Назад

Eurasian Resources Group үздік жеткізушілерін марапаттады

13.12.2019

Eurasian Resources Group үздік жеткізушілерін марапаттады

12 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда алғашқы ERG Supplier Award марапатын табыстау салтанаты өтті. Халықаралық өнеркәсіптік топтың мәртебелі марапатты өндіріске қажетті жабдық шығарушы қазақстандық және халықаралық компаниялар, қызмет көрсетушілер мен қаржылық серіктестер иеленді.

Салтанатқа Еуразиялық Топтың серіктестері, жеткізушілері мен оған қызмет көрсетуші компаниялардың өкілдері шақырылған. Қазіргі таңда ERG қазақстандық 2 мыңнан астам кәсіпорын, қаржылық сала мен өзге бағыттарда еңбек ететін жүздеген жетекші халықаралық компаниялармен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Марапат тағайындап, тапсыру туралы Еуразиялық Топтың тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы орталықтандырылған операторы – «ERG Коммерция орталығы» бастама көтерген. 2016 жылы құрылған серіктестік сатып алулар, ERG кәсіпорындары өнімдерін сату мен Топтың Қазақстандағы инвестициялық жобаларын жүзеге асыру сынды үш бағыт бойынша операциондық тиімділікті арттыру бағытында қызмет етеді.

Жылдың басында жарияланған байқау бүгін қорытындыланып, жеңімпаздар анықталған. Байқауға қатысу үшін үміткер ERG-дің Коммерция орталығы өткізген кез келген сауданың бірінде жеңіске жетуі тиіс болатын.

– Бұл марапат  – ұзақмерзімді бизнес құрудың алғы шарты болатын сапа, сенімділік, принципке адалдықты жоғары бағалаудың белгісі, – деді жиналғандарға ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. – Сондықтан бүгін өкілдері осында отырған компаниялардың болашағы жарқын екеніне сенімім кәміл. Әрі осы жарқын болашақта біздің арамызда қалыптасқан сенімге негізделген серіктестік өзгеріссіз қалса деген үміттемін.

Топтың төмендегі ірі серіктестері марапат алды:

Қазақстан даму банкі ­– «Ұлттық қаржылық серіктес» атанды;

Сбербанк – «Стратегиялық қаржылық серіктес» атанды;

Банк ВТБ – «Инновациялы қаржылық серіктес»;

«Магнитогорский Металлургический Комбинат» ЖАҚ – «Стратегиялық серіктес» деп танылды.

Қазақстандық өндірушілер жеке аталымда марапатталды.

– ERG-дің жыл сайынғы сатып алуларының мөлшері 2,5 миллиард долларға жуықтайды. Осы орайда біз сатып алынатын әрбір төртінші тауар қазақстандық өнім екенін мақтан тұтамыз, – деді ERG Коммерция орталығының Бас директоры Ильмир Масгутов.

2013-2018 жылдар аралығында ERG жергілікті жеткізушілерден 1,5 триллион теңгенің өнімі мен қызметтерін сатып алған. Нәтижесінде бұл Қазақстанның әр қиырындағы 5 500-ден астам компанияны қолдауға сеп болды. Осы орайда, Ильмир Масгутов ERG-дің өндірістік өнімі халықаралық нарықтарға жөнелтілетін болғандықтан Коммерция орталығы отандық компаниялардан сатып алынатын тауардың сапасына қатаң талаптар қоятынын атап айтты.

Отандық үздік жеткізуші деп танылған  «Казэнергокабель» АҚ мен «НПО Казгеомаш» ЖШС-на марапатты Қазақстанның тау-кен және металлургия кәсiпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец тапсырды.

«Мінсіз сервис» аталымында техникаға қосымша бөлшектер жеткізумен айналысатын  «Профессионал» АҚБ марапатталды.

Тоғыз аталым бойынша дара шыққан кәсіпорын өкілдері  Еуразиялық Топтың Бақылаушы кеңесінің төрағасы Алдияр Қазтаевтың, «Еуразиялық Топ» ЖШС Басқарма төрағасы Серік Шахажанов пен  ERG Коммерция орталығының Бас директоры Ильмир Масгутовтың қолынан марапат алды.

 «Жеке қорғаныш құралдары» – «ПО Глобал-спецодежда» ЖШС;

«Кәсіби қызметтер» – «Оңтүстік шахта құрылыс» ЖШС;

«Ірі габараитті көлік шиналар» – «KAZ T-Rema International» ЖШС;

«Құрылыс-монтаж жұмыстары» – «Стальмонтаж» фирмасы ЖШС;

«Отқа төзімді өнімдер» – «Группа Магнезит» АҚБ;

«Энергетикалық жабдықтар» – «Турбоатом» АҚ;

«Ұсатып-уатушы жабдықтар» – «Уральский завод тяжелого машиностроения – Картэкс» ЖАҚ;

«Сүзгі жабдықтары» – «Remark-Kayser SP. Z O.O.»;

«Кокс пен өзге де коксохимия өнімдері» – «Кокс» ЖАҚ;

«Металилемдеу мен құбыр өнімдері» – «АрселорМиттал Темиртау» АҚ.

«ERG Supplier Award» жеңімпаздары жүлдеден бөлек, нарықта өз брендін ілгерілету ісінде қолдау табады.