кәсіпорындары ERG-дің тұрғын үй бағдарламасы аясында баспана беруге де әзір екенін атап айтқан жөн. ТБКБ негізінде құрылған «ARQALYQREMSERVIC» ЖШС де жоспарлы қызметін жалғастыра бермек.

Бүгін ТБКБ-ның келешекте қызметтен босайтын мамандарымен кезекті кездесу өтті. Бос орындар жәрмеңкесіне 300-ге жуық адам қатысты. Еуразиялық Топтың HR-блогы мен өзге де компаниялардың өкілдері бүгінде бар ваканциялар, оларға қызмет ауыстыру шарттары туралы кеңінен баяндап берді.

- Әріптестерімізге 400-ден астам ваканция ұсынылды, - деді «Еуразияық Топ» ЖШС персоналды басқару департаментінің директоры Ақсырға Ермұханова. - Бұл тек ЕRG тарапынан ұсынылғаны. Түрлі мамандықтар бойынша қызмет ұсынып отырмыз. Өйткені олар компания ішінде жұмыс ауыстырудан бөлек, қайта оқып, өзге мамандықтарды да меңгеріп алуларына болады. Біліктіліктерін арттыруға да мүмкіндік бар. Өз ісін бастауға ниетті қызметкрелерге бизнестің негіздерін оқуға да жәрдемдесуге даярмыз. Бұл бағыттағы жарқын мысалдың бірі – «ARQALYQREMSERVIC» ЖШС. Компанияны ТБКБ бұрынғы қызметкері Виктор Суровцев құрған. Біз өзге әріптестеріміздің қолынан мұндай іс келеріне нық сенімдіміз.

Қазіргі таңда Павлодардағы кәсіпорындарға жеткізілетін бокситтегі Торғай кен басқармасының үлесі небары 3,4% межесінде. Павлодар алюминий зауытының толыққанды жұмысын бәсеңдетпеу үшін оның қоймасы Краснооктрябрь боксит кен басқармасынан жеткізілетін кенмен толықтырылады.

- Бұл кеніштен шикізат өндіру тоқтатылатыны бірнеше жыл бұрын айтылған, - деді ТБКБ директоры Манарбек Нұрмаған. – Геологтардың болжамы бойынша торғайлық боксит қоры тіптен 2016 жылы түгесілуі тиіс еді. Кеніштің қызметін тоқтатпау үшін компания өндірістің жылдық мөлшерін бәсеңдетті. Алайда, бұл кеніш жабылмайды деген сөз емес қой. Кеніш жұмыс істеп тұрған кезде атқарылған іс аз емес. Бір кездері Павлодар алюминий зауытының тың тарихын қалыптастырған өндіріс жайлы әңгіме басқа. Тек соңғы төрт жылда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына 100 млн теңгеден астам қаражат бағытталды.
            Осы орайда, ТБКБ мамандары өздері ұсынған Ашыт пен Үштөбе кенорындарын игерудің экономикалық тиімділігі уақытылы сараланғанын да айта кеткен жөн. Алайда, осы саладағы білікті де тәуелсіз құзырлы ұйымдардың сараптамасы оларды игеру мен ондағы өндіріс технкалық-экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін көрсетті. Үштөбе кен орнына қатысты деректер сонау 2013 жылы, ал Ашыт телімдерінің 7 және 15 учаскелеріне қатысты түпкі сараптамалар ақпан айында жарияланды. Яғни, аталған кеніштерді игеру тек шығынға ұшыратады.

Бас-аяғы 60 жылдан астам уақытта  1,5 млрд. м3 тау-кен массасы аршылып, 80 млн тоннадан астам боксит пен  20 млн тонна отқа төзімді саз алынды. Жабылу процесіне қатысты соңғы шешім қабылдаған соң компания тау-кен қызметі салдарының қоршаған ортаға әсерін азайту қамына кіріседі. Соның ішінде үйінділерді техникалық және биологиялық қалпына келтіру.