Назад

Astana Hub-та жасанды интеллекті өнеркәсіпте қолдану ісі талқыланды

22.08.2019

Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы Business and Technology Services  компаниясының ұйымдастырумен Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркі алаңында «бүгінгі өнеркәсіптегі жасанды интеллект» тақырыбында meet-up өтті. Осыдан 10 жыл бұрын құрылған BTS Қазақстандағы ең ауқымды SAP бағдарламасын енгізумен танылған. Бүгінде компания тың басым бағыттарға – өнеркәсіптік жасанды интеллект, роботтау мен автоматтандыру, ауқымды мәліметтерді талдауға ден қоймақ.

Мұндай сипаттағы алғашқы шараға Өнеркәсіптік жасанды интеллект басқармасының мамандары қатысты.

BTS-тегі Өнеркәсіптік жасанды интеллект басқармасының жетекшісі Дмитрий Карбасов өндірістік компанияларда осы жасанды интеллект технологияларын қолданудағы қазіргі трендтер, экономиканың басқа секторларынан оның басты ерекшеліктері, өнеркәсіпте сарапшыларға қойылатын талаптар туралы кеңінен баяндап берді.

BTS-тегі Өнеркәсіптік жасанды интеллект басқармасының жобалар менеджері Данияр Жүсіпбаев қазір жүзеге асырылып жатқан жобалар мен Топта жасанды интеллекті пайдалана отырып қолға алынған бастамаларды таныстырды.

Өнеркәсіптік жасанды интеллект басқармасының мәліметтерді талдау жөніндегі менеджері Роман Троцюк Еуразиялық Топта мәліметтерді жинақтауға ерекше көңіл бөлінетініне тоқталды. Өйткені банк пен телекоммуникация нарығынмен салыстырар болсақ, өнеркәсіп индустриясындағы цифрландыру деңгейі әлдеқайда төмен. Әрі өндірістік кәсіпорындар жасанды интеллекті пайдалануға қажетті инфрақұрылым қалыптастырмаған.

– Бизнестегі жасанды интелект пайдаланылатын жобаларда біз жиналған мәліметтер сапасының төмендігіне тап болып отырмыз, – деді Роман Троцюк. – Тіпті ең дәл делінген датчиктердің өзі кейде қателесіп, жансақ мәлімет беріп жатады. Мәліметтерді тазарту мен өңдеудің жақсы дағдылары керек. Оның үстіне мәліметтер жұтаң сипатталған. Сол себепті технологиялық процесс пен мәліметтерді түсіну үшін кәсіпорынға баруға тура келеді.

Кездесу соңында компания өкілдері қазір кеңінен қолданылып жатқан алгоритм түрлерін көрсетіп, шараға қатысушыларды әріптестікке шақырды.

Келешекте мұндай meet-up-тар тұрақты ұйымдастырылмақ. Келесі кездесу қыркүйекте өтіп, онда өндірісте RPA – технологияларын пайдалануға арналады.

 2020 жылы BTS компаниясының жетекші ІТ басқармалары осындай 4 кездесу ұйымдастыруды көздеп отыр.