Назад

Рудныйда жылу мен ыстық су тарифтері өзгеріссіз қалады

05.01.2020

Рудныйда жылу мен ыстық су тарифтері өзгеріссіз қалады

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ жеткізетін жылу энергиясы мен ыстық су тарифтері 2019 жылғы деңгейде қалады. Рудный қаласы мен Қашар кентінтегі жылу тарифтері көптеген жылдар бойы тиімсіз болғанына қарамастан, бірлестік аймақ тұрғындарына қолдау көрсетуді жалғастырады.

Рудный қаласы мен Қашар кентін жылумен қамтамасыз ететін «ССКӨБ» АҚ 76 пайызға дейін өсімі көзделген тарифтерді бекітілген деңгейге көтермеу туралы шешім қабылдады. Бірлестік жаңа 2020 жылы беретін жылу және ыстық су тарифтері барлық тұтынушылар – тұрғындар мен заңды тұлғалар үшін 2019 жылдың деңгейінде қалады.

– Рудный қаласы мен Қашар кентінің тұрғындарына тарифтердің өсуі қаупі төнбейді, – деп сендірді «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев. – Әлеуметтік жауапты кәсіпорын ретінде біз жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және жеткізуге байланысты қызметтер үшін төлем мөлшерін 2019 жылдың деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдадық. Бір миллиард теңгеден асатын баға айырмашылығын ССКӨБ өз мойнына алады.

Еске салсақ, жылумен жабдықтаушы кәсіпорынның қызметі тиімсіз саналады. Соңғы 5 жылдың өзінде келтірілген шығын шамамен 5 млрд теңгені құрады. Жылу электр орталығында жөндеу науқанын өткізуге қомақты қаражат жұмсалуда. Биыл 4 млрд теңге бөлінді, ал 2014-2018 жылдары шамамен 13 млрд теңге игерілді.

Жыл сайын Eurasian Resources Group (ERG) мен Қостанай облысының әкімдігі арасында жасалған әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес, бірлестік өз қаражаты есебінен Рудный мен Қашарды орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге, оларды тарифтер арқылы қайтармай-ақ қолдау үшін қомақты қаражатты бағыттайды.